Қарағанды облысында қазір криминогендік ахуал тұрақты екені ресми түрде айтылып қана қоймай, нақты деректермен дәлелденіп отыр.
Қоғамдық тәртіпке қадағалау бар
коллаж: Елдар ҚАБА
178
оқылды

Полиция қызметінің күшеюі мен алдын алу жұмыстарының жүйеленуі арқасында кейінгі кезеңде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген. Облыстық Полиция департаменті аймақта жалпы қылмыстар 8%-ға азайғанын айтады. Дегенмен интернет алаяқтық аяққа тұсау болып тұр.

– Нақтырақ айтсақ, аса ауыр қылмыстар 55%-ға қысқарып, кісі өлімі 9%-ға азайса, ауыр дене жа­ра­қаттарын келтіру 15%-ға кеміп, тонаулар 45%-ға төмендеген. Бұны жоғары оң динамика деуге негіз бар. Мұндай көрсеткіштер бір мезгілде болған реформалар мен жедел қызметтің сапалы өз­герісін білдіреді, – дейді облыстық Полиция департаментінің баспа­сөз қызметінің басшысы Бақыт­жан Құдияров. 

Қоғамдық орындарда тәртіп күшейген. Профилактикалық жұ­мыстарды күшейтудің нәтиже­сін­де қоғамдық орындардағы қыл­мыстар 32%-ға, көшелерде жасал­ған құ­қық­бұзушылықтар 39%-ға азай­ған. Бұл – көшедегі тәртіпті бақы­лау­ға алған мобильді топ – пат­руль жұ­мысын жетілдіру, бей­не­бақылау желісін кеңейту және азаматтардың құқықтық мәде­ниетінің артуымен тікелей байланысты. 

– Жұмысымыздың негізі – ха­лықтың сенімі. Бұл мақсатта күн­делікті қызметімізді жақсартуға, қоғаммен ашық диалог орнатуға ерекше көңіл бөлеміз. «Қоғамдық тәртіп – тұрақтылық кепілі» деген сөз біздің басты ұстанымымызға ай­налды. Қазір қала мен аудан көше­лерінде патрульдік қызмет күшейтілді, жаңа бағыттар қос­ылды, жаяу патрульдер саны артты. Бейне­бақылау жүйелерінің ауқы­мы кең­ейіп, заманауи камералар орнатылды. Бұл құқық­бұзу­шылық­ты жедел анықтауға ғана емес, оның ал­дын алуға да зор мүм­­кіндік береді. Ұр­лық, есірткі қылмыстары, интер­нет-алаяқ­тық – басты бақы­лауда. Бұл ба­ғыт­тардың әрқайсысы бойынша арнайы жедел іс-шаралар жүр­гізу­деміз. Соның нәтижесінде, осы қыл­мыстардың деңгейі бір­тіндеп тө­м­ендеп келеді, – дейді Б.Құдия­ров. 

Облыс аумағында қазір дүние­жүзілік тәжірибелер ерекшелікте­рімізге қарай бейімделіп, енгізіліп жатқанын да айта кеткен жөн. Мә­се­лен, Финляндияда полиция жұ­мысының ашықтығы мен қо­ғам­мен тұрақты байланысы – қыл­мыстың алдын алудың басты эле­мен­ті. Қарағандыда да «Ашық поли­ция» форматы қалыптасып келеді. Бүгінде азаматтармен кездесулер, есеп беру, түсіндіру жұ­мыс­тары жиілеген. 

Бұдан бөлек, Оңтүстік Корея­дағы «Ақылды қала» жүйелері автоматты түрде қауіп төндіретін жағ­дай­ларды танып, жедел дабыл бе­р­еді. Аймақта «Сергек» және өзге де интеллектуалды бейнеба­қылау жүйелерінің енгізілуі осы бағытпен үндес келеді. Ал Ұлы­бри­тания елін­де патрульдік қыз­мет басты рөл атқарады. Қараған­дыда кейінгі 2 жылда анық бай­қалған патруль санының артуы қылмыс­тың азаюына әсер еткен негізгі фактордың бірі десек, ар­тық ай­тқан­дық емес. Қарағанды қаласы­ның тұрғыны, шағын бизнес өкілі Арман Жұма­беков те бүгінгі ахуалды өз тарапынан оң бағалап отыр. 

