Қыс мезгілінде Астана ертегідегідей күйге еніп, сақылдаған сары аяз бен қарлы боран құрсауында ерекше сұлулана түседі.
Ел алғысын арқалап...
160
оқылды

Дегенмен қаладағы қаһарлы қыс – коммуналдық қызмет үшін нағыз сынақ. Төпелеп жауған қалың қар, шыңылтыр аяз кейде қала халқын да әбіржітіп жіберетіні бар. Қарбаласы көп қалада ауа райының нашарлауына қарамастан, тұрғындардың жайлы, сапалы өмірін қамтамасыз етуде елордалық коммуналдық қызметтің еңбегі ерен. Қыс бойы уақытпен санаспай, күшейтілген ауысымдық режимде жұмыс істейді.

Әсіресе, жолды тазалаушы қызметкерлер таңғы сағат 6-дан бастап жұмысқа шығады да, бірінші ауысымда 500-ден астам жұмысшы, 8-ден бастап екінші ауысымда 400-ден астам арнайы техника көшелерді тазалауға кіріседі. Олар күн сайын қаладан мыңдаған текше метр қар мен мұз шығарады. Мә­селен, 9-ынан 10 желтоқсанға қараған түнде елордадан 786 рейспен 10 мың текше метр қар шығарылса, 10 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар таза­лау жұ­мысы­на 2,7 мыңнан астам жол жұмыс­шысы және 1,1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Ал қыс мезгілінің басынан бері қаладан 74 120 рейспен 941 мың текше метр қар шығарылған. Жалпы, «Астана Таза­лық» санитарлық тазалау қызметі Астана қа­ла­сы көшелерінің 40 пайызын қамтамасыз етеді.

Қала көшелеріндегі мұндай тынымсыз еңбектің артында «Астана Тазалық» мекемесі қыз­меткерлерінің қажырлы мен қайраты, жұ­мыстағы «жұдырықтай жұмылған» ынтымағы тұрғаны анық. Олар қаланы жазда қоқыстан, қыста омбы қардан опыра тазартуға білек сы­бана кіріседі. Қаланың маңызды деп сана­ла­тын даңғылдары мен көшелері, алаңдар мен жаяу жүр­гіншілері жолдарын тазалауға «Астана Тазалық» мекемесінің санитарлық тазалау учаскесінің жол жұмысшысы Марал Күлпей­сованың да сіңірген еңбегі бар. Көп жылдар бойы қаланың санитарлық тазалығын қамта­масыз ету ісіне мен елорданың таза әрі көркем бейнесін қалыптастыруға сүбелі үлес қосып келеді. Ол бүгінде адал еңбек пен табанды жауап­кершілігінің арқасында беделі өсіп, ұжым­да үлкен құрметке ие болып отыр. 13 жыл бойғы қажырлы еңбек Марал Айт­бай­қызының қадірін арттырды, еңбегі әділ баға­ланды. Биыл­ғы Жұмысшы мамандықтар жылы ая­сында М.Күлпейсованың кәсіби жауапкершілігі Астана қаласы әкімінің назарына ілігіп, Рес­пуб­лика күні қарсаңында қала басшысының алғысхатымен марапатталды. 

Марал Айтбайқызы ұзақ жылдар бойы еткен еңбек пен төккен тердің жоғары бағаланып, марапат иесі бол­ған сәттегі қуанышын ерекше толқыныспен еске алып:

– Бала арманым актриса болу еді. Бірақ мен сияқты қаладан жырақ ауыл баласы үшін ол арманым тәтті қиял күйінде қалып қойды. Бірақ екшқашан өкін­ген емеспін. Қандай жұмыс істесем де адалдыққа, жауапкершілікке, еңбекке құштар болдым. Ұзақ жыл­дар бойы еткен еңбек, төккен тердің жоғары баға­лан­ғанын көріп, қатты қуандым. Ұжымым қол­дап, әріп­тестерім әспеттеп жатты. Үлкен мін­берде марапат алуым, өзіме, еңбегіме деген құрметімді арттырды, ризашылық сыйлады. Барлығына алғысым шексіз. Жастарға еңбекте адал, ұқыпты болыңдар, жалқау болмаңдар дегім келеді, – деді ол.  

«Еңбек – ер мұраты» дейді емес пе халқы­мыз. Еңбекпен есейіп, еліне қалтқысыз қыз­мет еткен Ма­рал Айтбайқызы – отбасының ұйытқысы, шаң­ырақ­тың жылуы, аяулы ана, ардақты әже! Елдің алғысын арқалап, құрмет­ке бөленіп жүрсе де әр кез кішіпейіл, мейірімді қалпын сақтаған ананың айтары көп.  

– Алғаш еңбек жолымды балабақшада тәр­биеші болып бастадым. Кейін емханада жұ­мыс істедім. 2009-2012 жылдары «Астана-Зеленстрой» мекемесінде, 2012 жылдан бастап «Астана Тазалықта» жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымда жақсы адамдарға жолықтым. Мен үшін әріптестеріммен шүйіркелесіп, шай ішкен, ашық жарқын сырласқан сәттер қымбат. Ұжымдағы бірге өткізген кездерді, ме­ре­келерді, туған күндерді ерекше еске ала­мын. Адамның бақытты сәттерінің көп болуы өзіне байланысты. Әр атқан күн мен батқан күннің қадірін білуіміз, бағалай білуіміз керек деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз. 

«Еңбек ерді көтерер, ер елді көтерер» дей­тін болсақ, Марал Айтбайқызы да еңбегімен еліне елеулі болған жан екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген еді.

Әрбір адамның қиындығы мен қызығы мол еңбек жолында үздіксіз ізденіс, табанды­лық пен жауап­кер­шілік бары рас. Ал табан ақы, маңдай тердің өтеуі алғыспен астасып, құр­меттеліп жатса, еңбек адамы үшін одан асқан рақат жоқ та шығар...

Тілек ҚАБЫЛ