Түркістан облысы, Шолаққорған ауылында Тәуелсіздік күні қарсаңында ерекше қуанышты оқиға болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Халық игілігіне жаңа тұрғын үй табысталды. Бұл бастама ел тұрғындарына көрсетілген қамқорлықтың, сондай-ақ жарқын болашаққа деген сенімнің нақты көрінісіне айналды.

Жаңа екі қабатты тұрғын үй ауылдағы Жеткіншек шағын ауданында салынған. Бұрын апаттық жағдайда тұрған баспаналарда тұрып келген бірнеше отбасы енді жаңа әрі жайлы шаңыраққа қол жеткізді. Олар үшін бұл – қауіпсіз, заманауи ортада өмір сүрудің жаңа кезеңінің басталуы.

Тұрғын үй құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорындарының қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген пәтерлер қазіргі заманғы тұрмыстық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Аталған жоба өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге елеулі үлес болып отыр.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырмақ.