Цензура ма, әлде белгілі бір себептер болды ма, көп айтыла бермеген, тәуелсіздік алғаннан кейін, оның өзінде бертінде ғана кітаптары шыға бастаған жазушының бірі – осы Бекежан Тілегенов. Оның бұл романы ұзақ жыл оқырманын күтіп, шаң басып архивтерде қалып қойды. Шығармада кеңестік жүйенің қасаң саясатына қарсы шыққан қазақ жастарының жанайқайын, ұлттық намысы мен әділетке деген адалдығын шынайы бейнелейді.
Жазушы роман кейіпкерлері арқылы сол кезеңдегі қоғамның ішкі қайшылығын, жастардың тағдырын, еркіндікке ұмтылған жүректердің қайсарлығын баяндайды. «Сексен алтыншы жыл» – Желтоқсанды қасірет қана емес, ұлт санасын сілкіндірген, тәуелсіздікке бастар жолдың алғашқы қадамы ретінде танытатын, оқырманды елдік пен ерлік рухына жетелейтін көркем шығарма.
«Бекежан Тілегеновтің «Сексен алтыншы жыл» романы алғаш рет 1994 жылы республикалық «Жұлдыз» журналының №7-9 сандарында басылып, Алаш баласының азаттығы жолында шейіт болған қазақтың қайсар қыздары мен намысын жігеріне жаныған жігіттердің жан әлемін әйгілеп берді. Бір қарағанда, тәуелсіздікке тілекші болған жастармен қатар өткен ғасырда саясаттың сойылын соғып, дойыр қамшысымен дүрсе қоя беретін, биік мінберлерде мінсіз болып көрінген жандардың кескін-келбеті, бірінің аузына екіншісі түкіріп қойғандай сөйлей жөнелетін саяси персонаждардың өзі жазушы суреттеуінде ерекше реңк тапқан», – дейді жазушы Қуат Қиықбай.
Романның өзегі – кеңестік биліктің әділетсіз шешіміне қарсы алаңға шыққан қазақ жастарының жанайқайы. Автор Желтоқсанды бірсәттік толқу немесе кездейсоқ бас көтеру емес, ұлт санасында ұзақ жылдар бойы қордаланған наразылықтың заңды көрінісі ретінде бейнелейді. Алаңдағы суық күн, қаһарлы күш, жазықсыз жапа шеккен жастардың тағдыры – барлығы да оқырманды сол бір кезеңге жетелейді.
Шығармадағы кейіпкерлер – нақты бір адамның бейнесінен гөрі тұтас бір ұрпақтың символы деуге де болады. Олардың бойынан қайсарлықты, ұлттық рухты байқайсың. Шығарманың өн бойында сол заманның үні сезіліп тұрғандай әсер қалдырады. Автор әр кейіпкердің ішкі жан әлемін, қорқыныш пен үмітті, күйініш пен сенімді шынайы суреттейді. Өзінің де бұл жөнінде: «Бұл роман менің өмірімде, творчествомда ерекше орын алады. Бұл – көркем шығарма. Бірақ таза ойдан шығарылған дүние де емес, жалаң фактілерге құрылған шығарма деуге болмайды. Бұл романның кейіпкерлерін ойдан шығарған жоқпын. Кітап жазылып, жарық көргеннен кейін ғана, әбден қалжыраған бойға қуат шақырып, ес жиғаннан кейін ғана, осынша үлкен де кеңкөлемді тақырыпты, қат-қабат өмір көріністерін, соншама адамның тағдырын баяндауға әрекеттенгеніме қайран қаламын. Осы қиындықтан қалай өттім, қалай еңсердім, оны айтып жеткізе алмаймын. Оған менің шамам келетін емес. Творчествоның бірсәттік мезеті осылай туатын болар. Осындай күрделі шығармаға енген, өмірде орны бар, болмысы бар, белгісі бар жандарды жансыз қағазға енгізіп, жан бітіріп, әдебиеттегі өміріне дем беріп, кейіпкердің өміріне араласып, солардың өмірін өз басыңнан кешу де оңай емес. Ал оны сөзбен жеткізу де қиын ба деймін», – деп жазғаны бар.
Тұтастай алғанда, туынды шарықтау шегі мен шиеленісу тұсындағы лирикалық шегіністерді есепке алмағанда, бар болғаны он бір айдың ішінде болған оқиғаларға ғана құрылған. Жазушының байқампаздығын білдіретін, аңғарымпаздығын айқындайтын «Сексен алтыншы жыл» романы: «Бұл еңбегімді «Декабристер» деген атаққа қалып, 86-жылдың бас қасіреті мен тауқыметін көтерген қазақ жастарына арнадым» деген ескертпесімен бетін ашып, Мәскеудің кино институтын тәмамдап, Алматыға кинорежиссер болып оралған Айдынның тұрмыстағы кикілжіңінен басталады.
«Расында да, Бекежан Тілегеновтің 90-жылдары жазылған көркем дүниелері арқылы көлемді дүниеге кең құлаш сермегені айдан анық көрінеді. Үлкен дайындықпен келгені – тақырыпты ашу мен сөз саптауы өзгеше мұратты танытады. Шығарманың негізгі кейіпкерлері – Айдын мен Жібек, Айдын мен Нәзік айналасында өрбитін оқиғалар барынша адам жанынан, олардың арман-аңсарынан хабар беріп отырады. Шынын айтсақ, оқиғаның дамуынан асып, шиеленісу тұсына дейінгі аралықта Айдынның отбасы, ошақ қасы маңында өрбіген оқиғалар жиынтығы мен бірсыдырғы баяндау да, көпсөзді диалогтар да кейіпкерді мейлінше аша түсуді көздегенін ұғуға болады. Жазушы кейбір көріністер мен сезім қытықтайтын әсерлі суреттер арқылы романның негізгі жүгін ұмыттырып, тіптен басқа қиырға тартатындай көрінетіні рас-ты. Ал, шын мәнінде, Желтоқсан оқиғасының құрбаны болып оққа ұшқан, жүкті әйелі көз жұмған Айдынның жанайқайымен, бірді-екілі адамдар арқылы жазушы мыңдардың мұңын, қыршынынан қиылған жастардың қасіретті тағдырын жарияға шығарып отыр деуге болады», – дейді Қуат Қиықбай.
Роман 1994 жылы жарыққа шыққанын айттық. Алғаш шыққан кезде ағалық лебізін білдіргендердің бірі Әзілхан Нұршайықов болған екен. Ол бұл туралы пікірін «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялайды. «Сексен алтыншы жыл» романын оқып жатырмын. Қызықтырып, тартып әкетіп барады. Бас алдыратын емес... Бекежанға әбден риза болдым. Шешен де, шебер де, батыл да екен. Сонысы сүйсіндірді... Апыр-ау, Бекежан қандай білімді, жорғадай тайпалған сөз шебері болып қалыптасқан», – дейді қаламгер.

Нұршайықовтың сүйсінетін жөні бар. Өйткені бұл романның тағы бір артықшылығы – тарихи әділетті қалпына келтіруге деген ұмтылысы. Шығармада Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қуғын-сүргін, жазықсыз жазаланған жастардың тағдыры, олардың өмір бойы арқалап өткен рухани жарасы ашық көрсетіледі. Бұл – тек өткеннің шежіресі емес, келешек ұрпаққа қалдырған аманаты іспеттес.
«Диалог үлкен жүк көтереді. Дәл айтылған диалог арқылы талай ойды, талай нәрсені айтып үлгересің. Мысалы, махаббат туралы сезімді ұзақ баяндап, мезі қылғаннан гөрі қысқа диалог арқылы дәл жеткізіп, шынайы көрсетуге болады. Диалог адамның мінезін де, бейнесін де бере алады. Менің айтып отырғаным орынсыз шешенсіген мылжың диалог емес, өмірдің өзіндегідей шынайы, адамдардың өзіндей түрлі де тартымды диалогтарды айтамын. Сондықтан «Сексен алтыншы жылда» мен диалогқа көп мән бердім» деп жазады қаламгер өзі туралы жазбаларында.«Сексен алтыншы жыл» романы тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге, сол бір зұлмат жылдардың ақиқатын кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталғаны сөзсіз еді.
Жазушының бұл шығармасы әлі де лайықты бағасын ала қойған жоқ. Дегенмен бір кездері көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бекежан Тілегенов деген өте үлкен жазушы шықты. Классикалық екі роман жазды, біреуі «Қара жер» деген шығарма, полигон туралы, біреуі – «1986 жыл». Ол – желтоқсан емес, партноменклатура туралы. Мен кезінде айтқам: «қазақ үлкен халық болса, полигон қазаққа үлкен қасірет болса, қазақ әдебиеті дамыған әдебиет болса, жазылуы керек еді осындай шығарма». Ал «1986 жылы» болса, партноменклатура, біздің партияның басшылығы, оның ақыры қандай апатқа әкелгені туралы» деп айтқаны бар-ды. Мағауиннен асырып, ештеңе айта алмаспыз.
Қалай десек те, «Сексен алтыншы жыл» – тәуелсіздік рухын ұлықтайтын тағылымды шығарма екенін мойындауымыз керек. Әлі де оқырман бұл шығармаға өз бағасын бере жатар. Бастысы, роман оқырманды ел тарихына бейжай қарамауға, еркіндіктің қадірін терең сезінуге үндейді. Шығарма сонысымен құнды, бағалы болары сөзсіз.
Айна ХАСАН