2023 жылы Америкада Қазақстанда туғандар саны 50 833 адам (Census дерегі). Этникалық қазақтар саны – 19 000 адам. Бұл тек ресми көрсеткіш, бейресми көрсеткіштерге сүйенсек Америкадағы қазақтың саны 100 мыңнан асып кеткен, бірақ нақты санын айту қиын. Қазақтар ең көп тұратын штаттар – Калифорния, Нью-Йорк, Флорида, Техас. Олар IT, медицина, инженерия, сервис, логистика салаларында жұмыс істейді.
Калифорнияда үш жылдан бері тұратын жерлесіміз Мақпал Сержанқызы Америкадағы бүгінгі өмірдің бұрынғыдай еместігін айтады. Бұрын Қазақстанда «Qazaqstan», «Хабар», «24KZ» телеарналарында тілші әрі тележүргізуші болған Мақпал бүгін АҚШ-та білімін жалғастырып, медиа саласында тәжірибе жинап жүр. Оның сөзінше, қымбатшылық Америкадағы өмірді айтарлықтай қиындатқан.
«Пәтер жалдау ақысының өсуі, азық-түліктің қымбаттауы, медициналық сақтандырудың артуы – бәрі Америкадағы жайлы өмірді бұрынғыдан күрделендіріп жіберді. Бір кезде орта тап үшін қолжетімді болған штаттар – Калифорния, Нью-Йорк, Вашингтон – бүгінде өте қымбат өңірлерге айналды», – дейді ол.
Қазақтардың өзара әңгімесінде де өзгерістер жиі айтылады екен.

«Бұрын «екі жұмыс істесең жеткілікті» дейтін американдық стандарт қазір басқаша. Көп отбасылар бірнеше табыс көзін қатар ұстап, қашықтан жұмыс істеуге, қосымша кәсіп ашуға көшкен. Экономикалық және саяси өзгерістер, қымбатшылық халыққа бұрынғыдан ауыр сезіліп жатыр», – дейді Мақпал.
Айтуынша, 2020 жылдан кейінгі кезең АҚШ экономикасын түбегейлі өзгерткен. Пандемиядан кейінгі инфляция, тұрғын үй бағасының шарықтауы, жалақы мен өмір сүру құны арасындағы алшақтық халыққа айтарлықтай әсер еткен. Бір кезде орта тапқа қолжетімді болған Калифорния, Нью-Йорк, Вашингтон штаттары бүгінде ең қымбат аймақтарға айналды. Мақпал тек баға емес, қауіпсіздік жағдайының да өзгергенін айтады.
«Соңғы жылдары АҚШ қалаларында қылмыс деңгейі өсті. Сан-Франциско, Лос-Анжелес, Чикаго, Нью-Йорк – ұрлық пен қоғамдық тәртіпсіздік жиілеген қалалар. Пандемиядан кейінгі әлеуметтік қысым, тұрақсыздық, жұмыссыздық мен психологиялық күйзеліс осының бәріне себеп болды. Қазір үйсіздер саны – АҚШ тарихындағы ең жоғарғы деңгейде», – дейді ол.
Алайда Мақпал тұрып жатқан Сан-Диего қаласы – салыстырмалы түрде қауіпсіз аймақ.
«Сан-Диего – Калифорниядағы ең қауіпсіз қалалардың бірі. Мұнда қылмыс деңгейі басқа қалалармен салыстырғанда төмен. Сол себепті таңдауым осы жерге түсті», – дейді ол.
Көп штаттарда қылмыс деңгейі жоғары десек те, қазір АҚШтағы жаңа президент Дональд Трамп елдегі жағдайды оңалтуға кірісті. Ол 2025 жылдан бастап заңсыз жүрген әрі қылмыс жасаған қауіпті мигранттарды депортациаялауды бастады.

«Трамп әкімшілігі биыл қыркүйектің аяғында 2 миллион шетел азаматы елден шығарылғанын мәлімдеді. Жалпы, көші-қон саясаты қиындады. Виза алу мәселесі күрделенді. Жаңа басшының саясаты қазақ студенттеріне және жалпы осында келем деген қазақтарға да әсер етуде. Қазір мәселен студенттерге виза алу қиындай түсті. Тіпті, Bolashak бағдарламасымен оқуға түсіп, виза ала алмай қалған қазақтар бар. Немесе студенттің өзіне ғана беріп, отбасына виза бермеген оқиғалар көп. Бұрын виза алу жеңілдеу болатын», – дейді жерлесіміз.
Мақпал Америкадағы еңбек нарығының да өзгергенін байқаған.
«Америка – технология мен инновация орталығы. Бірақ дәл осы даму еңбек нарығын бұрынғыдан қиындатып отыр. Автоматизация, қашықтан жұмыс – бәрі бәсекені күшейтті. Енді бір жұмысқа жүздеген емес, мыңдаған адам таласады», – дейді ол.
АҚШ-тағы қазақтардың да жағдайы әртүрлі. Олардың көбі нәпақа табу немесе материалдық жағдайын жақсарту мақсатымен келеді. Бірі өзін, баласын оқыту үшін, бірі қарызынан құтылу үшін, бірі жақсы өмір үшін. Бірақ көпшілігі ұзақ уақытқа қалып қоюды жоспарламайды.
«Менің ортамдағы қазақтың көбі жағдайын түзеп, ертелі-кеш елге оралуды ойлайды. Мұнда түбегейлі қалғысы келмейді. Қанша дегенмен, басқа менталитет, басқа мәдениет», – дейді ол.
Айтуынша, Америкаға тек арман қуып келудің қажеті жоқ, бұл елге 24/7 жұмыс істеуге дайын болып келу керек.
«Америка әлі де мүмкіндіктер елі. Бірақ қазіргі Америка – бұрынғыдан өзгеше. Бұл жерде табысқа жету үшін бұрынғыдан да көп күш, білім, бейімделу қажет. 2–3 жұмыспен күн көру – жаңа қалыпты құбылыс. Бұл елде тек армандау жеткіліксіз – үздіксіз даму, бейімделу, қаржылай сауат пен жаңа заманға сай қабілеттер қажет», – дейді журналист.
Мақпал отандастарымыз елді қатты сағынатынын жасырмайды. Олар мүмкіндік болса елге жиі барып тұруды көздейтінін айтты.
«Жаңа қазақтар АҚШ-қа мүмкіндіктер елі деп өсіп, дамып, оқып, кәсібилігін жетілдіру үшін келеді. Бірақ бәрінің түпкі мақсаты – қазығын елде қағу, балаларының тәуелсіз отанда өсуі. Әрине алпауыт мемлекеттен үйренеріміз мол. Алайда, қазақ қай жерде жүрсе де өз туған топырағын ұмытпайды. Туған жердің түтіні де тәтті ғой», – деп түйіндеді Мақпал Сержанқызы.