Ол кезде біз үшін бұл арман болып көрінген. Бірақ Мемлекет басшысы ұсынған «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы халықтың көкейінде ұрпағымыз да мұнайдың игілігін көретін болды деген жарқын үміт отын жақты. Иә, бүгінгі бөлініп жатқан қаржы көлемі миллион доллармен өлшенбес. Бірақ қалай болғанда да енді елімізде дүниеге келген әр бала ел байлығынан өз үлесін ала алады. Бүгіннің өзінде 18 жасқа толмаған әр баланың есепшотында 230 долларға жуық қаржы жатыр.
Қазақстанда іске асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қысқа уақыт ішінде қоғам өміріндегі маңызды әлеуметтік-экономикалық құралға айналып үлгерді. Бағдарламаның басты мақсаты – елдің табиғи ресурстарынан түсетін және инвестициялық қызметтен алынатын табыстың бір бөлігін тікелей болашақ ұрпаққа бағыттау. Соңғы ресми деректер бұл бастаманың қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтижелер беріп отырғанын көрсетеді.
2024 жылғы 1 ақпаннан 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі аралықта «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 188 242 өтінішті орындады. Жалпы игерілген қаражат көлемі 28,25 млн АҚШ долларын құрады. Бұл – мыңдаған қазақстандық отбасының балалары үшін тұрғын үй мен білім мәселесін шешуге мүмкіндік алғанын білдіреді.
Орындалған өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Нақтырақ айтқанда, 116 579 өтінішке 17,60 млн доллар жұмсалған. Ал 71 663 өтініш (10,65 млн доллар) балалардың білім алуына арналған. Мұндай пропорция қазақстандықтар үшін ең өзекті екі мәселенің – баспана мен білім екенінің айқын көрінісі.
Тұрғын үй бағыты бойынша ең көп сұранысқа ие қосалқы мақсат – тұрғын үй құрылыс жинақтарына қаражат салу арқылы болашақта баспана жинау. Бұл бағытта 113 944 өтініш орындалып, 17,23 млн доллар аударылған. Бұл көрсеткіш ата-аналардың баланың атына түскен қаражатты бірден жұмсап жібермей, оны ұзақмерзімді мақсатқа пайдалануды жөн көріп отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар бағдарлама аясында ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны төлеу мүмкіндігі де пайдаланылған. Бұл мақсатта 899 өтінішке 126,70 мың доллар жұмсалды. Ал азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы тұрғын үйді меншікке сатып алуға 643 өтініш жолданып, 86,29 мың доллар бағытталған. Бұл балаларға арналған қаражаттың отбасылық баспана мәселесін шешуге нақты үлес қоса бастағанын білдіреді.
Білім беру шығындары ішінде ең танымал бағыт – Қазақстан аумағындағы білім беру ұйымдарының қызметіне ақы төлеу. Осы мақсатта 64 877 өтініш орындалып, 9,81 млн доллар төленген. Бұл қазақстандықтардың басым бөлігі балаларын ел ішінде оқытуды таңдағанын көрсетеді.
Сонымен бірге білім беру жинақтау салымын толықтыруға 4 776 өтініш (580,04 мың доллар) бағытталған. Бұл ата-аналардың баланың болашақ оқуына алдын ала қаржы жинауға мүдделі екенін аңғартады. Ал шетелдік білім беру ұйымдарының қызметіне ақы төлеуге 1 633 өтініш беріліп, 214,72 мың доллар жұмсалған. Яғни, бағдарлама халықаралық білім алуға да жол ашып отыр, дегенмен негізгі басымдық ішкі нарықта сақталған.
Еске салайық, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына сәйкес, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызы 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан Республикасының азаматтары – балалар арасында бөлінеді. Бұл – ресурстық табысты ұрпақтар арасында әділ бөлудің институционалдық тетігі.
2023 жылдың қорытындысы бойынша әр балаға 100,52 доллар, ал 2024 жыл үшін 129,38 доллар есептелді. Сонымен қатар 2023 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат түскен балаларға (2006 жылы туғандарды қоспағанда) биыл 3,04 доллар көлемінде инвестициялық табыс қосылды. Нәтижесінде, 2006 жылы туған баланың мақсатты жинағы 100,52 долларды, ал 2007 жылы туған баланың жинағы 232,94 долларды құрап отыр. Бұл сома жыл сайын инвестициялық табысқа байланысты арта береді.
Алдағы кезеңге қатысты нақты мерзімдер де белгіленген. 2025 жылға арналған мақсатты талаптар мен инвестициялық табыс 2026 жылғы 1 ақпанынан кешіктірілмей қатысушылардың шоттарына есептеледі. Сонымен қатар 2008 жылы туған және 2026 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтардың мақсатты жинақтары да сол мерзімге дейін олардың жеке мақсатты жинақ шоттарына аударылады. Бұл – кәмелет жасына жеткен жастардың өз жинағын білімге немесе тұрғын үйге пайдалануына мүмкіндік береді.
Бұған дейін БЖЗҚ ата-аналарға арнайы ескерту жасап, балалардың деректерін мемлекеттік базаға енгізу үшін ешқандай төлем жасаудың қажеті жоқ екенін хабарлаған болатын. Бұл – алаяқтықтың алдын алу және ата-аналардың сенімін арттыру үшін маңызды қадам.
Айта кетейік, бағдарламаның алғашқы кезеңінде де айтарлықтай нәтижелер тіркелген. 2024 жылғы 1 ақпаннан 2025 жылғы 1 қазанға дейін БЖЗҚ 22,29 млн доллар сомасына 156 956 өтінішті орындаған. Оның ішінде 98 046 өтініш (14,14 млн доллар) тұрғын үй мәселелерін шешуге, 58 910 өтініш (8,15 млн доллар) білім беру қызметтеріне ақы төлеуге бағытталған.
Жалпы алғанда, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Қазақстанда әлеуметтік әділеттілікті күшейтіп, ұлттық байлықты болашақ ұрпақтың игілігіне бағыттаудың нақты үлгісіне айналып отыр. Баспана мен білімге салынған бүгінгі инвестиция – елдің ертеңгі тұрақтылығының негізі.
Ұлттық қордың инвестициялық табысы биылғы жылы айрықша нәтижелер көрсетіп отыр. Жыл қорытындысына әлі бір айдай уақыт қалса да, алғашқы 11 айдың динамикасы-ақ қор табысының негізгі көзі мұнай емес, инвестициялық басқару екенін анық аңғартты. Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжай 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық табысы мұнайдан түсетін кірістен кем дегенде 80 пайызға жоғары болуы мүмкін екенін сөз етті. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның қаржы тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
– Қарапайым тілмен айтқанда, қор қазір шикізатты сатумен салыстырғанда, қаражатты дұрыс басқару арқылы табыс тауып отыр. Ұлттық банктің жүргізіп отырған инвестициялық саясаты өз тиімділігін дәлелдеді. Биылғы жылы шамамен 8 трлн теңге, яғни 4 млрд АҚШ долларынан астам қаражат Ұлттық қордың таза инвестициялық табысы ретінде қалыптасуы мүмкін. Ал соңғы 11 айдың нақты көрсеткіштеріне қарасақ, инвестициялық табыс 8,2 млрд долларға жетіп, кірістілік деңгейі 13,7 пайыз шамасында болды. Бұл – бұрын-соңды тіркелмеген жоғары кіріс, – дейді ол.
Сарапшы сөзіне сүйенсек, мұндай серпін Ұлттық қордың инвестициялық стратегиясының өзгеруімен тікелей байланысты. Егер бұрын қор активтерінің басым бөлігі төмен тәуекелді облигацияларға салынса, қазір портфель әртараптандырылған. Яғни, активтердің белгілі бір бөлігі акцияларға, алтынға және басқа да табысы жоғары құралдарға бағытталған. Әлемдік нарықтағы акциялардың өсуі, алтын бағасының тұрақты қымбаттауы Ұлттық қордың табысын еселеп отыр. Бұл – қысқамерзімді табыс қуалау емес, ұзақмерзімді ойластырылған қаржылық шешімнің нәтижесі.
– Сандарды салыстырып қарасақ, айырмашылық анық байқалады. Биыл қараша айына дейін мұнай секторынан Ұлттық қорға шамамен 1,8 трлн теңге ғана түскен. Ал осы кезеңде инвестициялық табыстың өзі 2,5 трлн теңгеден асты. Яғни, инвестициялық кіріс мұнайдан түсетін табыстан әлдеқайда көп қаржы әкеліп отыр. Бұл Қазақстан экономикасы үшін маңызды сигнал: елдің қаржылық тұрақтылығы бір ғана шикізатқа тәуелді болмауға тиіс. Инвестициялық табыстың өсуі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының да әлеуетін арттырып отыр. Белгілі болғандай, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың мақсатты жинақ шоттарына аударылады. Осы қарқын сақталса, келесі жылы әр балаға тағы да қаражат аударуға мүмкіндік бар. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан нақты әрі тиімді инвестиция, – деп жалғады сөзін Айбар Олжай.
Қазіргі таңда Ұлттық қордың инвестициялық саясаты толықтай ашық екенін алға тартқан маман, оның ең маңызды аспектілердің бірі екенін жеткізді.
– Ұлттық банк ай сайын есеп беріп, қордың активтері, сатып алынған облигациялар мен акциялар, алынған табыс көздері туралы барлық мәліметті ресми сайттарында жариялап отырады. Сонымен қатар Қаржы министрлігінің есептерінде Ұлттық қорға қай компаниядан, қандай көлемде салық түскені де көрсетіледі. Яғни, қоғам екі дереккөз арқылы бірдей ақпарат алып отыр. Сондықтан Ұлттық қордың инвестициялық табысының жоғары болуы – тек қаржыгерлер үшін емес, елдің әрбір азаматы үшін маңызды. Өйткені бұл табыс ертеңгі балалардың біліміне, баспанасына және жалпы елдің ұзақмерзімді әл-ауқатына жұмыс істейді, – деді сарапшы.
Бұл бастама Қазақстанда ұлттық байлыққа деген көзқарастың өзгере бастағанын аңғартады. Өйткені табиғи ресурстардан түскен табысты тек ағымдағы шығындарға емес, ұзақмерзімді қоғамдық капиталға айналдыру – экономикалық та, моральдық та маңызды таңдау. Сондықтан болар бұл тетік қоғамда сенім қалыптастыра алды. Енді ертеңгі күнге деген сенім болған жерде әлеуметтік тұрақтылық та, экономикалық белсенділік те артады деп сенеміз.
Кәмила ДҮЙСЕН