Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Александр Нетесов «Анашым» әнін орындап, әлеуметтік желі қолданушыларының зор ықыласына бөленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
TikTok платформасында жарияланған бейнеролик 100 мыңға жуық қаралым жинап, 8 мыңнан астам лайк пен 1200-ден аса жағымды пікірге ие болды. Қолданушылар бейнероликті жылы қабылдап, орындаудан шынайы эмоция алғандарын жазды.
Александр Нетесов - Ұлттық ұланның ән - би ансамблі Ерлер хорының солисі, концертмейстер. Мемлекеттік тілдегі орындауын желі қолданушылары жүрекке жететін, шынайы әрі қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне деген терең құрметке толы деп бағалады. Көпшілік ана туралы ән оның орындауында ерекше әсерлі әрі жан тебірентерлік шыққанын атап өтті.

Александрдың қазақ тіліне қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол Ресейдің Кемерово қаласында дүниеге келіп, төрт жасында анасымен бірге оның туған жеріне қоныс аударған. Балалық шағы өткен шағын ауылда күнделікті қарым-қатынас қазақ тілінде өрбіген. Сол ортада өскен бала айналасындағыларды түсініп, олармен бір тілде сөйлесуге ұмтылған.
Бүгінде қазақ тілі Александрдың шығармашылық жолында да айрықша орын алады. Ұлттық ұлан ансамблінің репертуарында қазақ тіліндегі шығармалар көп. Солардың бірі - ұжымның визиттік карточкасына айналған «Туған жер» әні. Бұл туындымен Ансамбль елдің алғашқы тұлғалары мен шетелдік қонақтар алдында өнер көрсетіп, Ақтөбе қаласында өткен байқауда Гран-при иеленген.
Александрдың айтуынша, қазақ тілін меңгеру халықтың мәдениеті мен болмысын терең түсінуге жол ашады. Ол күнделікті өмірде қазақ тіліндегі әндер, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді орыс тіліне қарағанда жиі қолданатынын айтады. Сонымен қатар ол ағылшын тілін де еркін меңгерген және тіл үйрену адамның мүмкіндігін кеңейтетініне сенімді.
Александр Нетесов Ұлттық ұландағы қызмет, мәдениетке құрмет пен жеке ізденіс тоғыса отырып, өнер мен тіл арқылы адамдарды жақындастыра алатын тұлға қалыптастыратынын айқын көрсетеді.