Таяуда Президент Қ.Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Онда авиахабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатыны сөз болды. Сонымен қатар алдағы жылдары әуе жүктерінің жиырма пайызы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі болатынын айтып, авиахабты дамыту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
– Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Халықаралық бәсекелестік күшейе түсті. Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және теміржол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы, яғни air cargo-ның үлесі арта түседі деген болжам жасауда. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі болмақ. Еліміз теміржолды, автокөлік жолын және әуе тасымалын қамтитын мультимодальді логистика жүйесін қалыптастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Аймақтың тиімді тұсы
Үкімет дерегінше, биыл авиацияда 139,6 мың тонна жүк, 13,1 млн жолаушы тасымалданыпты. Қазақстанның авиакомпанияларының әуе кемелері паркі 105 бірлікті құрап, 8 жаңа ұшақ қолданысқа берілді. Қазір 31 елмен 144 халықаралық бағыт бойынша аптасына 842 рейс жасалады. Салада ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Алматы қаласы әуежайын дамытудың бас жоспары және 362 млн доллар сомасындағы TAV Airport Holding инвестициялық бағдарламасы таныстырылды. Астана қаласы әуежайын дамыту бойынша жалпы сомасы 547 млрд теңгеге инвестициялар туралы келісім жасалды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да жүк-жолаушылар әуежайын салу бойынша жалпы сомасы 250 млрд теңгеге инвестициялар туралы келісім жасалды. Азаматтық пилотсыз авиациясын дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Ішкі нарыққа жаңа авиатасымалдаушылар кірді. Будапешт, Шанхай, Сеул, Гуанчжоу, Мюнхен сияқты және тағы да басқа ірі қалаларға рейстерді қоса алғанда, 35-тен астам жаңа маршруттар ашылыпты. Демек, бірқатар істер қолға алынып жатыр деген сөз.
«Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС директорының міндетін атқарушы Абыл Кекілбаев мемлекеттік деңгейде авиахаб құру ісі қолға алынғанын құптайды. Алайда авиация саласында кадр тапшылығы мен авиа отын проблемасы шешілмей, іс өнбейтінін байыптап отыр.
– Әуе тасымалы үшін Қазақстан географиялық тұрғыдан өте тиімде аумақта орналасқан. Авиахабты дамытуда тек Үкімет пен инвестордың қолдауы аздық етеді. Сондықтан елдегі көлік-транспорттық жобаларын кешенді түрде қарастыру керек. Азаматтық авиация академиясында мамандар даярланса да, әуе компаниялар, әуежайлардың 20 астам оқу орталықтары болса да, кадр тапшы. Жанармай жолаушы тасымалдауға жеткілікті, алайда жүк тасылмалына жетпейді. Ресейден ғана емес, авиа отынды Қытайдан тасымақшымыз. Негізі, Jet A-1 деп аталатын жанармайын әкелген жөн. Алматы мен Қарағандыға арнайы жанармай қоймалары салынуда. Астана, Алматы әуежайлары 10 млн жолаушы қабылдауға қауқарлы, ал өңірлердің әлеуеті әлі мәз емес. Сол себепті 6 орталықты дамыту жоспары дұрыс. Егер авиахаб құруды мықтап қолға алсақ, аймақтағы ең ірі авиаорталыққа айналар едік, – деді авиация маманы.
«Қазаэронавигация» РМК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жыл қорытындысында отандық аэронавигация саласында рекордтық көрсеткіш тіркелген. Бір жылда елдегі әуежайларда транзиттік, халықаралық, ішкі ұшуларды және жүк операцияларын қоса алғанда, жалпы саны 446 106 ұшуға қызмет көрсетті. Оның 334 256-сы – транзиттік ұшу, бұл 2023 жылдағыдан 8%-ға көп (алдыңғы жылы 308,2 мың болған). Сондай-ақ жолаушылар легі осы жылы 29,7 млн адамнан асқан, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға артық. Әуе арқылы жүк тасымалының көлемі 55%-дан астам ұлғайып, 25,1 мың рейсті құрап отыр. Демек, әуе тасымалының екі бағыты да жыл сайын артып, сервистік қажеттіліктер көбейіп отыр дегенді білдіреді.
Экономикалық үлесін арттыру маңызды
Білікті экономист Сапарбай Жобаев Қазақстанда авиахабды дамыту, цифрлық форматқа келтіру экономикалық тұрғыдан үлкен табыстарға жол ашатынын айтады. Сондай-ақ қаржыгердің айтуынша, транспорттың экономикадағы үлесі шамамаен 7-8 пайыз болса, авиахаб кем дегенде соның 2-3 пайыз деңгейіне жете алатын көрінеді. Бұл көрсеткіштерге жету үшін авиа хабты дамыту аяқсыз қалмай, соңына дейін тындырылса, салада өркендеу болады екен.
– Қытай мен Еуропа арасында қатынайтын ұшақ көп. Бірақ бұларды қабылдап, өткізетін әуежайларымыздың мүмкіндігі аз. Өзіміздің жүк таситын ұшақтар болғаны жөн. Ол үшін инвестиция тарту қажет. Түркия бұны жолға қойған. Еуропа, Азия араб елдеріне түрік әуе жолдары арқылы тауар тасымалданады. Олар ұшып-қонатын жолдарды жүк тасымалына, жолаушы тасымалына деп бөлген. Азиядан шыққан ұшақ Еуропаға жетеді. Ал темір жол, жүк көлігімен тасу үшін 15-20 күн кетеді. Транспорттық әлеуметіміз 7-8 пайызды құраса, соның ішінде әуе жүк тасымалын 2-3 пайызға өсіре аламыз. Қарағанды мен Астанадағы ұшақ, тікұшақ құрастыратын зауыттарының жұмысы тоқырады. Негізі, өзімізде де ұшақтар құрастыруға болады. Өйткені өзім де Ташкент ұшақ зауытында істеп, машақатын көргенбіз. Оған шама келмесе, әзір әуреленбейік. Авиация дамығаны, қазақ экономикасының әртараптанғандығын білдіреді, – деп есепдейді экономист.
Президент Жолдауын жүзеге асыруда басым бағыттардың бірі жүк қозғалысына онлайн-мониторинг жүргізу, мемлекеттік және жеке цифрлық платформаларды интеграциялау үшін толықтай цифрлық шешімдерді, оның ішінде Smart Cargo экожүйесін енгізуді қозағаған болатын. Алайда бүгінде сервистердің барлығы бірдей қосылып, жұмыс істеп тұрған жоқ. Осыған байланысты жуырдағы Үкімет жиынында Премьер-министр Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін сервистер мен ақпараттық ресурстардың толық интеграциясын аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы саласында электронды құжат айналымына көшуді жеделдету және e-Freight ақпараттық жүйесі ақталуға жақын қалыпты.
Цифрлық жағын жүйелеген жөн
Авиацияның цифрлық жүйелер арқылы бақылануы оң бастамаға баланып отыр. Авиация саласындағы цифрлық платформалардың тиімділігін өз пайдасын беретініне ІТ сарапшы, цифрландыру саласының зерттеуші маманы Мейіржан Әуелханұлы сенім білдіреді. Дейтұрғанмен, ақпараттық қауіпсіздікті қатаң сақтау қажет деген ойда.
– Цифрлық жүйелер арқылы жалпы көлік транспортын бақылау пайдалы. Азаматтық жолаушылар ұшағы, келім-кетім адамдар онсыз да бақыланатын шығар. Ал әуе цифрлық платформалар арқылы әуе жүк транспортын бақылау өз тиімділігін береді. Мәселен, қанша жүк тасымалданып жатыр, авиациа саласында қанша қаражат айналысқа түсуде, осының бәрі цифрлық мүмкіндіктер арқылы бақыланып, ел қазынасына тікелей құйыла алады. Десе де, азаматтарымыздың жеке деректері қорғалмай, шетелге тарады деген ақпарат желдей есті. Сондықтан цифрлық блок, киберқауіпсіздік басты назарда сақталуға тиіс. Әйтпесе, әуе жүк тасымалынан түсетін пайда өзгелерге қалтасына құйылмасына кім кепіл?! Сол себепті қауіпсіз, барынша ойластырылған цифрлық платформа ғана авиацияны сөзсіз дамытады, – дейді цифрлық сарапшы.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында елдегі авиакомпаниялар 7,2 млн жолаушы тасымалдаған, былтырмен салыстырғанда 6%-ға артық. Әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсету көлемі 14,4 млн адамға артқан. Бүгінде ішкі авиатасымалдар жиілігі аптасына 849 рейс болатын 61 бағдар бойынша орындалады. Кейінгі жылдары елде 20 ұшу-қону жолағы, 19 терминал реконструкцияланып, Түркістанда жаңа әуежай салынды. Жалпы, 2030 жылдың соңына дейін флот 221 бірлікке дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ 2025 жылы 36 бағдарды ашу және жаңарту жоспарлануда. Инвестициялық бағдарламалар шеңберінде авиация саласына барлығы шамамен $2,9 млрд тарту көзделген. Қаражатты ірі жобаларды жүзеге асыруға, атап айтқанда, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі, сондай-ақ Арқалық туристік аймақтарында жаңа әуежайлар салу, 10 ұшу-қону жолағы мен 10 терминалды реконструкциялау, арнайы техника паркін жаңарту жұмыстарына жұмсалмақ. Үкіметті шілдедегі отырысында жүк авиакомпаниясын құру жөніндегі бастаманың іске асырылу барысы қаралған еді. Бұл жоба әлемдік жүк авиатасымалы нарығының тұрақты өсуіне байланысты қолға алынғалы отыр. Бүгінде ондағы көлем 57,7 млн тоннаны құрайды, бұл ретте тасымалдардың шамамен 15%-ы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтеді. Бұндай бастама біздің мықты авиахабқа айналуымызға негізгі болмақ. Көлік министрлігінің БАҚ-пен жұмыс басқармасының басшысы Даулет Самбетбаев авиахаб бағытында атқарылып жатқан істерден хабардар етті.
– Қазір Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды және Ақтау әуежайларында мультимодальды авиациялық хабтарды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл салада қолданыстағы әуежайларды жаңғыртуға, жаңа терминалдар салуға, логистика мен инфрақұрылымдық қуатты дамытуға бағытталған айтарлықтай жұмыстар аяқталды. Бұл қуаттылықты арттырады және елдің авиация саласының одан әрі өсуіне жағдай жасайды. Инвесторлар елдің негізгі әуежайларын дамытуға белсенді түрде қатысады, инфрақұрылымды жаңғыртуға және қуаттылықты арттыруға айтарлықтай инвестиция салып жатыр. Бұл жобаларды одан әрі дамыту үшін бірқатар негізгі бағыттар ұсынылады. Соның ішінде, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, авиациялық отынмен қамтамасыз ету, ұшақтарды сатып алу, жүк компаниясын құру, мамандандырылған жабдықтарды жаңғырту және жеке инвестициялар арқылы инфрақұрылымды жаңарту қолға алынып келеді, – деді министрлік өкілі.
Ресми деректер бойынша, биылғы 10 айда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 29 млн тоннадан асқан. Әуе тасымалы бойынша Астана мен Алматы алдыңғы орында тұр. Ал мемлекеттік меже бойынша 6 өңірлік авиахаб құру – басты міндет. Осылайша, биылғы жылдың көрсеткіші бойынша 6,5 пайызға артып отыр. Біздің елдің Азия мен Еуропа арасындағы қолайлы географиялық аумақта орналасқандығы саланы бұдан әлі ілгерілету керек дегенді ұғындырады.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