Америкалықтардың жартысы биылғы мерекелік маусымда сатып алуды азайтпақ. Тұрғындар азық-түлік пен электр энергиясы қымбаттағанын мәлімдеген.
Президент «инфляция жоқ» дейді, халқының 70%-ы оған сенбейді
Тұтынушылар азық-түлік, электр энергиясына бағаның көп өскенін айтады. Иллюстрация bankrate.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Issiah Davis
427
оқылды

Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz америкалықтардың көңіл-күйіне әсер еткен экономикалық себептерді түсіндіреді.

Тұтынушылардың басым бөлігі азық-түлік пен электр энергиясы сияқты бірінші кезектегі тауарлардың бағасы әдеттегіден көп қымбаттағанын мәлімдеген. AP-NORC қоғамдық саясатты зерттеу орталығы жүргізген жаңа ұлттық сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың көпшілігі мерекелік маусымда бюджеттерін шектеп, шығындарын азайтпақшы.

Респонденттердің шамамен жартысы күнделікті қажет тауарлардан басқаны сатып алуды қысқартатынын және ірі сатып алуларды кейінге қалдыратындарын айтқан. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда тұтынушылық мінез-құлықтың едәуір өзгергенін көрсетеді. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың жартысы ең арзан бағаны іздейтіндерін атап өткен.

Тұтынушылардың басым көпшілігі азық-түлік, электр энергиясы және мерекелік сыйлықтар сияқты негізгі тауарлардың бағасы әдеттегіден көп өскенін жеткізген. Сонымен қатар сауалнама нәтижесі бойынша америкалықтардың 70%-ы Дональд Трамп президенттігі тұсында экономиканың жағдайын «нашар» деп бағалаған.

Бұл деректер америкалықтардың мерекелік бюджетін қайта қарастырып жатқанын көрсететін кең ауқымды басқа зерттеулермен де сәйкес келеді.

Rocket Mortgage және Redfin компаниялары жүргізген сауалнамада респонденттердің үштен біріне жуығы биыл мерекелік безендіруге жұмсалатын шығынды азайтатынын, ал төрттен бірі сыйлық сатып алуды қысқартатынын айтқан. PwC компаниясының «2025 жылға арналған мерекелік болжамы» бойынша тұтынушылар маусымдық бюджетін өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 5%-ға азайтуды жоспарлап отыр. Бұл 2020 жылдан бергі алғашқы төмендеу.The Harris Poll компаниясы Америкалық сертификатталған бухгалтерлер институтының (AICPA) тапсырысы бойынша жүргізген зерттеуде сауалнамаға қатысқан ересектердің шамамен 80%-ы мерекелік сыйлықтар мен сапарлар үшін несие карталарын пайдаланатынын (кредит алады), олардың жартысына жуығы бұл қарызды өтеуді кейінге қалдыратынын мәлімдеген.

Президент Трамп екінші президенттік мерзімінде Ақ үйге қайта оралған соң бағаны төмендетуге уәде берген. Бірақ инфляция оның жоспарына демократ Джо Байден тұсындағыдай қауіп төндіріп отыр. Шын мәнінде, бұл нәтижелер 2022 жылдың желтоқсанында Байден президент болған кезеңде инфляция одан да жоғары болған уақытта жүргізілген AP-NORC сауалнамасымен үндеседі.

Содан бері тауарлардың қолжетімділігі біршама жақсарғанымен, Трамп енгізген импорттық баж салығы инфляциялық қысымды күшейтті. Ол қыркүйекте Truth Social желісінде «инфляция іс жүзінде жоқ» деп жазып, қызметке кіріскен «алғашқы күні-ақ» бағаны төмендетемін деген сайлауалды уәдесін қайталаған еді. Алайда нақты көрсеткіштер бұл мәлімдемеге сай келмей тұр.

Еңбек статистикасы бюросының дерегіне сәйкес, қыркүйекте жылдық инфляция деңгейі 3% болған. Алайда тұтыну бағалары индексіне қатысты соңғы деректер үкімет жұмысының уақытша тоқтауына байланысты жарияланбаған.

АҚШ-та ресми түрде инфляция деңгейі 3% болса, Қазақ Елінің Ұлттық статистика бюросының есебінше 12,4%-ды құраған. Төрт есе көп. Қазақстан халқының табысы бағаның өсуіне ілесе алмай отыр. Әсіресе азық-түлік, коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауы әлеуметтік көңіл күйді нашарлатып жіберді.

Екі елдегі инфляцияның өсу себептері әртүрлі. АҚШ-та инфляция көбіне импорттық тарифтер мен тұтынушылық сұранысқа байланысты болса, Қазақ Елінде ол ұлттық валютаның әлсіреуі, нарықтағы бәсекенің төмендігі және құрылымдық тәуелділікпен тығыз байланысты. Соған қарамастан, екі елде де инфляция халықтың тұтыну мінез-құлқын өзгертті. Адамдар үнемдеуге көшіп, ірі сатып алуларды кейінге қалдыруда.

Инфляция деңгейі әртүрлі болғанымен, оның әлеуметтік салдары АҚШ пен Қазақ Елінде ұқсас – халықтың экономикалық сенімі әлсіреп, күнделікті шығындар басты алаңдаушылыққа айналған.

Қазақ Елінің теңгесінің әлсіреуі неге инфляцияны күшейтеді?

Қазақ Елінде инфляцияның теңгенің әлсіреуімен тығыз байланысты болуының бірнеше себебі бар. Бірінші, біз тұтыну тауарларының, техника, дәрі-дәрмек, киім-кешек, азық-түліктің елеулі бөлігін шетелдерден импорттаймыз. Теңге әлсіреген кезде импорттық тауарлар автоматты түрде қымбаттайды. Бұл бағаның жалпы деңгейін көтереді.

Екінші, кез келген отандық өнімде шетелден әкелінетін құрамдас бөліктер, жабдықтар, логистика бар. Олар доллар немесе еуромен бағаланады, теңге құнсызданса, өндіріс шығыны өседі. Бұл түпкі бағаны өсіреді.

Үшінші, қазақ бизнесі де, тұтынушы да бағаны әлі де доллар бағамымен салыстырып қабылдайды. Теңге әлсіресе, кәсіпкерлер алдын ала сақтану үшін бағаны көтереді. Бұл да инфляцияны күшейтетін психологиялық фактор.

Төртінші, қазақ экономикасы мұнай мен шикізат экспортына тәуелді. Мұнай бағасы төмендегенде немесе сыртқы дағдарыстар кезінде теңге әлсірейді. Әлсіреген валюта ішкі нарықтағы бағаны өсіреді, азық-түлік пен қызметтер қымбаттайды.

Сондықтан Қазақ Елінде инфляция тек ішкі сұранысқа емес, ең алдымен, ұлттық валютаның құнсыздануына тәуелді. Ұлттық валюта әлсіресе импорттың бағасы өседі, өндіріс шығындары қымбаттайды. Бұның бәрі тұрғындардың бюджетіне салмақ салады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.