Дәл қазір әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы тағы қаншасы әрекет етіп жатқаны нақты белгісіз. Құзырлы орган бұл қаскүнемдердің схемасы тоқтаусыз түрленіп жатқанын ескертті: олар қайырымдылық қоры, автолизинг, ауылға не анаға көмек, баспанамен қамту және басқа «бағдарламаны» жамылып, қылмысын бүркемелей бастады.
Банк, байланыс операторы, пошта, тіпті полиция, прокуратура өкілі ретінде өзін жалған таныстырып, адамның үрейін ұшырып, екі аяғын бір етікке тыға асықтыратын интернет-телефон алаяқтарынан айырмашылығы, бұл қаскөйлер құрбанын еш қорқытып-үркітпейді. Жарқын болашағын алтынмен аптап, күміспен көмкеруге уәде етіп, жылы сөзбен іші-бауырына кіреді. Жұрт жиған-тергенін оған өзі апарады.
Адамның өзі құмартып, есіл-дерті сол болса, бұған мемлекеттің тоқтау салуы қиын. Кейде сарапшылар, депутаттар құрбандарды осы қадамға тез баюға ұмтылушылық, пайдакүнемдік, қаржылық сауатсыздық қана итермелейді деп жатады. Бұлай біржақты күстәналауға болмайды. Төмен тұрмыстан титықтаған қазақстандықтардың бір бөлігі өмірдің тұйығынан құтылу үшін банктен кредит алып, ол қаражатты пирамида арқылы тез көбейтіп алуға тырысады екен.
Шымкент тұрғыны Бақтықожа агрегаторға тіркеліп, таксилету үшін 3,6 миллион теңге несие рәсімдеп, көлік сатып алады. Бірақ көп ұзамай, жол-көлік оқиғасына ұшырап, көлігі сынған. Жинағын оны жөндетуге жұмсаған. Бір жылдай тұрақты табыс таппағандықтан, банктегі кредитін өтеуді тоқтатады, соның салдарынан өсімпұл, айыпақы үстемеленіп, берешегі 6 миллионға жеткен. Танысының кеңесімен, микроқаржы ұйымынан 1,4 миллион микронесие алып, оны «3 күнде 30%» пирамидасына салады. Қаржылық пирамида екенін білген, бірақ амалсыздан барғанын айтады. Бір-екі рет бонус алды, шығып кетсе, оны қайтаруды талап ететіндіктен, қалыпты. Бүгінде салғанынан айырылып, қарызы ұлғайып, банкроттыққа өтініш беріп жатқан көрінеді.
Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары Қазақстан халқының қаржы пирамидаларына қаржысын сеніп тапсыруының өзге де себептерін атады. Мысалы, олар заңды бизнестің «терісін» жамылады. Заманауи пирамидалар заңнамадағы олқылықтарды, технологиялық жаңашылдықтарды оңтайлы пайдаланады. Сайттары негізінен арнайы тапсырыспен, сапалы жасалады, тартымды келеді. Кейбірі тіпті «аудиторлық есептерін» жариялайды, белгілі блогерлерді, танымал тұлғаларды шақырып, түрлі іс-шара өткізеді.
Клиенттеріне түпнұсқадан айыруы қиын «лицензияларын» көрсетеді. Салық органдарында заңды түрде тіркеледі. Мамандардың өзін жаңылыстыратын күрделі маркетингтік схемалар түзеді. Мысалы, дамыған елдерде жылжымайтын мүлік «сатып алады», өмірде бар компанияларға «инвестиция салады». Мұның жалған екенін тек құзырлы органдар шет мемлекеттерге арнайы сұрау салса біле алар еді. Өз саласының білгір маманын – меморгандар, банктер мен инвесткомпаниялардың тәжірибелі қызметкерлерін жалдайды. Осының бәрі сауатты адамның өзінде «компанияның» сенімді екені туралы жалған сенім қалыптастырады.
Мұның сыртында, қаржы пирамидалары әлеуметтік орта мен араласатын адамдар арқылы қысым жасайды. Мысалы, «ұзынқұлақпен» айналадағы адамның бәрі «мына бір компанияға ақша салып, күреп табыс тауып жатыр» деген гу-гу сөз таратады. Ұжымдармен, қызығушылығы бір адамдар топтарымен, клубтармен жұмыс істейді, белсенділеріне төлейді, «филиал директоры етемін» деп қызықтырады.
– Сөйтіп, «тобыр эффектісі» қалыптасады. Адам «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасайын» деп ойлайды. Адамға өз ортасына, тобына қарсы жүру азап. Әрі бастапқы кезде кейбір «салымшының» шынымен табыс тауып жатқанын көреді. Қаржы пирамидалары «эпидемиясының» Қазақстанда кең етек жаюына мемлекет тарапынан тиісті бақылау мен тиімді алдын алу шараларының жоқтығы да ықпал етті. Жауапты органдар алаяқтық схемаларды әрдайым жедел тауып, жылдам жолын кесе бермейді. Бұған бірнеше жыл жұмсап жатады. Құрбандар саны болса, күн сайын өседі. Көптеген пирамида жартылай заңды түрде жұмысын жалғастыра береді. Жаңа инвестициялық жоба ретінде дәріптелетіні де кездеседі, – дейді агенттік сарапшылары.
Соның кесірінен, «ХХІ ғасырдың МММ-дері» еркінсіп, Қазақстанның барлық өңірін жайлап, ғаламтор арқылы мектептегі баладан еңкейген кәріге дейін жадын жадылап барады. Қаржы пирамидалары қазақстандықтардың қауіпсіздігіне ең үлкен қауіп төндіретін заманауи фактордың біріне айналды. Ел халқына келтірілген залалы миллиардтап саналады. Тек 2024 жылы (2025 жылдың қорытындысы келесі жылы жарияланады) қаржы пирамидасы схемаларынан келтірілген шығын 20 миллиард теңгеден асты. Бұл тек қылмыстық іс қозғалып, әшкереленгені ғана. Іс жүзіндегі елге келген залал одан бірнеше есе көп болуы мүмкін.
Өз кезегінде Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының (ҚП) жолын кесу және оларды анықтау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатқанын хабарлады. Оның дерегі бойынша, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 31 қаржы пирамидасына қатысты 90 сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. 7 млрд теңге көлемінде залал өтелді. Жалған инвестжобалар туралы ақпарат таратқан және ҚП схемаларының белгілері бар 14,6 мыңнан астам сайт бұғатталды. Бұл 2024 жылға қарағанда 36,4%-ға көп. Instagram, Telegram платформаларында 535 мыңға жуық қатысушысы бар 100-ден астам заңсыз чат жабылды.
Айта кету керек, ҚМА ресми ресурсының бас бетінде қаржы пирамидаларының тізімі жарияланған: сайттың жоғарғы оң жақ бұрышында «Қаржы пирамидалары» деген жеке бөлім бар. Осындай арам ұйымдардың нышан-белгілерін тексеруге арналған Baiqa, piramida! Telegram-боты іске қосылды. «Егер өзіңіз не жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болсаңыз, Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз. Азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржылық жобаларға салмауға шақырамыз!» – деп халыққа қайырылды агенттік.
Жалпы, қазан соңындағы жағдай бойынша ҚМА «сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған жобалардың тізімінде» – 19, «сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған ҚП белгілері бар жобалардың тізімінде» – 43, «ҚП құру және ұйымдастыру фактісі бойынша сот үкімі шыққан жобалардың тізімінде» – 54 қаржы пирамидасы тіркелген.
Бұл кесірлі ұйымдармен күрес бір мезетке де толастамағандай: ҚМА апта сайын қандай да бір қаржы пирамидасының әшкере болғаны туралы ақпарат жариялайды. Тергеу анықтағандай, алаяқтар «қулығына құрық бойламайды» екен. Схемалары сан-салалы болып келеді.

коллаж: Елдар ҚАБА
Бір схемасы мынадай: 2025 жылғы қарашаның соңында ҚМА Абай облысы бойынша департаменті ELL QUATY қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Оның қалқан еткені – тұтыну кооперативі түрінде құрылды. Ұйымдастырушылар елді кооперативке мүше болуға шақырған. Оның мүшелері «мемлекеттік қолдау арқасында» тұрғын үйді, автокөліктерді еш пайызсыз бөліп төлеу («рассрочка») арқылы алады деп сендірген. Мүше болуы үшін «пайлық жарналарды енгізуді» ұсынды. Арнайы сайты және әлеуметтік желі арқылы өз қызметін жарнамалап, «Әр отбасыға бақыт!» деген ұран таратқан. Мұның «халыққа ең жақын кооператив» екені жөнінде жалған образ қалыптастырыпты.
Жаңа салымшыларды тарту үшін басшылық түрлі маркетингтік акциялар өткізді, соның ішінде тіпті «Солнечная Турция» туристік жолдамаларын ұтысқа қойды. Ұйымдастырушы өз атына QAZ INFO MARKET ЖШС-ын заңды түрде тіркеп, сол арқылы заңсыз табысын «елге көрсеткен кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерінен түскен төлем» ретінде көрсетіп, заңдастырды. Пирамида 1,5 мыңнан аса салымшы тартып үлгерді, олар жалпы сомасы 6,8 миллиард теңге қаржы құйған. Ұйымдастырушысы қамауға алынды. Тергеу жалғасады.
Екінші бір схемасы келесідей: ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті Warner Bros ҚП-сын құру және оны басқару фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Оның ұйымдастырушылары халықты жоғары табыс табу уәдесімен инвестиция салуға үгіттеді. Жобаға заңды көрініс беру үшін осы іске еш қатысы жоқ танымал голливудтық компанияның атауын пайдаланған. Қатысушыларға оның фильмдерінің трейлерін тамашалау, жаңа салымшыларды тарту арқылы табыс табу ұсынылды.
Жоба 9 деңгейден тұрды, әрбір адамның енгізген орташа салымының мөлшері 225 мың теңгеге жетті. Төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданыпты. Әкімшілері арнайы чаттар құрып, оқыту жүргізген, нұсқаулықтар, бейнероликтер таратқан, жылдам табыс пен криптовалюта түрінде сыйақыны уәде етті. Тергеу барысында салымшылардан жиналған қаражат сақталған криптоәмияндар табылды. Алданған 40 адамның шығыны сондағы криптоактивтен өтелмек. Жалпы сомасы 3,8 млн USDT көлеміндегі криптоактив тұтқындалды. Сот үкімімен ұйымдастырушы 5 жылға темір торға қамалады.
Үшінші схема да жаға ұстатады: Қарағандыда қаржы пирамидасы қайырымдылық ұйымы атымен жұмыс істепті! ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті «Үміт Самғау» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кірісті. Компания өз қызметін жалғызбасты аналарға, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсететін қайырымдылық жобасы түрінде жарнамалаған. Азаматтарға салған қаражатының 300%-дан 800%-ға дейін ғаламат табыс әкелетінін жариялап, әркімнің қалтасына қарай әртүрлі «салым түрлері» ұсынылған.
Қатысушыларға төлемдер нақты кәсіпкерлік қызмет есебінен емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жүргізілді. Қылмыстық схемаға ұйымдастырушының туыстары, таныстары «дроппер» ретінде тартылды. Бұл схемаға 400-ден көп азамат жалпы көлемі 100 миллион теңгеден астам қаржысын құйып үлгерді. Сот санкциясымен күдіктінің тек пәтеріне және автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Тағы бір схема төбе шашты тік тұрғызады: оның кесапат «көлеңкесі» зергерлік салаға түсті. Шымкентте Nazira Gold ҚП-сын құру және басқару ісі бойынша сот үкімі шықты. Өзін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания деп таныстырған ұйымдастырушылар салымшыларға ай сайын 20-40% көлемінде табыс төлеуге уәде етеді.
Алайда төлемдер нақты табыстан емес, жаңа салымшылардың есебінен жүзеге асырылған. Қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам азамат тартылды. Ұйымдастырушылар салымшылардан түскен ақшаны өзіне қымбат автокөліктер, жер телімдері, пәтерлер сатып алуға шығындады. Сот үкімімен 9 адам кінәлі деп танылып, олар 5 жылдан 10 жылға дейін абақтыға жабылды. Сот шешімімен 402 млн теңге қаражат, 52 автокөлік, коттедж, элиталы тұрғын үй кешендеріндегі 2 пәтер, сондай-ақ 17 келі зергерлік бұйым мемлекет пайдасына тәркіленді.
Құқық қорғау ұйымдарының күресіне қарамастан, қаржы пирамидасының тұзағына түсіп қалмаудың басты бір жолы қалып тұр: тексеріп, сақтық таныту, ақырын жүріп, анық басу. Себебі сарапшылар құзырлы құрылымдардың қызметі негізінен құрбандардың шағымымен, жұмысы қарқын алған қаржы пирамидаларымен байланысты екенін еске салады. Бұл кезде алданғандар саны көбейеді. Ал қаржылық сауаттылығыңыз, алаяқтық схемалар туралы хабардар болуыңыз қаскөйлердің ықпалына түсіп қалуыңыздың алдын алады.
Елдос СЕНБАЙ