Бірақ Еркебұлан Тоқтардың пікірінше, бұл сұрақты оған емес, атақты табыстаған тұлғаларға қойған жөн.
«Сөйлей берсін, айта берсін...»: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Тоқтар өзіне қатысты сынға жауап берді
279
оқылды

Танымал әртіс және аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар  TalkLike  бағдарламасына берген сұхбатында атақ алғаны үшін өзін сынағандарға жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Е.Тоқтардың айтуынша, оған бұл атақтың не үшін берілгенін жиі сұрайтындар бар. Бірақ Еркебұлан Тоқтардың пікірінше, бұл сұрақты оған емес, атақты табыстаған тұлғаларға қойған жөн.

– Маған "Бұл атақ не үшін берілді?" деп сұрайтындар көп. Бірақ оны менен емес, берген адамдардан сұрау керек деп ойлаймын. Маған берілді – мен алдым. Бұл атақты әкім бермейді, халық та таңдамайды. Бұл – депутаттыққа немесе әкімдікке сайлау емес қой. Егер халық таңдайтын болса, мен бәрібір алар едім. Әлеуметтік желіге салсам, оқырмандарым қолдайды. Қазір менің парақшамда шамамен 1,4 миллион оқырман бар, барлығы мені жақсы көреді. Бірақ бұл дауыс беру арқылы шешілетін дүние емес. Жоғарыдағылар солай шешкен екен. Себебін мен де сұраған жоқпын, өйткені бұл маған нақты пайда әкелмейді. Мемлекеттен ақша алмаймын. Тегін емделуге болады дегенді естідім, бірақ маған ол да қажет емес. Өзімнің жеке дәрігерлерім бар, оларға ақша төлеп қараламын, – деді ол.

Әртіс бұл марапатты өзінің үлкен жетістігі ретінде бағалайды.

– Маған награда берілді, мен оны ризашылықпен қабылдадым. Бұл – үлкен жетістік. Өте қатты қуандым. Лайықпын ба, лайық емеспін бе – оны мен емес, атақты табыстаған адам шешеді. Қалғандары сөйлей береді, айта берсін. Мен ешкімнің аузын жаппаймын, – дейді Еркебұлан Тоқтар.