Үкіметтің 2025 жылғы жұмысының қорытындысын шығару бойынша Astana Hub-та өткен баспасөз конференциясында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жылыту маусымын өткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
9 апатты энергия көзі жөнделіп, жылу желілерінің тозуы 25 пайыз төмендеді – Энергетика министрлігі
139
оқылды

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында «жасыл технологиялар» жобаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жаңартылатын энергия көздері саласында Қазақстан әлемдік инвесторлар үшін тартымды алаңға айналып отыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша, таза энергия генерациясының үлесі жалпы өндіріс көлемінің 7%-нан асты, ал стансалар саны 159-ға жетті.

«Биыл 266 МВт жиынтық қуатқа ие бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Қарағанды және Ұлытау облыстарында жаңа жел электр стансалары, Қызылорда және Маңғыстау өңірлерінде күн парктері пайдалануға беріліп, еліміздің энергетикалық жүйесіне нақты үлес қосуда»,  деді Ерлан Ақкенженов.

Сала дамуының ең бір маңызды кезеңі бірінші рет гигаваттық класты жел электр стансасын және энергия жинау жүйелерін салу бойынша ірі аукционның өткізілгені болды. Бұл қадам елімізде икемді әрі тұрақты энергетикалық жүйе құруға жаңа мүмкіндіктер ашты. Аталмыш тәжірибе нарықтың ірі жобаларды қабылдауға және заманауи технологиялық шешімдерге дайын екенін көрсетті.

Сондай-ақ Үкіметтің 2025 жылғы жұмысының қорытындысын шығару бойынша Astana Hub-та өткен баспасөз конференциясында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жылыту маусымын өткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. 

Есепті кезеңде энергетика саласында ең маңызды нәтижелерге қол жеткізілді – инфрақұрылымның ұзақ жылдар бойы созылған тозуы тоқтатылып, активтерді ауқымды жаңарту циклі іске қосылды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты енгізілгеннен кейін электр стансаларын жөндеу жұмыстарына салынған капиталдық инвестициялар 20%-ға артты, бұл енгізілген принциптің тиімділігін көрсетеді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесі сенімділіктің нақты көрсеткіштерімен бағаланады. Ұзақ жылдан бері алғаш рет ел бойынша ЖЭО (жылу электр орталықтары) жабдықтарының жалпы тозуы азайып, көрсеткіш 61%-ға жетті. Жоспарланған барлық жөндеу жұмысын орындау Кентау, Риддер және Екібастұз стансалары секілді барлығы 9 энергетикалық нысанды тәуекел аймағынан шығаруға мүмкіндік берді.

323 шақырымдық жылу желілерін қайта жаңғырту нәтижесінде тұтынушыларға тұрақты жылу жеткізу қамтамасыз етіліп, инфрақұрылымның тозуы 52%-ға төмендеді. Жылу желілеріндегі апаттық жағдайлар саны 25%-ға кеміді.

«Инфрақұрылымды қалпына келтірумен қатар жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2025 жылы Текелі энергетикалық кешенінде газотурбиналық қондырғылар пайдалануға берілді, ал Топар МАЭС-інде (мемлекеттік аймақтық электростанса) 130 мегаватт қуаттылығы бар жаңа турбоагрегат сәтті іске қосылды. Энергетикалық жүйе сұраныстың алдын орап, рекордтық көрсеткіш сағатына 118 млрд киловатт электр энергиясын өндірді»,  деді Ерлан Ақкенженов.

Келесі жылдан бастап Үкімет өңірлік деңгейде жылумен жабдықтау схемаларын қайта қарау бойынша жүйелі жұмысқа кіріседі. Пилоттық жобалар Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында жүзеге аспақ.