Жобаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының заң клиникалары қосылды. 
AMANAT: «Қарызсыз қоғам» жобасы ауқымды мемлекеттік бағдарламаға айналды
166
оқылды

«AMANAT» партиясында «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру барысы қорытындыланды. Үш жыл бұрын партия халықтың қаржылық сауатын арттыру және азаматтардың несие жүктемесін азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында барлық жауапты мемлекеттік органдардың, банктердің және өзге де қаржы ұйымдарының ресурсын бір арнаға тоғыстырды. Жоба тұтас ел аумағында жүзеге асырылды. Биыл 860 мыңға жуық ел азаматы оқудан өтіп, оларға кәсіби көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасының жүйелі жүзеге асуына аянбай атсалысқан барша азаматқа алғысын білдіріп, оның тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімді құралына айналғанын атап өтті.

«Бүгінде «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы қандай даму жолынан өткенін көріп отырмыз. Ол шағын ғана партиялық бастамадан ауқымды мемлекеттік бағдарламаға айналды. Президенттің, халықтың қолдауына ие болды. Бұл жоба – түрлі жағдайға тап болған адамдарға көрсетілген нақты көмек. Өйткені, шешімін тапқан әр мәселенің артында мыңдаған адамның тағдыры тұр. Ең бастысы, азаматтардың үміті оянып, сенімі нығаюда. Жоба сонысымен құнды», – деді Ерлан Қошанов.

Партия Төрағасы бүгінде «Қарызсыз қоғам» жобасы ауқымды пікірлестер тобын біріктіріп, бұл қадам азаматтарға кешенді көмек көрсетудің тұтас экожүйесін құруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ олар онлайн режимде де жұмыс істейді. Партия базасында республикалық колл-орталық іске қосылып, онда күн сайын 180 заңгер 5 мыңға жуық өтініш қабылдауда. Бұған қоса, qogamfin.kz цифрлық платформасы құрылып, WhatsApp және Telegram-да AI-боттар жұмыс істеуде. Биылдан бастап ауылдық жерлерде шалғай елді мекендердегі азаматтармен тікелей кездесу өткізетін мобильді топтар жұмыс істей бастады.

Жоба қызметкерлері азаматтарға алғашқы өтініш берген сәттен бастап, олар қиын жағдайдан толық шыққанға дейін қолдау көрсетеді. Олар заңгерлік кеңес береді, психологиялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ шоттар мен мүліктерді бұғаттан шығаруға, қарыздарды қайта құрылымдауға, берешек бойынша төлем жасаудың қолайлы кестесін құруға, жаңа дағдыларды үйретуге көмектеседі. Бұл шаралар мыңдаған қазақстандық отбасының дағдарыстан шығып, өмірді қайта бастауына мүмкіндік берді.

«Қарызсыз қоғам» жобасы белсенді дамып келеді. Биыл Яндекс, Найми.кз және өзге де цифрлық платформалармен серіктестік орнатылды. Такси жүргізушілерінің, жеткізу қызметі мамандарының құқығы мен мүддесін қорғау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінде жобаға платформа арқылы жұмыспен қамтылып, шоттары бұғатталған және өзге де күрделі мәселелерге тап болған 95 мыңға жуық азамат жүгінді.

Жобаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының заң клиникалары қосылды. Жоғары курс студенттері оқытушылардың жетекшілігімен азаматтарға кеңес беріп, құжаттар әзірлеуге көмектеседі және күрделі жағдайларды талдайды. Кейбір өңірлерде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылық курсынан өткен азаматтар жұмысқа орналастырылуда.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары борыштық мәселелер туындамай тұрып, оны алдын алу бағытында жүйелі құқықтық шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Осылайша Президент тапсырмасына сәйкес, қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығының қорғалуын күшейтетін бірқатар заң қабылданды. Олардың қатарында – берешекті өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салу, банктен қарыз алу үшін жұбайының немесе зайыбының келісімін алу талабы, несиеден бас тартуға мүмкіндік беретін 24 сағаттық «суыту мерзімі» және өзге де нормалар бар.

Жуырда Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы жаңа заң қабылдады. Оған сәйкес, банктер азаматтардың бір мезгілде бірнеше несие рәсімдеу мүмкіндігін шектеп, оның шарттарын толық түсіндіруге тиіс. Сонымен қатар проблемалық берешектерді соттан тыс реттеу құралдарын кеңейту жұмысы жалғасуда және қарызды коллекторларға сатуға тыйым салатын мораторий мерзімі ұзартылды.

Іс-шара барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қарызсыз қоғам» жобасы Үкімет пен «AMANAT» партиясының бірлескен жоспарлы жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Бүгінде ол азаматтарға қаржылық сауаттылықты арттырудан бастап, берешекті тәжірибе жүзінде реттеуге дейінгі кешенді қолдау көрсетеді. Оның айтуынша, жол картасы, цифрлық сервистер және жаңартылған заңнама арқылы отбасылардың қарыз жүктемесін азайтуға және қаржылық тұрақтылығын күшейтуге нақты жағдай жасалып отыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Қарызсыз қоғам» жобасы несие берешегі мәселесін жүйелі түрде шешудің нақты құралына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының қолдауымен және қаржы ұйымдарының белсенді қатысуымен жоба нақты нәтижелерге қол жеткізіп, азаматтарды қорғаудың тиімді моделін қалыптастырды.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, «Қарызсыз қоғам» жобасының амбассадоры, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та өз пікірлерін білдірді.

Сонымен қатар іс-шараға бейнеконференцбайланыс режимі арқылы барлық өңір мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, менторлар, заң клиникалары, өңірлік үйлестірушілер және жобаға атсалысып жүрген азаматтар қатысты.

Кездесу соңында «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушыларына, серіктестері мен сарапшыларына партиялық марапаттар мен алғыс хаттар табыстау салтанаты өтті.