Негізінен, Сыр өңіріндегі аталмыш заманауи спорттық нысан қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Бірегей спорт кешені өз жұмысын бастағалы спорттың түрлі бағыты бойынша ел игілігіне қызмет көрсетіп келеді. Орталық екі қабаттан тұрады. Нысанның жалпы ауданы 8 160 метрге тең. Көпфункциялы кешенде хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт трек сынды бірнеше қысқы спорт түрлерімен айналысуға барлық мүмкінлік қарастырылған. Алайда кемшілік те жоқ емес.
Қазір спорт орталығында мұз айдынынан бөлек, ойын залы, грек-рим күресі, көркем гимнастика баскетбол секілді бірқатар секциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар нысанда жаттықтырушы-оқытушылар бөлмесі, спорттық билерге арналған хореографиялық сынып бар.
Иә, кешеннің сыйымдылығы үлкен. Кәсіби мұз алаңында бір мезгілде жүздеген адамға сырғанап, жаттығуға мүмкіндік бар. Мұнда жоғары деңгейдегі халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай қарастырылған.
Дей тұрғанмен, облыс аумағында спорттық-сауықтыру кешендері, шағын спорт алаңдары әлі де жетіспейтіні жасырын емес. Білікті бапкерлер тапшылығы да сезіледі. Балаларын спорт секцияларына қатыстырып, болашағынан зор үміт күтіп жүрген ата-аналарының толғанысынан осыны аңғаруға болады.
Осы орайда өңірдегі «Мұз айдынына» қайта оралсақ, негізінен кешенге қатысты келеңсіздіктер көпшілік тарапынан бұған дейін де сөз болған. Бірнеше жыл бұрын орталықта жалға берілетін конькилердің сапасына көптеген сын-ескертпелер айтылды. Сол уақытта кешеннің материалдық-техникалық базасының тым ескіріп тұрғаны сөз болды. Соған орай кешен басшылығы тарапынан арнайы аяқкиімдерді жаңарту жұмыстары іске асып, елді бір тыныштандырған. Енді кейінгі жылдары кешеннің сапасы сыр беріп, жөндеу жұмыстарының қажеттілігі туындады.
«Негізінен, кешен өзін-өзі қаржымен қамтамасыз етеді. Яғни, мемлекет тарапынан жөндеу және басқа да жұмыстарына қаражат бөлінбейді. Енді ғимараттың соңғы кездегі жағдайына келсек, көптен бері жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі салдарынан сапасы сыр бере бастағаны жасырын емес. Бірақ демеушілер есебінен кешенге кезекті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақты айтқанда, ғимараттың сыртқы қасбеті, шатыры, кейбір ішкі кемшіліктері қалпына келтірілді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», – деп мәлімдеді облыстың Спорт басқармасы.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, облыс әкімінің тапсырмасымен кешенге жөндеу жүргізіліп, қайта жаңғыртылыпты. Атап айтқанда, орталықтың қосалқы кіреберіс аумағы кеңейтіліп, шатыр бөлігі толықтай ауыстырылған. Сонымен қатар ғимараттың қасбетіне лэд экран орнатылып, заманауи жарықшамдармен безендірілген. Ішкі олқылықтар да рет-ретімен қалпына келтіріліп жатыр екен.
«Жалпы, спорт комплексі аймағымызда қысқы спорт түрлерін дамытуға негізделген. Мұнда жасанды мұз айдыны хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек бойынша оқу-жаттығу сабақтары мен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге қолайлы. Алаң халықтық сырғанау мақсатында да қолданылады. Бүгінде бұл жерде командалық спорт ойындары залы да жұмыс істейді. Нақты айтқанда, волейбол мен баскетбол секілді командалық спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу сабақтары мен жарыстар өткізіліп тұрады. Бұдан өзге, жалға алушы мекемелер тарапынан жекпе-жек пен көркем гимнастика залы бар. Бізде мұз айдыны ақылы негізде қызмет көрсетеді. Сондықтан комплекс өзін-өзі қаржымен қамтамасыз етуші мекеме саналады. Шама-шарқымыз жеткенше, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Өз қаржымыз есебінен 37 млн теңгеге сыртқы қосымша жөндеу жұмыстары, су құбырларын ауыстыру сынды жұмыстар атқарылды. Сол сияқты мұз айдынының бір компрессоры, мұзды тазалайтын қондырғының аккумуляторы, жаңадан 300 коньки алу, есіктер ауыстыру секілді қыруар шаруалар атқарылды», – дейді кешеннің директоры Талғат Әбдіғаппарұлы.
Кешен директоры ғимараттың көптеген кемшіліктері кезең-кезеңімен ретке келтіріліп, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алайда әлі де атқарылуға тиіс жұмыстар аз емес.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы