Азаттық алғалы Қазақстан қол жеткізген екіжақты, көпжақты келісімдер Тәуелсіз­дікті биіктеткен берік тұғырдың біріне айналды.
Сыртқы саясаттағы салиқалы ұстаным
коллаж: Елдар ҚАБА
196
оқылды

Ол елдің еркіндігін, жердің бү­тін­дігін, мемлекеттің егемендігін нығайтуға сүбелі үлес қосты. Экономикалық ынтымақтастыққа алтын көпір, саяси серіктестікке тиімді дәнекер болған ха­лықаралық өзара тиімді уағдаластықтар елге замананың қилы өткелдерінен аман өтуіне септесті. 

Сыртқы істер министрлігінің дере­гін­ше, Қазақстан Республикасы 5 мың­нан аса көпжақты және екіжақ­ты келі­сім бекітті. Ішінде мемлекетаралық, үкі­­­метаралық және ведомствоаралық шарт­тар бар. Қазақстан – жалпы саны 90-ға дейін жететін халықаралық ұйым­ға мүше.

Президентіміздің айтуынша, біздің ха­лықаралық аренадағы қызметіміздің бас­ты мақсаты – Қазақстанның және хал­­­­қымыздың мүддесін ілгерілету. «Жуан жұдырық» алпауыт елдер ықпал ету кеңістігі үшін «үшінші әлемде» қиян-кескі қырғын салып, аласұра ар­па­лысып жатқан кезеңде Қазақстан аз­шылық елдерге азды-кем қорған бо­лар халықаралық құқық пен БҰҰ Жар­ғысының үстемдігі үшін күресіп келеді. Бұл да – Қасым-Жомарт Кемелұлының пәтуалы пайымы. Ол мұны Шымкент қа­ласының жұртшылығымен жүздесу ке­з­інде сыр қылып айтқан еді.

– Біз халықаралық қатынастарда әді­леттілік, ішкі істерге араласпау, мем­ле­кеттің егемендігі мен территориялық тұ­тастығын құрметтеу қағидаттарын ны­ғайтуды аса маңызды санаймыз. Біз­дің сыртқы саясатымыз бұрынғыдай тең­герімді, көпбағытты және конс­трук­тивті болады. Қазақстан Ресеймен одақ­тастық қарым-қатынасты, Қы­тай­мен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүд­делі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай ке­летініне сенімдімін, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қазақстан бүгінде БҰҰ және оның МАГАТЭ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, ЮНКТАД, ЮНИДО, Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Халық­аралық еңбек ұйымы, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Халық­аралық валюта қоры, БҰҰ Даму бағ­дарламасы сияқты әртүрлі саланы қамтитын көптеген ұйымының сыртында ДСҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, Ислам елде­рі мен Түркі мемлекеттерінің түрлі ұйымы­на – жалпы саны 180-ге жуық ұйым мен бірлестікке қосылды. 

Ресей саясаттанушылары қоғамының талдау орталығының директоры Андрей Серенко Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың сонау 90-жылдардан бері елдің сыртқы саясатының бастауларында тұрған, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болған әлемдік деңгейдегі кәсіби дипломат екенін еске салды. Саясатта мұндай бэкграунд жоғары бағаланады: геосаяси картадағы қозғалыстың даму барысын болжай танып, бірнеше жүріске алға оза бағамдауға Қазақстан лидерінің қабілет-қарымы жетеді. 

Ол Ресей, Қытай, Орталық Азия және Батыс мемлекеттері сияқты стратегиялық маңызды елдермен және аймақтармен тығыз әрі тиімді дипломатиялық байланыс­тарды, саяси серіктестікті жаңаша дамытты. Саясаттанушының айтуынша, Тоқаевтың қызметі әлемдегі және аймақтағы күрделі геосаяси жағдайда көпвекторлықты сақтап қалуымен, алыс-жақын елдермен өзара пайдалы, прагматикалық ынтымақтастықты өркендетуімен, Қазақстанның «Орта держава» рөлін күшейтуімен құнды.

Өз ұям – Орталық Азия

Мемлекет басшысының сыртқы саяса­тының стратегиялық басым бір бағыты – Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны өрге сүйреуді қарастырады. Тоқаев тұсында өңір ішіндегі интеграция Қазақстанның №1 басымдығына айналды, еліміздің сырт­қы саясаты «глобализмнен» «сындарлы регионализмге» бет бұрды. Өңірдегі барлық республика – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан арасында тұңғыш рет «XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қойылды. Құжат Қазақстан лидерінің 2022 жылғы 20 шілдедегі №963 Жарлығымен бекітіліп, Парламент рати­фикациялады. 

Қазақстан бастамашы болған бұл тарихи құжат аясында Орталық Азия мемлекеттері экономикалық, су-энергетикалық, көліктік, логистикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуетін бірге әрі жан-жақты дамытуға бағытталған өңірлік кооперацияны жолға қояды. Сондай-ақ аталған шарт шеңберінде ОА елдері өзара туындаған барлық дауды тек бейбіт жолмен шешуге, сонымен қатар араға сыртқы күштер сына қағып, іріткі салмауы үшін бір-біріне қарсы бағытталған әскери, саяси және басқа блоктарға кірмеуге міндеттеме алды. 

Түркі әлеміне жататын түбі, төркіні бір елдер бірігіп, тәуелсіздікті талап етпеуі үшін патша өкіметі, кейінде – Кеңес Одағы Орталық Азия елдері арасында түрлі сипат­тағы араздықты қоздыруға тырысты, бір республиканың жерін, тұтас облыстарын екіншісіне қосып, территориялық жанжалды қоздырды. Бағзы замандардан бері халықтар бірге пайдаланып келген су көздерін – өзен, көл, дарияларды әділетсіз бөліске салды. Тәуелсіз Қазақстанның басшылығына осы және басқа да мемлекетаралық түйткілдердің түйінін тарқатуға тура келді. 

Бұл тараптағы тарихи саяси келі­сімдердің арасынан 2022 жылғы «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақ­тастық қатынастар туралы шартты» тілге тиек етуге болады. Осы стра­тегиялық құжат арқасында Қазақстан мен Өзбекстан жаңа тарихында алғаш рет қалыпты стратегиялық серіктестіктен толыққанды одақтастыққа көшті.

Бір қызығы, осы тарихи шартта НАТО-ның «5-ші параграфы» үлгісінде қазақ пен өзбек елдерінің сыртқы жаудан бірлесе қорғануын қарастыратын «5-бап» пайда болды. «Тараптар сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік салаларында өзара тығыз іс-қимылдар жасайды. Тараптар екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайтады», – делінген онда. 

Мұның сыртында Орталық Азия бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзара тиімді әскери ынтымақтастық жасайды. Басқаша айтқанда, Астана мен Ташкент бүкіл өңірдің қауіп­сіздігінің өзіндік бір кепіліне айналуға тиіс. Қ.Тоқаев өңір тұрақтылығының темірқазығы ретінде «Астана-Ташкент тандемін» құрды. 

Қазақстанның халықаралық аренадағы қайсарлы, табанды іс-қимылдары арқасында ОА өңірі дара субъектілікке ие болды. Ғұлама Абайдың «Толық адам» пәлсапасына салсақ, Орталық Азия «Толық өңірге» айнала бастады. Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемле­кеттер ретінде таниды. Енді ол өз қауіп­сіздігін сыртқы ойыншыларсыз-ақ қам­тамасыз етуге қауқарлы болуға қадам жасады. 

Геосаяси ойындардың нысан-объектісі емес, ойыншы-субъектісіне айнала алғандықтан, Орталық Азиямен дос болуды қалағандар көбейді. Қазақстанның тікелей қолдауымен «ОА+Қытай», «ОА+АҚШ», «ОА+Германия», «ОА+Еуропалық Одақ», «ОА+Жапония» сияқты ынтымақтастықтың жаңа форматтары дамытылып жатыр. Онда басты назар экономикаға, қауіпсіздікке және ортақ сын-қатерлерге қатысты мәсе­лелерге шоғырландырылады. 

Тату-тәтті араласу және өзара коопе­рациялану арқасында 2024 жылы өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған екен. Аймақ елдері бұл рекордқа тоқмейілсіп, тоқтап қалмайды. Енді осы көрсеткішті 20 миллиард долларға жеткізуге уағдаласып отыр. 

Қауіпсіздіктің бір кепілі – Қытай

Шығыс көршінің тілін білетін және 90-жылдардан бері оның тілін таба білген Тоқаев тұсында қытайлық вектор теңдессіз экономикалық және саяси мазмұнмен толықты. 2023 жылғы қарашада екі ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілді және бүгінде қытайлар қазақ еліне еш шектеусіз еркін кіріп, 30 күн бойы қалауынша қозғала алады. Екі ел арасындағы сауда айналымы екі ел тарихында ешқашан болмаған ең жоғары көрсеткішке – 44 миллиард долларға жетті. Болашақ меже 100 млрд болса керек.

2023 жылғы 17 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барғанда, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Қазақстан мен Қытай өз қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басқанын» ресми жариялады. Бұдан бөлек, 2023 жылғы «Сиань декларациясында» ҚХР Қазақстанның территориялық тұтастығы мен егемендігіне кепілдік беретінін жазып көрсетті. Екі көрші бүгінде жаңа Жібек жолын, «Бір белдеу мен жол» бастамасын және Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесе дамыту үстінде. 

Сыртқы саясат құты – көпвекторлық

Қазақстанның «Еуропаға жолы» жаңа форматта өркен жайып келеді. АҚШ-пен және Еуроодақпен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан басшылығы «шикізат – технология мен инвестицияға айырбас» формуласын ілгерілетеді. 2020 жылы өзара қарым-қатынастардың 29 саласын қамтитын Еуропалық Одақпен арадағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім қолданысқа енгізілді. Бұған қоса, Қазақстан сирек жер металдарының жеткізілімін батыстық озық және жасыл технологияларға алмастырады. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 6 қарашадағы Вашингтонға сапары да Астананың әлемдегі №1 державамен арасындағы ықпалдастығының жаңа парағын ашты. Қол қойылған және бүгінде іске асырыла бастаған келісімдер Қазақстан мен АҚШ үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция салуға, өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға септігін тигізетін эконо­микалық ықпалдастық арқылы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға орайлы мүмкіндік туғызуға тиіс. 

Қазақстан лидері Түркі әлемімен және Ислам әлемімен ынтымақтақтастыққа да ерекше көңіл бөледі. 2021 жылы Түркі кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) трансформацияланды. Мемлекет басшысы түркі әлеміне қатысты ұйымның бәрінің мәртебесін көтеруді белсенді қолдады. Қазақстанның жігерлі атсалысуымен тұңғыш рет «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стра­тегиясы қабыл­данды. Мәселен, бір ғана Түркиямен ара­мыз­дағы сауда-саттық көлемі 2024 жылы 5 миллиард долларға жетті және алда оны екі еселеу міндеті тұр. Қазақстан  Ресеймен, Иранмен, араб елдерімен де түрлі деңгейде белсенді саяси байланыс орнатып, санқырлы ынтымақтастықты тереңдетуге ден қойды. 

Әділін айтқан жөн, Қазақстанның қазіргі және келешектегі барлық лидерінің ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктерінің іргетасы Азаттықтың ақ таңында қаланды. Бұған негіз болған ең басты құжаттар – 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Егемендік туралы декларация және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқ­сандағы заң. 

Еліміз бодандықтан бостан күнге жете алуының арқасында сыртқы күштердің қысымына қарайламай, ұлттық мүддесіне нық сүйенген, саналы теңгерім мен сенімді серіктестікке құрылған дипломатиясын құра алды. Өз кезегінде дипломатия Қазақ­стан­ның Тәуелсіздігін нығайтуға сүбелі үлес қо­сып жатыр. Әлем блок-блокқа бөлі­ніп, бү­лініп жатқанда, Қазақстан сыртқы саясатта ең күрделі, бірақ жеңіс пен жетіс­тікке жет­кізетін стратегияны – «проактивті көп­вект­орлықты» таңдап, тоқтаусыз жетілдіріп ке­леді. Осының арқасында еліміз жаһандық алып державалардың айналасын ор қылған «Үлкен ойынында» есе жібермей, ұпайын түгендеп, бейбіт аспан астында алға баса бе­ретін болады.

Айхан ШӘРІП