Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының 2025 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес еліміздің бірнеше өңірінде оқу-әдістемелік жиындар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚР ІІМ Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің ақпаратына сілтеме жасап.

Жаттығулар Астана, Көкшетау, Атырау, Қостанай және Ақтөбе қалаларының әуежайларында өтті. Мұндай географиялық ауқым түрлі метеожағдайларда және әртүрлі типтегі аэродромдарда тапсырмаларды орындауға толық мүмкіндік берді. Бұл құқықтық тәртіп әскерлерінің авиациялық бөлімшелерін кешенді даярлаудың маңызды бөлігі саналады.

Жиын барысында ұландықтар маршруттар бойынша ұшуды пысықтады, экипаждар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдірді, күрделі жағдайларда әуе кемелерін басқару және штаттан тыс жағдайлар туындаған кездегі әрекеттерді орындады. Ұшу қауіпсіздігін сақтау талаптарына және әрбір әскери қызметшінің кәсіби дайындық деңгейін арттыруға ерекше мән берілді.

Өткізілген іс-шаралар ұшқыштардың дайындық деңгейін бағалауға, олардың күшті тұстарын анықтауға және әрі қарай жетілдіру бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді. Жиын қорытындысы бойынша, оқу тапсырмалары сапалы орындалып, жеке құрамның жоғары жауапкершілігі атап өтілді.

Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы авиациялық құрамды дамыту қызметтің басты бағыттарының бірі екенін, ал жүйелі ұшу дайындығы құқықтық тәртіп пен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін табысты орындаудың кепілі болып қала беретінін атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.