Адам баласы амандық пен тыныштықта жүрген кезде мұндай сұраққа еш ойланбастан: «Әрине, өмірді таңдаймын!» деп жауап беруі заңды. Алайда өмір жолында кездесетін түрлі сын-қатерлер, зиянды әдеттер мен теріс ықпалдар кей жандарды адастырып, өкінішке әкелетін қадамдарға итермелейді. Мұндай жағдайлар адамның ғана емес, оның отбасының да тағдырына ауыр салмақ түсіреді. Сондықтан бүгінгі жастарды дұрыс бағытқа шақыру, өмірдің құндылығын сезіндіру – қоғам үшін ерекше маңызды.
Осы тұста Маңғыстауда жастарға арналған «Таңдау: Өмір ме, өкініш пе?» атты көркемсурет байқауы өтті.
Өмір – бір ғана мүмкіндік. Оның бағдары – біздің таңдауларымыздың нәтижесі. Байқау дәл осы түсінікті, жастардың шығармашылығы арқылы жеткізуге бағытталды.
«Жастар рухы» ЖҚ ұйымдастырған шараға 40-тан астам оқушы мен студент қатысып, өз туындыларында жарық болашақ пен адастырар жолдың айырмасын көркем тілмен, образды түрде бейнеледі. Байқауда Гүлмаржан Ысқақ, Мадина Байғали, Маңғыстау энергетикалық колледжінің ЭҚ-1/25 тобы үздік атанды. Сонымен қатар қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленген төрт үздік суретшіге арнайы сый-сияпаттар табысталды. Іс-шараны 750-ге жуық көрермен тамашалап, жас суретшілердің ой-тұжырымын, талғамын және шеберлігін жоғары бағалады. Іс-шара аясында «Қадам» театрының жетекшісі Гүлмайса Шаңбаева бастаған әртістер «Ананың ақ сүті» атты драмалық қойылымды ұсынды.
Қойылымда ата-анаға ізет көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас буынның дұрыс бағыт таңдай алуы және қоғамда кездесетін кері ықпалдардан сақтану мәселелері көркем түрде өрнектелді. Оқиға желісі көрерменді терең ойға жетелеп, аналық мейірімнің өмірдегі ерекше орнын айқын көрсетті.
Сахна шеберлері өз бейнелерін нанымды сомдап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қойылым аяқталған соң көрермендер алғыс айтып, шығарманың көңілдеріне ерекше әсер қалдырғанын атап өтті. Бұл көрсетілім жас ұрпақ тәрбиесінде осындай тағылымды іс-шаралардың маңызы зор екенін тағы бір рет дәлелдеді.