Жекеменшік мектептердің барлығы жаңа цифрлық жүйеге толық көшіп, мемлекеттік қаржыландырудың барлық тетігі бір терезе бірыңғай сервисімен реттелетін болады. Бұл – қазына қаражатының әр тиынын бақылауды күшейтетін, сонымен бірге саланың ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Қаржы министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі осы өзгерістерді түсіндіру мақсатында жекеменшік мектептердің басшыларымен кездесулер өткізіп, жаңа жүйенің талаптары мен тәртібін талқылап жатыр. Биыл көрсетілген қызметтер үшін төлем толық жасалатыны мәлім. Алайда Үкімет хабарламасында 2026 жылдың қаңтарынан бастап барлық қызмет «жаңа ақпараттық жүйе арқылы қатаң бақылауда» болатыны атап өтілді.
Жоспар бойынша бұл сервиске мемлекеттік тапсырыс, гранттар, стипендиялар, жатақханаға орналастыру сияқты қаржыландырудың өзге де бағыттары кезең-кезеңімен қосылады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, жекеменшік білім беру саласында бұған дейінгі жылдары көптеген заңбұзушылық анықталған.
«Шындығында, мемлекет жоқ оқушылар үшін де ақша төлеген жағдайлар бар. Нарықта тұтас заңсыз индустрия пайда болған. Бұдан былай бірде-бір теңге жосықсыз қатысушылардың немесе шенеуніктердің қалтасына түспеуut тиіс», – деді Үкімет басшысы.
Анықталған бұзушылықтар аз емес. Жалған мұғалімдер, екі рет қаржыландыру фактілері, кірістерді жасыру, қызмет түрін дұрыс көрсетпеу, тағысын тағы. Мысалы, 745 мекеменің 155-і табысын жасырып, цифрландырылған 427 мектептің 30 пайызы құжатты дұрыс толтырмаған. Әсіресе, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында мектеп тойхана ретінде, ал Шымкентте сауда орталығы ретінде тіркелгені қоғамда үлкен резонанс тудырды. Басқа өңірлерде де оқушы санын негізсіз арттыру жағдайлары анықталды.
Түркістан облысында мемлекеттік тапсырыс алатын 157 жекеменшік мектеп бар. 2024-2025 оқу жылының соңына дейін олардың барлығы «Қаржы орталығы» АҚ арқылы қаржыландырылды. Талдау барысында Ұлттық білім беру дерекқорында бір мектепте тіркелген оқушылардың іс жүзінде басқа мектепте оқып жүргені анықталған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Осы олқылықтарды жою үшін жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Енді барлық төлем Қаржы министрлігінің e-Qazyna ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Түркістан облысындағы 157 мектеп құжаттарын порталға жүктеп, келісімшарттар жасасып үлгерген. Қызмет актілері рәсімделіп, мәліметтер расталған соң ғана төлем жүргізіледі. Бүгінде 110 мектепке қаражат аударылып, 25 мыңнан астам оқушы мен 4 мыңнан астам қызметкердің құжаттары бойынша төлем толық берілген. Енді қаржыландыру тек нақты оқитын балаға жасалады. Бұл – жаңа жүйенің басты талабы.
Алайда ел бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанда, Шымкенттегі жекеменшік мектептердің бірінде жағдай ушығып кетті. «Төрежан» мектебінің басшылығы ата-аналарға «1 қаңтардан бастап әр балаға айына 50 мың теңге төлеу керек» деген хабарлама жіберген. Тегін білім алып жүрген оқушылардың ата-анасы бұған ашулы.
«Жыл ортасында бізді қай мектеп қабылдайды? Айына 50 мың теңге төлеуге жағдайы жетпейтін отбасылар бар. Мұндай талап келісімде болмаған», – деп дабыл қақты олар.
Ал мектеп құрылтайшысы бұл жағдайды қаржыландырудың тоқтауымен байланыстырып отыр.
«Мемлекет бала басына ақша бөлуді доғарады, сондықтан ата-аналардың төлеміне сүйенуге мәжбүрміз», – дейді ол.
Алайда Білім басқармасы бұл ақпаратты теріске шығарып отыр. Мамандардың сөзінше, соңғы үш айда мектепке 24 миллион теңге аударылған. Жаңа жылдан кейін де оқушылар тегін білім алады.
Осылайша, жекеменшік мектептерге енгізіліп жатқан жаңа жүйе кейбір өңірлерде түсінбеушілік тудырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл үлкен реформа алдындағы алғашқы салдары ғана, ал нақты тәртіп пен толық цифрландыру енгізілген соң, салада айқындық орнайды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы