Енді травматология және ортопедияға арналған медициналық бұйымдарды өзімізде өндірудің мүмкіндігі туды. Бірлескен өндірістік алаң жоғары технологиялық медициналық өндірісті дамыту мақсатында «Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-мен әріптестік негізінде құрылып отыр.

Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми өндірістік орталығының бас директоры Ерсін Тұрсынханұлы Құрылыс-техникалық колледждің базасында ашылған ғылыми орталықтың өндірісі көп мүмкіндікке жол ашып отырғанын сөз етті.
– Бүгінде біз Қазақстан ғана емес, Орталық Азия бойынша тұңғыш рет травматология және ортопедия бағыты бойынша арнайы медициналық техника, медициналық өнімдерді шығара бастадық. Бұл – өндірістің ең күрделі деңгейі. Нақты айтсақ, ауруханалардағы ота жасау кезінде қажетті үстелге қоятын ортопедиялық тіркеме (приставка) адам жансақтау бөліміне түскенге дейінгі аралықта сынған сүйекті бекітуге көмектеседі. Яғни, адамның өмірін сақтап қалуға, тез сауығуына қажет құрал. Мәселен, пациенттің қол-аяғы не болмаса жамбасы сынған кезде арнайы құрылғы салынады. Біз соны да жасаймыз. Титаннан, арнайы медициналық стальдан шығарылады. Өте сапалы сүйектің үстінен қойылатын анатомиялық пластиналар, сынған сүйекті бекітетін бұрандалар (винт), қосымша тартатын стерженьдік механизм, – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерсін Жүнісов.

Оның айтуынша, өндіріс алаңының жұмыс істеп жатқанына 6 айдың жүзі болған. Сол аралықта 30 ортопедиялық тіркеме құрылғысы, екіншісі – сырттан құрсаудың 524-і шығарылған. Одан бөлек, медициналық өнімдер Еуропа мен Ресейдегі арнайы сынақтан өтіп, өздерінің жарамдылығы мен сапалығын растайтын сертификатты иеленген. Тіпті, алғашқы өнімдерін аудандық ауруханаға жібере бастаған.
– Бастысы – біз денсаулық саласына, яғни медицинаға аса қажетті өнімді өзімізде шығара бастадық. Әйтпесе, медициналық техниканың барлығы дерлік шетелден алынады. Мысалы, жоғарыда атап өткен ортопедиялық тіркеме құрылғысының құны 8 миллион теңгеден басталады. Ал өзімізден шығарғандағы бағасы – 3 миллион теңге. Бұл – біріншіден, экономикамызға үнем. Екіншіден, отандық өндірісті дамыта отырып, өз дәрігер-ғалымдардың ойлап шығарған құрылғыларын өндірісте шығаруға жол аштық. Үшіншіден, Құрылыс колледжбен меморандум арқылы өндірісіміз тәжірибелі мамандармен толысады. Себебі біз медициналық заттарды жасау үшін өндіріс орны заманауи әрі цифрлы технологияда жұмыс істейтін құрал-жабдықпен қамтылды, – дейді Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми өндірістік орталығының бас директоры Ерсін Тұрсынханұлы.

Кішкентай ғана өндіріс алаңы келешекте 5 мың шаршы аумақты қамтитын, бір ауысымда 200 адамның жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек. Бүгіннің өзінде травматология бағыты бойынша 25 адам жұмыс істеп жатыр.
– Қуаныштысы, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Міне, өзіміздің өнімді шығарып отырмыз. Осыдан асқан бақыт бар ма?! Екіжақты меморандум ең алдымен колледжге білім беру саласындағы дуалдық жүйені одан әрі дамуына ықпал етеді. Оның үстіне, өндіріс алаңы колледж ішінде жасақталуы бізге оңтайлы болып тұр. Осының арқасында оқушыларымыз арнайы бағдарламаларымен орнатылып, жабдықталған заманауи құрылғылармен жұмыс істеп жатыр. Бұйымды да шығарады, балаларды да оқытамыз. Біздің жеңісіміз – осы. Бізде дәнекерлеуші бар, енді металл жонушы (токарь) мамандығын ашып жатырмыз. Балаларымыз тәжірибеден өтіп қана қоймай, білікті маманға айналып, осы мекемеде жұмыс істеуге мүмкіндік алуы да мүмкін. Тіпті, осында жүріп табысын да тауып жатыр. Олардың жалақысы тапсырушының ақысынан төленеді, – деді «Құрылыс-техникалық колледжі» МКҚК директоры Серік Малгельдинов.

Оның айтуынша, қазір колледжде 648 студент білім алуда. Ал әзірге өндіріс орында 50 баладан жинақталған екі топ тәжірибеден өтіп жатыр.
Шара аясында Құрылыс-техникалық колледжі мен «Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл дегеніміз – колледж студенттеріне бірегей мүмкіндік беретін дуальды оқыту бағдарламасын іске асыруға, инновациялық технологияларды практикаға енгізуге, ғылыми жобаларды дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Осындай жаңа бастамаға қолдау білдіріп, ақжарма тілегін Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Серғазиев білдірді.
– Бүгінгі екіжақты меморандумның елімізге берері көп. Жастарымыздың білім алып ғана қоймай, тәжірибе жинап, білікті маман даярлаудың алды екенін көрсетті. Осындай бастамаларды көп болғаны дұрыс. Бұл – колледж ұжымының кәсіби-техникалық білім беру жүйесін дамытуға және елімізде жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудағы ұмтылыс. Өйткені студенттердің медициналық құрылғыларды жасауды сызбасынан бастап, жұмыстық толық процесіне араласатыны қуантты. Оған қоса, ертеңгі күні зауыт салынса, колледждің студенттері осында жұмыс істейтіні көңіл көншітеді. Жаңа бастамалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мәселен, жаңа мамандық ашу, оқу бағдарламасы қайта қаралып, халықаралық стандарттарға сай толықтырылу қажеттігі туындады, – деді Білім басқармасының басшысы Қасымхан Серғазиев.

Бүгінгі жиынға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК, Таlар КеАҚ өкілдері, елорданың ТжКББ ұйымдары мен медициналық колледждерінің басшылары да қатысты.