Әр дүкеннің алды, аялдаманың маңайы, тіпті ірі сауда орындарының алдында да өріп жүр. Қалада деп айтып отырмыз-ау, қаңғыбас иттер тек қала тұрғындарының емес, ауылдағы ағайынның да бас қайғысына айналды. Әр ата-ананың көкейінде қаңғыбас ит баламызға шапса қайтеміз деген үрей бар. Тұрғындар тек осы 2025 жылдың өзінде қаңғыбас иттердің көзін жоюды сұрап, тиісті мекемелерге 3222 арыз-шағым түсірген. Ал ветстанцияның мамандары көшедегі барлық ит біткенді аулауға рұқсат жоғын айтып отыр.
2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда иттерді атуға, көзін жоюға тыйым салынған. Осы заң күшіне енген бойда көшедегі қаптаған иттен көз ашпай қалғанымыз жасырын емес.
БҚО ветеринария басқармасы мамандарының айтуынша, әсіресе, облыс орталығында қаңғыбас иттер көбейген. Бұралқы иттер көбінесе мектеп, балабақша, емханалардың қасында және қоқыс жәшіктерінің маңында топтасып, адамдарға қауіп төндіреді. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан шұғыл жою қажеттігі жөнінде көптеген арыз-шағым айтылып, хабарламалар, видеолар мен фотосуреттер әлеуметтік желілерде тарап жатады. Оның үстіне iKomek109 қызметіне күніне 3-4 өтініш түседі.
Мамандар мәлім еткеніндей, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтарды жансыздандыруға қазір тыйым салынып, олардың саны биостерильдеу арқылы реттеледі. Жануарлар адамның өміріне немесе денсаулығына, жануарларға қауіп төндірген кезде ғана жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде ауланады.
Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары аудандық және қалалық ветеринарлық станциялар арқылы, ал Орал қаласы бойынша биостерильдеу жұмысы мемлекеттік-жекешеменшік әріптестік жобасы бойынша Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Жәрдем-Вет» орталығы арқылы жүргізіліп келеді.
2025 жылы қаңғыбас иттерді аулау және биостерильдеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 73,3 млн теңге қаражат бөлініп, жыл басынан бері 6726 қаңғыбас ит ауланып, оның 3365-і биозарарсыздандырудан өткізілсе, қалған 3361 қаңғыбас ит тұрғындардың өтініштері негізінде көзі жойылған.
Үй жануарларын есепке алу 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап міндеттелгені белгілі. Жануарларды есепке қою мемлекеттік ветеринарлық ұйымда немесе жеке ветеринарлық емханаларда ақылы түрде жүргізіледі. Қызмет құны мемлекеттік ветеринарлық ұйымдарда – мың теңге, жеке ветеринарлық клиникаларда 1500-2500 теңгені құрайды. Заң бойынша жануар иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жағдайларда мемлекеттік ветеринарлық станцияларда үй жануарларын есепке алу тегін жүргізіледі. Қазір облыс бойынша үй жануарларына арналған дерекқорда 27 642 ит-мысық тіркелген, соның ішінде 6 545-нің тұрақты иелері болса, қалғаны қаңғыбас ит пен мысық.
Облыс бойынша ветеринарлық станцияларға тиесілі 180 ит пен мысықты уақытша ұстауға арналған 11 орын, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға тиесілі 75 орындық бір панажай, жануарларды қорғау ұйымдарына тиесілі 6 панажай бар.
– Қаңғыбас ит мәселесін шешу үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Қаңғыбас жануарларды аулап, белгілі уақытқа ұстап, сол күндері иелері табылмаса жою қажет. Сонымен қатар қаңғыбас жануарларды аулау кезінде иесі барлары да кездеседі, әсіресе, мектеп аумағында ата-аналармен, оқушылармен ілесіп келіп, топтасып жатады. Сол себепті тұрғындардың иелігіндегі үй жануарларын байлап ұстап, көшеде өз еркіне жібермей, серуендеткен кезде қарғыбаумен және тұмылдырық кигізулері сұралады. Оған қоса, чип салдырып, есепке қою міндеттелгендігін ескеру керек, – дейді Орал қалалық ветеринария станциясының директоры Ерлан Ищанов.
Заңға өзгеріс демекші, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Жаңа заң жобасында қайтарымсыз аулау принципін енгізу, яғни, ауланып уақытша ұстау пунктіне жеткізілген қаңғыбас үй жануарларын 5 тәулік ішінде жаңа иесі табылмаған жағдайда, жансыздандыру жүргізу талабын енгізу талқылануда.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң негізінде Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген «Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары» және «Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидалары» бар. Аталған Қағидалар талаптарын сақтамаған жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады. 2025 жылдың 10 айында облыс аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін жергілікті полиция департаменті 175 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырып, 3 617 мың теңге айыппұл салған.
Орал қалалық ветеринарлық станциясының директоры Ерлан Ищанов облыс орталығында қаптаған иттің көптігі бас ауыртар мәселенің біріне айналғанын айтады. Оның пікірінше, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енгенімен, адамдарға иттен төнетін қауіпті азайтқан жоқ.
– Жануарларға қайырым жасау мақсатында заң қабылданғанымен жағдай түзелген жоқ, керісінше ушықты. Оны да мойындаған жөн. Қоғамдық кеңес арқылы заң шығарушы органдарға ұсыныс хат жолдап, заңға өзгеріс енгізуді біз де қолдаймыз. Көше толы қаптаған ит. Халық бізге айтады. Ал біз не істей аламыз? Заң аясында арыз түскен жерлерге бригадамен ит аулау жұмыстары жүргізіліп, «Жәрдем-Вет» орталығына жеткізіледі. Онда медициналық кестіру отасы жасалғаннан кейін 10 күн карантинге қойылып, кері мекендеу ортасына жіберіледі, – дейді Е.Ищанов.
Оның түсіндіруінше, қаңғыбас ит пен мысық, көбінесе асыраушысы жоқтықтан немесе иесін жоғалтып, адасып кетуінен пайда болып жатады. Мұндай иесіз жүрген иттер әр жерді паналап, күл-қоқыстың арасында түрлі қалдықтармен қоректеніп, күн көреді. Осыдан кейін түрлі жұқпалы ауруларға тап болады. Қоқыс төгілетін жерлерді мекендейтін иттердің құтыру ауруын жұқтыру қаупі басым. Мал дәрігерінің айтуынша, көктем мезгілінде иттердің құтыру ауруы қатты асқынады. Осы мезгілде иттер ашушаң, агрессивті күйде болады. Ал келеңсіз жағдай болса, міндетті түрде мал дәрігерін шақырту керек. Ол бұл деректі тіркеп, шабуылдаған итті 10 күн бақылауда ұстайды. Ит құтыру ауруын жұқтырған болса, сол уақыт ішінде өліп қалады.
БҚО-да ит қапқан адамдар да тіркеліп отыр. Бір өкініштісі, ол сандар жыл сайын өсіп барады. 2025 жылдың 10 айында 1551 адам итке қабылған, соның 1034 қаңғыбас ит екені анықталған. Ал 2024 жылы 1902 адамды ит таласа, соның 1341 бұралқы иттен болған.
Ал зооқорғаушылар болса жануарларға жауапкершілікпен қарамаған иелерін жауапқа тарту керек деп есептейді.
– Мұны шешудің жалғыз-ақ жолы – биостерильдеу. Бірінші кезекте үй жануарларын осы сүзгіден өткізу керек. Төртінші жыл бойы қаңғыбас ит-мысықтарды биостерильдеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Егер аулалардан туған күшіктерді қорап-қорабымен далаға лақтырып тастамағанда, мәселе әлдеқашан шешілген болар еді. Барлық кілтипан осында. Біз қаңғыбас ит-мысықтармен қатар аулалардағы жануарларды биостерильдеуден өткізбесек, көбейе береді. Сондықтан бәрін қатар жүргізу қажет. Жуырда АҚШ-тың бір штатында панажайдан соңғы итті асырауға алған. Биостерильдеуден өткен соң олардың саны өспейді. Егер бізде де жұмыс осылай жолға қойылса, адамдар панажайдағы иттерді асырап алуға кезекке тұрар еді, – дейді «Доброе сердце» қорының президенті Елена Иноземцева.
Ал қала тұрғындары болса қаңғыбас иттерді аяймыз деп балаларымыздың өмірін қауіпке тіге алмаймыз деп кесіп айтып отыр.
– Қаланың қай ауданын алсаң да, толып жүрген иттерді көресің. Ересек адамдар өз алдына, балаларға шабады. Қазір ата-аналар мектепке баласын жалғыз жіберуден қорқады. Қалалық ветстанция жұмыс істеп жатыр. Алайда олар аулаған иттерін кері әкеліп тастайды. Міне, осы дұрыс емес. Аш жүрген иттер мал-жанға тиіседі және неше түрлі жұқпалы ауру таратады. Кеңес дәуірінде бұралқы иттердің көзі жойылды ғой. Сондай амалын неге жасамасқа? Бұл мәселе жиналыстарда қанша айтылып, қоғамда талқыға салынса да, әлі шешілмей келеді, – дейді Орал қаласының тұрғыны Дамира.
Қаңғыбас иттердің мәселесін талқылаған жиын, алқалы отырыс Оралда жиі өтеді. Алайда мәселе шешімін таппай отыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы