Қазақ поэзиясының алыптарының бірі Қадыр Мырза Әлі Әбу Сәрсенбаев жайлы жиі тебіренетін.
Гүлнәр Әбдрахманова, ақынның немересі: Толқында туғанның тyғыры биік
194
оқылды

Тіпті, «Иірім» атты тағылымды туындысында Әбу ағасына ерекше құрметпен арнаған естелігі бар. Қадыр ақынның:

«Әбеке, тұлғаң биік қой,

Бөлек қой орның әманда.

Құдайдай адам керек қой,

Құдайсыз мына заманда…», – деп төгіліп түскен жыры да сол терең ілтипаттың айғағы. Биыл ақиық ақын, парасат пайымы бөлек тұлға Әбу Сәрсенбаевтың туғаны­на – 120 жыл. Уақыт өтсе де, ұлтпен бірге жасайтын асыл сөздің иесі көңіл төрінен өшкен емес. Осы орайда асылдың сыны­ғы Гүлнәр Әбдрахманова да атасы жайлы жүрек жылуына толы естелігін бөлісіп, Әбу атаның адамдық болмысы мен адал­дыққа суарылған мінезін тағы бір мәрте ел жадына салды. Жүрекке жылы, көңілге қымбат бұл естеліктер – уақыт ағымына мойымайтын рухани байлығымыздың бір нышаны десек, артық емес.

– Майдангер жазушы Әбу Сәр­сен­баевтың есімі елдің есінде. Ақын­ның жалынды жырлары қазақ әде­биеті оқулықтарына да енген. Біз бү­гін қаламгердің адами қасиеттері ту­ра­лы сөз қозғасақ деп едік. Ата­ңыз­дың ең бірінші ерекшелігі неде?

– Атамның ең бірінші ерек­ше­лігі – өмірге деген махаббаты, өмір­ге деген құштарлығы. Ол өмір­дің әр сәтін қадірлейтін, қиын­дықта да жақсылықты көруге ша­қыратын. Ол өмірді сүйді, өмірдің әрбір сәтінен ләззат алуды білді және айналасындағыларға ма­хаб­бат пен мейірім сыйлай алды. Әри­не, ол әулие болған жоқ, қателіктер де жіберетін. Бірақ оның бойында шынымен бар болған қасиет ішкі адалдығы еді. Бұған ешкім үйрет­пей­ді, адам мұндай қасиетпен туа­ды, бұл оның жан дүниесінің те­реңінде болады. Адамда ар-ұят, жа­уапкершілік, адалдық болса – он­дай адам ешкімді алдамайды, әйел затын сөзбен де, іспен де рен­жітпейді. Мен талдап қарасам, ол жай ғана қарапайым адам емес еді, ол мемлекеттік дәрежеде ой­лайтын азамат болды. Егемендімізді алғанда қандай қуанды десеңізші! Тәуелсіз Қазақстан өз тағдырын өзі анықтай алатынына, ал қазақ тілі ел ішінде лайықты орнын алаты­нына сеніп жаны тыныштанатын еді. Ол қазақ мектептерінің ашы­луы үшін күресті. Ел аралап жүрген сапарларында, әсіресе солтүстік өңірлерге барған кезде әрдайым «қазақ мектептері бар ма, оқулық­тар мен әдебиеттер жеткілікті ме?» деп сұрап жүретін. Қазақстан түгілі сонау Ресей жеріндегі тамағы тоқ болғанымен, рухани аштыққа ұшы­раған қандастарымыздың қамын ойлап, Астрахань өңірінде қазақ тілінде білім беретін мектеп­тер мен түрлі оқу орындарын, қа­зақша хабар тарататын телеарна ашқызып, ана тілімізде газет-жур­налдар шығару қажеттігі жөнінде дабыл қағып, қаншама нәтижелі де тиянақты істер тындырды... 

1957 жылы атамызға одақтық деңгейдегі бір маңызды іс-шараны, яғни Мәскеудегі қазақ әдебиеті декадасын ұйымдастыру тапсы­рыл­ды. Ұйымдастыру жұмыстары рес­публика және одақ деңгейіндегі көптеген күрделі мәселені шешуді қамтыды. Бұл қазақстандық жазу­шылар мен ақындардың шығар­маларын жинау мен іріктеуді, олар­дың аты мен еңбегін бекітуді, мазмұны мен сапасын бағалауды, қазақ тілінен орыс тіліне жоғары деңгейде аударатын аударма­шы­ларды табуды, баспаханалармен келіссөздер жүргізуді – қысқасы, көптеген техникалық мәселелерді шешу мен әртүрлі серіктестермен үйлесімді жұмысты талап етті. Әрине, бәрі біркелкі жүре бермеді, сондықтан бүкіл процесті толық бақылауда ұстау қажет болды. Де­када сәтті өтті. Декада өткеннен кейін бүкіл отбасы Ленинградқа сапарлап қайтты.

80 жылдардың өзінде-ақ Арал теңізінің тағдыры секілді маңызды мемлекеттік мәселелерді көтерді.

– Қайран Арал! Қайран Арал! 

Күрсінесің көкірегімде жарадар.

 Ажалдан сені құтқарар қандай амал бар? – деп уайым шекті. 

– «Сен құрметте оны,

Түсіндің бе, қарағым.

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын...

Бұл – майдангер ақынның соғыс туралы жазылған әйгілі жыры. От­басында соғыс тақырыбында әңгіме өрбитін бе еді?

– Атамыз соғыс туралы жиі айт­пайтын. Бірақ 9 мамыр біздің үй­дегі ең басты мереке еді. Қонақ­тар жиналып, майдангерлер ес­те­ліктерімен бөлісетін. Оның қатар­ластары көбі соғысқа қатысқан, інілері де болды, сондықтан олар­дың айтатындары көп болатын. Венгриядағы Балатон көлі маңын­дағы шайқастан кейін түсірілген фотосуретте солдаттар мен офи­цер­лер бейнеленген. Сол суретті көрсете отырып, Балқан жерінде мәңгі жатып қалуы ықтимал еке­нін, әр минуттың оның өміріндегі соңғы сәт болуы мүмкін екенін сез­генін еске алатын. 

– Қазақ әдебиетінде Әбу Сәр­сенбаевты «қазақ Айвазовскийі» деп таныды. Ол жеті жасында жетім қалып, балықшылармен бірге теңізге аттанды. Бұл туралы «Толқында ту­ғандар» шығармасында арқау етті. Жетімдіктің қасіретін көрген қа­ламгердің балалық шағы туралы не білесіз?

– Ол кісі балықшы Сәрсен­бай­дың отбасында он бір қыздан кейін көрген он үшінші перзент болып дүниеге келді. Әкесі балық аулап, шешесі Зауза балық тазалап, ау то­қып күнкөріс жасаған. Әбудің әкесі басқа балықшылар сияқты жылдың он екі айының онға жуығын теңізде өткізген. Әкесі Сәрсенбай өз зама­нына қарай ескіше әжептәуір білімі бар, сөзге жүйрік, көңілге бай, ор­таның адамы болған. Ауа райының қолайсыз кездерінде қолы бо­сай­тын балықшылар Сәрсенбайдың үйінде бас қосып, ескінің әңгіме­лерін айтып, қисса-дастандар ­оқи­тын. Жеті жасында әкеден айыры­лып әуелі қазаншы, кейін та­бы­рашы болған атамыз балықтың өтін жарып, қабығын аршып, қазан асысып, от жағысып, үлкендердің ауын жайысып жүрген. Ол жетіден он беске келгенше жұмыскер ба­ланың ауыр өмірін бастан кешірген. Ал білім алу жолын он беске келген соң ғана бастады. Ол Астрахань облысындағы жездесінің көмегімен жеті жылдық мектепке, содан кейін совет-партия мектебіне кіріп оқы­ды. Шаруа-жастар мектебін тә­мам­даған соң қайтадан үй­рен­шікті кәсібі балық аулауға кіріседі, жұмысшы болады.

– Әжеңіз туралы да қаламдас достарының, іні-қарындастарының жазбаларынан оқып өстік. Атаңыз бен әжеңіздің таныстығы қалай өрбіді?

– Ол кісі 1933 жылы КомВУЗ-да білім алып жүргенде Ләзиза апа­мызбен танысады. 1934 жылы отау құрады. Ләзиза апа «Социа­листік Қазақстан» газетінде 1937 жылдан бастап 20 жыл еңбек етті. Кейін «Қазақстан әйелдері» жур­налынан зейнет демалысына шық­қан. Ол қаламы қолынан түспеген қайраткер, дарынды журналист әрі білгір аудармашы ретінде елге та­ныл­ды. Ерекше еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапат­талған.

Отбасылық архивтен атамыз­дың майдан даласынан жары Лә­зиза апаға жазған жүрекжарды хат­тарын таптық. Бұл хаттарда тек екі адамның тағдыры ғана емес, бүкіл елдің мұңы мен үміті айқын сезіледі. Хаттарды оқығанда оның Отанға деген сүйіспеншілігін, ту­ған ел мен отбасына деген шексіз сағынышын аңғарасың. Майданда жүрсе де, корреспонденттік қызме­тін атқара жүріп, әдеби шығарма­шылығын тоқтатпаған. Өз қолжаз­баларын Ләзиза апайға үзбей жі­беріп отырған. Ақылдасып, пікір алмасқан туындылары Жазушылар одағына, газет-журналдарға ұсы­ны­лып тұрған. «Ақмаралдың жү­регі», «Шырқа, сәулем», «Нысана», «Арбасу» секілді өлеңдері мен ма­қалалары жарық көрді. Бірі соғыс майданында, бірі тылда, ашар­шы­лық пен қиындыққа толы кезең­дерде жүріп жазысқан олардың хат­тарын оқып отырып, сыйлас­тық, адалдық, сабырлық, сыпайы­лық, шыдамдылық – барлығы да екеуіне тән мінез екенін көресің.

– Әбу ақынның көп ақын-жазушыға қамқорлық жасағанын жақсы білеміз. Әсіресе, Сайын Мұ­ратбековтің «Менің қарындасым» атты әңгімесін құшақтап, газет-журналдарды аралағанын жазушы көзі тірісінде тамсана айтып еді. Одан бөлек, Темірхан Медетбек те оның қамқорлығын көп көргенін білеміз. Тағы кімдерге жанашырлық танытты?

– Атам жасаған жақсылық­та­рын жарияламайтын. Көбін атам туралы жазылған ол кісілердің естеліктерінен білдік. Анам Рай­хан­ның әкесі туралы жазбасында: «Талантты жастарды қамқорлау – әкем үшін әдеттегі іс сияқты еді. Бұл күнде Атыраудан Алтайға дейін созылған қазақ еліне танымал Қанипа Бұғыбаева, Сайын Мұрат­беков, Дүйсенбек Қанатбаев, Ақұш­тап Бақтыгереева, Темірхан Медетбек және талай-талай та­лант­ты қаламгерлердің әкемді ру­ха­ни ұстаз тұтқаны кез келгенге бұйырмайтын бақыт дер едім. Сыр өңірінің талантты перзенті, бала кезінде түйеден құлап, мүгедек болып, төсекке таңылғанына қа­рамастан қолынан қағаз-қаламы түспеген Зейнолла Шүкіровті әкем­нің такси жалдап, өз қолымен көтеріп, ауруханаға жатқызғанын бұл күнде біреу білер, біреу білмейді...

Жетісу жерінің аяулы ақын қызы Қанипаны да әке-шешем кенже баласындай мәпелеп, ем­детіп, балапан өлеңдерін жарыққа шығарып, елге таныстырып, әдеби ортаға қосты. Ол да әкемді ерекше қастерлеумен өмірден өтті. Бәлкім, Қанипа әкемнің көмегінсіз де ақын ретінде ерте ме, кеш пе, әйтеуір жа­рыққа шығар ма еді... Бірақ шық­қан күннің өзінде әдебиетке келу жолы әлдеқайда ұзаққа созы­лар ма еді деп ойлаймын кей-кейде.

Ақын Жұмекен Нәжіме­де­нов­­тің де орны әкем үшін бөлек еді. Оның өлеңдері мен қара сөздерін қалт жібермей, үнемі қадағалап оқып, жоғары бағалайтын. Жұме­кеннің Уитман өлеңдерін терең тү­сініп оқып, соның арқасында биік­ке көтерілгенін мақтан ететін. «Ұс­таздан шәкірт озады» демей ме халқымыз. Шәкіртінің өзінен озға­нына қуанатын. Жұмекеннің көте­рілуін әкем әрдайым заңды құбылыс деп есептейтін» деп жазады.

– Сәрсенбаев ұрпақтарының ішінде қалам ұстағандар бар ма?

– «Қалам ұстаған» деген сөздің мағынасы екі түрлі түсінілуі мүмкін. Мысалы, анам Райхан Әбу­­қызы кәсіби жазушы болмаса да, 95 жасына дейін қолынан қа­ламы түспеген жан еді. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген ұлы Абай сөзін ұстанып, атамыз дүние­ден өткеннен кейін оның мұраға­ты­мен толықтай айналысты. Ата ту­ралы естеліктерді, сондай-ақ оның танымал жазушылар мен ең­бек адамдары жайлы жазған ма­те­риалдарын жинақтап, «Тоқсанның толғауы», «Естеліктер» атты екі кі­тап шығарды. Соны­мен бірге «Өлең­­дер мен поэмалар», «Тол­қын­да туғандар», «Теңіз әуендері», «Жа­уынгер монологы», «Келем қай­тып Европадан» кітаптарының қайта басылып шығуына ықпал етті.

Атамыздың 100 және 110 жыл­дық мерейтойларын министрлік­пен және Жазушылар одағымен бірлесе отырып, жоғары деңгейде өткізуге атсалысты. 2019 жылдың қазан айында атамызға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Осы шараға байланысты мү­сін­шілермен алдын ала кездесіп, макет пен мүсін туралы пікірлерін білдіріп, жасы үлкен болса да біз­бен бірге барлық жұмысқа қатысты. Анам сырқаттанып, төсек тартып қалғаннан кейін сол жұмыстарды перзенттік парызым деп санап, жал­­ғастырып келемін. Әдеби жа­ғы­нан атсалысып жүрген – жазу­шы, Жазушылар одағының мүшесі Заря Жұманова, ал ұйымдастыру жұ­мыс­тарында көмектесіп жүрген – туысымыз, педагог Сәлима Жұ­ма­ғалиева. Биыл біз отбасымызбен атамыздың 120 жылдық мерейто­йын атап өтуді ұйғардық. Атырау облысының әкімдігіне хат жолдап, қызы Райхан апай тұрған үйді мұражай ретінде қалдыру, сондай-ақ ескерткіш жанындағы орта мектепке атамыздың атын беру жөнінде өтініш білдірдік. Атырауда және туған жері Құрманғазы ауы­лында мерекелік шаралар ұйым­дастырылды. Біз жыл бойы ма­те­риал жинақтап, ата туралы, сон­­дай-ақ атаның белгілі заман­дас­тары мен туыстардың естелік­терін құрастырып, жинақ шығар­дық және оның таныстырылымын өткіздік. Қазақстан Ұлттық кітап­ханасы ұжымы көмегімен кітаптар көрмесін және сурет галереясын орна­лас­тырдық. Кездесуге Жазу­шылар одағынан жазушылар, ата­мыздың көзі көргендер, туыс­қан­дар мен студенттер қатысты. Кез­десу өте жылы өтті.

Алда да жоспарымыз көп. Ата­мыздың аты өшпесін деп оның мұрасын ұрпаққа таныстыруды жалғастырып келеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС