Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бастамасымен 9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай Maqsut Narikbayev University-де Академиялық адалдық лигасының «Адал білім – адал ұрпақ» атты республикалық форумы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Форумға Агенттік төрағасы Д.Жазықбай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, MNU Басқарма төрағасы Т.Нәрікбаев және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Сондай-ақ басқосуға орта білім беру ұйымдарының өкілдері, сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік органдардан 300-ден астам адам жиналды.
Шара барысында білім берудегі академиялық адалдықты қамтамасыз ету тақырыбында қызу талқылаулар өтті.
Мемлекет басшысы 2021 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жоғары оқу орындарында академиялық адалдықты бұзу деректеріне және жемқорлық көріністеріне жол берген жағдайда лицензиядан айыруға дейінгі қатаң жауапкершілік енгізуді тапсырған болатын.
Бүгінде еліміздің білім беру саласында Әдеп құндылықтарын қалыптастырып, сыбайлас жемқорлыққа немқұрайлы қарамауға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
Форумға қатысушылар білім беру саласындағы жүйелі жұмыстар еліміздің болашақтағы тұрақты дамуының кепілдігі екенін баса айтты.
«Халқымызда «не ексең соны орасың» деген ұлағатты сөз бар. Бүгінде біздің әрбір ісіміз ертеңгі қоғамның қандай болатынын анықтайды. Біз қазір білім беру жүйесінде өскелең ұрпаққа қандай құндылықтарды сіңірсек, ертеңгі күні соның жемісін көреміз. Адал ұрпақ тәрбиелесек, адал қоғам құрамыз. Академиялық адалдық осындай дұрыс бағыт-бағдарды көздейтін ұтымды ұстаным», – деді Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай.
Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері және Академиялық адалдық лигасы арасында білім беруде академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар меморандумды іске асырудың 2026-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.