Бейжің уақыты бойынша сағат 09:08-де «Қытай – Қазақстан» наноспутнигі 530 км биіктікте орбитаға сәтті шығарылды. Ғарыштық зерттеулерге арналған бұл құрылғы Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (СБПУ) мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп әзірлеген.
Наноспутник Ziwei Aerospace компаниясының «Диэр-5» (Яо-8 миссиясы) ғарыш аппараты арқылы «Куайчжоу-11» зымыран тасығышымен орбитаға жеткізілді.

Айта кетейік, 2024 жылы ҚазҰУ мен СБПУ микроспутниктерді зерттеу бағытында бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізу туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің ресми сапары кезінде келісілген болатын.
Наноспутник бірнеше негізгі міндеттерді жүзеге асырады: мақсаттарды жоғары тұрақтылықпен маневрлі бақылау, икемді сенсорларға негізделген платформа ориентациясын динамикалық қабылдау және компенсациялау, сонымен қатар OpenHarmony ашық бастапқы коды бар операциялық жүйеге негізделген қашықтықтан зондтау кескіндерін автономды тану.

Әзірлеменің негізгі төрт артықшылығы бар: коммерциялық компоненттер мен инновациялық дизайн арқылы жоғары экономикалық тиімділік; жоғары тұрақтылық пен дәл бағыттау; ориентация қателерін бейімделген түрде компенсациялауға арналған жоғары есептеу қуаты; деректерді Жерге жылдам алып-жеткізу үшін жоғары оперативтік әрекеттестік.
Жоба ҚазҰУ базасындағы СБПУ филиалы, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ұлттық бірлескен зерттеу лабораториясы, Әуе-ғарыш институты және Икемді электроника ұлттық негізгі зертханасының қолдауымен жүзеге асырылды.

Жобаның консультанты – академик Хуан Вэй, жалпы жетекшісі – профессор Юэ Сяокуй, жетекшінің орынбасары – ҚазҰУ профессоры Зәуре Баянқызы Рақышева. Бірлескен зерттеу тобына Қытай мен Қазақстаннан 20-дан астам маман және жас зерттеуші қатысты.
Бұл бірлескен жұмыс ғарышты зерттеу, білікті мамандар даярлау және ортақ спутниктерді жасау, сондай-ақ, микроспутник арқылы Жерді қашықтықтан зерттеу мүмкіндігін береді.
Қосымша ақпараттармен Қытай сайттарынан танысуға болады https://mp.weixin.qq.com/s/ws2Sri6_wNtTrZGkTEInWA.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.