Іс-шара Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласының Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығының қолдауымен ұйымдастырылған. Конференцияда С.Сәдуақасұлының өмірі мен еңбек жолы, еңбектеріндегі алаш ұлттық идеясымен қатар білім беру жүйесіндегі мәселелер талқыланып, жүйелі зерттеулердің тиімділігін оқу үдерісінде қолдану жайы сөз етілді. Жиынға тарих пәнінің мұғалімдерімен қатар отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының мамандары, орта білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Мәселен, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан мен Ресейден арнайы келген ғалымдар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана халықаралық университеті ғалымдары мен Смағұлдың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Ұялы ауылының С.Сәдуқасұлы атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздары келді. Дәл осындай айтулы сәтте №78 мектеп-гимназиясының алдында Смағұл Сәдуақасұлының құрметіне ескерткіш-бюстінің ашылу салтанатты өтті. Ескерткіш авторы, мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі, ЕҰУ профессоры Талғат Әбдікәрімұлы жалпы шығармашылық процеске 2 жылға жуық уақыт кеткенін айтады.
– Бұл – осыдан 2 жыл бұрын Дихан Қамзабекұлының айтуымен басталған жұмыс. Ортада үлкен талқылау-әңгімелер болды, ескерткішті 2024 жылы жасауға кірістім, шамамен жарты жылдай уақытым кетті. Мүсінді жасап жатқанда түрлі тарихшылар, ғалымдар, Дихан ағаның өзі келіп, процесті көріп, образды былай салсақ деп идея ұсынды. Жалғыз мүсіншінің еңбегі емес, қаншама азаматтың кеңесімен атқарылған шаруа деймін. Смағұл атамыздың аты ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ жадында сақталсын! Сапалы ескірткіш, мүсіндер көптеп қойылу керек. Қазір жас буын Алаш азаматтарын тани қоймайды, сондықтан ұрпаққа насихаттау үшін сапалы жобалар жалғаса берсін, – дейді Т.Әбдікәрімұлы.
Қуанышқа ортақтасып, алыс-жақын елдерден келген мамандар да тілек білдіріп жатты. Кескіндеме өнерінің майталманы Қайыртай Жақыпұлы Омбыдан арнайы келгенін жеткізді.
– Ақшатау жерінде туып-өскенмін, кейін Мәскеудің Лелин атындағы педагогика институтын бітірдім. Сол жақта аспирантура, докторантурамды оқып, ғылым кандидаттығын қорғадым. Омбы қаласында лицей, колледж, институт ашып, 25 жыл бойы жұмыс жүргізіп келемін. Ресейде отырып, Қазақстанға ғылым академиктерін тәрбиелеп шығардым. Ескерткіштің ашылып жатқанына қуаныштымын. Атамыздың кім екенін ұрпаққа насихаттап айтуымыз керек. Ұрпақ өзінің кім екенін балабақшадан, мектептен, жоғары оқу орнынан білуге тиіс, – дейді Қайыртай Жақыпұлы.
Салтанатты рәсімнен соң қонақтар мектеп оқушылары сахналаған қойылымды тамашалап, ерекше кештің куәсіне айналды. Бұдан соң жоғары оқу орындары мен шетелдік ғалымдар баяндама оқып, С.Сәдуақасұлының еңбектеріне тоқталды. Жалпы, конференцияда педагогтер «Смағұл Сәдуақасұлының қоғамдық-саяси қызметі және Алаш ұлттық идеясы», «С.Сәдуақасұлы мұрасы және заманауи білім берудегі басқарудың жаңа модельдері», «Алаш қайраткерлері еңбегі және қазіргі орта білім беру мәселелері», «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және Смағұл Сәдуақасұлы еңбектеріндегі рухани мәдени тұтастық идеясы» мен «Смағұлтану» зерттеу еңбектерін білім беру үдерісінде интеграциялау: ЖИ мүмкіндіктері» бағыттары бойынша пікір алмасып, зерттеу жұмыстарын ұсынды. Астана қаласының 100-ге жуық үздік ұстазы заманауи мектепте ұлттық-рухани құндылықтарды оқыту әдістері, цифрлық білім беру мүмкіндіктері және педагогтердің кәсіби дайындығын күшейту жолдары жөнінде тәжірибе алмасты.
Смағұлтану саласына 35 жылын арнаған ғалым Дихан Қамзабекұлы да іс-шараға арнайы қатысып, ұстаздар мен жас мамандарға тілек-лебізін білдірді.
– Конференция мерейімізді асырып, елордамыз үшін де, еліміз үшін де ерекше маңызын сыйлады. Оның екі себебі бар: біріншіден, Алаш азаматтарын еске алып отырмыз, екіншіден, Алаш қайраткерлерін тәуелсіздік жолында құрбан болған деп айтамыз. Енді осының рәміздік бір дерегі, Смағұл Сәдуақасұлы 1933 жылы 16 желтоқсанда бақиға озған. Жаратқанның бәрін де сәйкестендіріп қойған құбылысы деп білемін. Тағы да бір ерекше жайт, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығына орай өткен конференцияға құттықтау хатын көрсеткім келеді. Президент әр конференцияға құттықтау жібере бермейді, – дейді Д.Қамзабекұлы.
Д.Қамзабекұлы С.Сәдуақасұлының ел үшін еткен еңбегі мен ерлігін де сөз етіп, баяндама оқыды. Ғалымның айтуынша, С.Сәдуақасұлы – қазақтан шыққан алғашқы халық мұғалімі. Мемлекет қайраткері небәрі 15 жасында училищені бітіріп, халық мұғалімі деген дәрежеге ие болады. Туған өлкесінде бірнеше ауылда сабақ береді. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы училищесінде білім алып, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеруге күш салады.
– Смағұл ауыл шаруашылығы халыққа қызмет ету керек, мал өнімдерінің бәрі іске жарап, киетін киімге айналу керек дейді. Соны қалай ұқсатамын деп, кооперация деген тетік барын біледі. Халықта өнім бар, сол өнімге техника керек дейді. 18 жасында Батыс Сібірдің белді кооперациясына кіріп, зерттеулер жасап, мақалалар жазады. Ғасырдан аса уақыт өтсе де, Смағұл арпалысқан салада жанданыс болмай тұр. Ауылға барсаңыз, мал терісі үйіліп қоқыста жатыр. Мал өнімдерінің құны болмай тұр, – дейді зерттеуші.
Д.Қамзабекұлы Смағұл Сәдуақасұлының ең алғашқы жоғары оқу орнының ашылуына мұрындық болғанын, проза мен публицистика саласында қалам тербегенін, бұдан өзге де қыр-сырын әңгімелеп берді. Қазақтың біртуар перзенті Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығы қарсаңында Смағұл аңсаған армандар орындап, әлі де игі істер атқарыла берсін демекпіз.
Айсұлу СЪЕЗХАН