«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин аталмыш команданың және Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбековтің болашағына қатысты ашық пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Биылғы маусымда Т.Анарбеков Еуропадағы футбол аренасында өзінің мықты қырын көрсете алды.
Мамандардың пікірінше, Темірлан ішкі біріншілік аясынан асып, енді өз бағын мықтырақ лигада сынауға дайын.
– Темірланға мықтырақ чемпионатта өз күшін сынап көру керек. Ол әр матчта өзінің деңгейін көрсетіп жүр. Егер жаңа ортада да осылай жалғастырса, одан әрі өсуі мүмкін. Қақпашы ретінде Анарбеков әлі жас. Егер шетелге кетуге мүмкіндік болып жатса, біреу қызығушылық танытып, шақырса, өте жақсы болар еді. Әзірше «Қайратқа» нақты ұсыныстар түскені туралы хабар естіген жоқпын, бірақ БАҚ-та Еуропа клубтарының оған қызығып жүргені туралы жазылып жатыр, – деді Уразбахтин «Чемпионат» порталына берген сұхбатында.
Биылғы Чемпиондар лигасы маусымында Темірлан Анарбеков турнирдің ең көп талқыланған ойыншыларының бірі болды. Өйткені ол жасаған сейвтер саны бойынша көш бастап, Еуропаның жетекші сараптамалық порталдарынан жоғары баға алған.