– Кейінгі 1-2 жылда қауіпсіздік деңгейінің артқанын анық сездік. Бұрын дүкен алдында, әсіресе кеш­кі уақытта түрлі жағдайлар болып жататын. Қазір бейнекамералар орнатылғаннан кейін ондай оқиғалар сиреді. Полицияның жұмысы – жемісті. Тұрғындармен қарым-қатынасы да жақсарған. Қазір өзімді қалада бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз сезінемін, – дейді қала тұрғыны.

ІІМ Қылмыстық тергеу деп­артаментінің бастығы Сергей Сти­хеевтің айтуынша, сақшылар өткен жылдардағы қылмыстарды ашу бойынша жұмыстарды күш­ейткен. Ол заманауи технологиялар мен мұра­ғат материалдарын қарау күдік­тілерді көп жылдар өткеннен кейін де табуға көмек­тесетінін атап өтті. 

– 2006 жылы Қарағанды облы­сында аса ауыр қылмыс жасалды. Жетпіске таяған әйел дүкенге бара жатқан жолда қаңырап қалған ат қорасының жанынан өткен. Сол жерде оған белгісіз адам шабуыл жасап, зорлап, өлтірген. Оқиға ор­ны­нда аз мөлшерде биоло­гия­лық іздер ғана қалған, – деді Стихеев.

Оның айтуынша, сол кездегі техникалық мүмкіндіктер бұл із­дерді сәйкестендіруге жеткіліксіз болған. Қылмыс жылдар бойы аш­ыл­май келген. 

– Биыл жабдықтарымызды жаңарттық. Бұрынғы қылмыс­тар­дан қалған барлық биоматериалды қайтадан зерттеп, криминалис­ти­калық есептер, соның ішінде ДНҚ базасымен салыстырдық. Нәти­же­сінде, бір азамат анықтал­ды. Қазір оның жасы 55-те, – деді департамент басшысы.

Күдікті қылмысын мойын­да­ған. Ол қазір колонияда жазасын өтеп жатыр. Қосымша тергеу шара­лары жалғасуда.

Дегенмен Қарағанды облысында интернет алаяқтыққа қарсы кү­рес жүргізіліп жатса да, құрыққа түс­кендер саны азаяр емес. Өңірде биыл 2,5 мың кибер қылмыс тір­ке­л­іп, соның 600-і ашылған. Сон­ың іші­­нде, бір өзі бірнеше адамға аса ірі көлемде шығын келтірген­дер де бар. 

–  Астанада Ақмола облысы­ның тұрғыны ұсталды. Ол Қытай­дан тауар жеткізу сылтауымен Қа­рағанды облысы мен өзге өңір­лердің тұрғындарын алдап келген. Оның қатысуымен болған 450-ден астам қылмыстық эпизод дәлел­ден­ді. Келтірілген шығын 1 млрд теңгеден асты. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданды. Енді қылмыстық жауапкершілік тек алаяқтардың өздеріне ғана емес, сондай-ақ дроп­перлерге де қарастырылған. Яғни, өздерінің банк шотына ұрланған ақшаны қабылдап, кейін оны қылмыскерлердің нұсқауы­мен басқа жерге аударатын адамдар. Олар – қылмыстық схема­лардың делдалдары саналады, – дейді облыстық ПД Кибер­қыл­мыспен күрес басқармасы басты­ғының орынбасары Арман Қай­рақбаев.

Киберполицияның мәліметін­ше, алаяқтардың негізгі құрбан­дары – зейнеткерлер  мен студенттер. Олар жалған сайттар мен хабарландыруларға алданып қала­ды. Бұқар Жырау ауданының тұр­ғыны алаяқтардың айласына әбден арбалған. Аудан тұрғынына бел­гісіз біреулер өз атына несие рәсім­делгенін айтып, оны жою үшін жаңа несие алып, ақшаны беруді сұраған. Оқыс хабардан шо­шып, әрі қоңырау шалушыға сеніп қал­ған жәбірленуші 1 800 000 теңгесін алаяқтарға аударып жіберген. 

Кейінгі уақытта алаяқтар жасанды интеллектіні пайдаланып, дауыс пен бейнені қолдан жасап, өздерін полиция немесе салық органдарының қызметкері етіп көрсетуде. Осы тәсіл арқылы олар зейнеткерлерді ғана емес, жастарды да сан соқтырып отыр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы