Елорда жастарының ұлттық ойынға ықыласы артып, спорт саласы жаңа қарқында дамып жатыр. Жаңа заманның ұрпағы да ата-баба ізін жалғап, батырлардың ерлігін тай­­салмай қайталай алады.
Бүгінгінің Толағайы «Бала Толағайда»
135
оқылды

Арқан тарту, найза лақтыру, ләңгі тебу, қошқар көтеру, қапшықпен жүгіру және садақ ату өнерін 12-13 жастағы оқушылар меңгеріп жүр. Қазақ жастары ұлттық болмысын тани түсіп, сан ғасырлар бұрынғы тарихи сәтті бар жанымен сезіне алады десек қателеспейміз. Осы орайда Астана қаласында «Бала Толағай» байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Астана әкімдігінің қолдауымен Қ.Кемеңгерұлы атындағы №49 мектеп-гимназиясында алғаш рет «Бала Толағай» ұлттық күштік ойындарының қалалық ашық чемпионаты өтті. Спорттық турнир Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдасты­рылған. Басты мақсат – ұлттық спортпен айналысып жүрген жастарды қолдау, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттау, жігерлі, дені сау ұрпақ қалыптастыруға күш салу.

Сайыс №49 мектеп оқушылары үшін қос қуаныш сыйлады. Алғашқы қуаныш – іс-шара аясында ұлттық спортты дамытуға, ұлттық ойын түрлерін еркін меңгеруге мүмкіндік беретін «Бала Толағай» залының ашылу салтанаты. Енді жас спортшылар су жаңа залдың игілігін көріп, арнайы залда алаңсыз жаттығады әрі жаңа сайыстарға ерекше қарқынмен дайын­далмақ. 

– «Бала Толағай» залында жаттығу оқу­шыларды күшті, төзімді, епті болуға жүйе­лі түрде дамытады. Дене шынықтыру пәнінде де ұлттық ойындарға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Оқу бағдарламасына да кіріктірілген, –  дейді №49 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ерлан Болатұлы.

Мектеп ойыншылары кіл мықты екенін дәлелдеп те үлгерген-ді, команда қалалық чемпионатта бірінші орынды қанжығаға байлап қайтты. Екінші орынды Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі, үшінші орынды М.Дулатов атындағы №68 мектеп-гимназиясының ойыншылары өзара бөлісті. Қалалық сайыста №21 орта мектебі, Б.Сырттанұлы атындағы №34 орта мектеп, А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі, Қ.Кемеңгерұлы атындағы №49 мектеп-гимназиясы, Райымбек батыр атындағы №50 мектеп-лицейі, Қ.Сәтпаев атындағы №61 мектеп-лицейі және №68 мектептің жас спортшылары бақ сынады. Жалпы, жеті мектептен 80-нен аса оқушы спорттық сайысқа қатысқан. Оқушылар 12 және 13 жас санаты бойынша екіге бөлінді және әр команда да бір-бірден қосалқы ойыншы жасақталған. Ұйымдастырушылар үздіктерді анықтап, қолдап қоймай, өзге оқушыларға ұлттық спорт түрлерін таныстыруды мақсат етеді. Спорттық турнир бұдан әрі мерекелік бағдарлама, сахналық қойылымға ұласты.

Биыл «Бала Толағай» сайысы елор­дамызда бірнеше мәрте ұйымдас­тырылды, мәселен, халықаралық Балаларды қорғау күніне орай 7-8  сынып оқушыларына арна­лған аймақтық байқау өтті. Бұл бай­қауға да №49 мектеп оқушылары  қатысты. Ал бұл мектепте «Бала Толағай» турнирі алғаш рет өтіп отыр, мектеп басшысы Жай­нар Аманбайұлы сол себепті де сайысқа қатысу оқушылардың алғашқы қадамы әрі жаңаша тәжірибесі деп бағалады.

– Ұлттық ойындар қазақ мәдениетімен астасып-қабысып жатқандықтан,  ұлттық спорт түрлерін дамытайық деген бастаманы қолға алдық. Сайыс қаншама оқушыға тәжірибе берді. Оқушыларымыз найза лақтырып, садақ атып үйренді. Балалар жарысып қоймай, өз мәдениетін тереңірек танып жатыр. Мұндай іс-шаралар салауатты өмір салты мен ұлттық салт-дәстүрге қызығушылықты қалыптастыра береді, – дейді мектеп директоры.

Сайыстан соң оқушылардың әсерін білуге тырыстық. 

– Чемпионатқа қатысуға қажырлық пен жауапкершілік қажет. Бұл жеңіс – күнделікті жаттығу мен ұстаздардың қолдауының жемісі. Алда да ұлттық спортты дамытуға дайынбыз, –  дейді №49 мектеп оқушысы Өркен Ерасыл. 

№68 мектептің оқушысы Әлинұр ұйымшылдықтың аса қажет екенін жеткізді.

– Өте қызық әрі пайдалы спорттық іс-шара болды. Командамыз үшінші орын алды. Арқан тарту кезеңі қатты ұнады, командамен бірге жұмыс істемесең, жеңіске жету мүмкін емес. Басқа мектептің балаларымен танысып, араласып та кеттік, – дейді Әлинұр.

Сайыстың «Бала Толағай» деп аталуы да өткен мен бүгіннің байланысын жаңғыртып жатқандай әсер сыйлады. «Бала Толағайға» қатысып, ұлттық спортпен айналысып, шеберлігін шыңдаған әр жасты бүгінгінің Толағайы деп санайық.

Айсұлу СЪЕЗХАН