Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары әкімшілік-аумақ­тық құрылым бірнеше рет оңтайландырылып, бірқатар облыс біріктірілді.
Тіршілігі түлеген тың өңірлер
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
196
оқылды

Сол реформалар кезеңінде бүгінгі Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтары да ірі облыстардың құрамына қосылған еді. Мәселен, Семей өңірі бұрын Семей облысы ретінде бөлек басқарылды да, кейін Шығыс Қазақстанмен біріксе, Талдықорған өңірі Алматыға, Жезқазған аймағы Қарағандыға қосылды. Уақыт өте келе жаңа экономикалық талаптар, өңірлер арасындағы дисбаланс пен инфрақұрылымның тозуы және тиімді басқару мәселелері күн тәртібіне қайта шықты. Нәтижесінде, Мемлекет басшысының бастамасы негізінде 2022 жылдан бастап бұл үш аймақ қайтадан облыс мәртебесін алып, жаңаша даму кезеңіне қадам басты. Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңғырған жаңа облыстардың әлеуметтік-экономикалық келбеті мен олардың дамуында қандай ортақ үрдістер барын сараладық.

ҰЛТТЫ ҰЙЫТҚАН ҰЛЫТАУ

Ұлытау – жаңа облыстардың ішінде индустриялық салмағы ең жоғары өңірлердің бірі. Бұл аймақтағы басты ерекшелік – экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі өнеркәсіпке тиесілі. Сондықтан өндірістегі кез келген оқиға бүкіл аймақ динамикасына тікелей әсер етеді. Биылғы жылы «Жомарт» кенішіндегі апат салдарынан жұмыстың уақытша тоқтауы өнеркәсіп көрсеткішін төмендетіп, жалпы индикаторды тежеуге ықпал еткені айтылды. Кейін өндіріс қайта жанданды, бұл жыл соңына дейін жоспарланған нысаналы көрсеткішке шығуға мүмкіндік береді деген болжам бар. Бірақ мұнда маңызды қорытынды туындайды: өңірдің тұрақтылығы үшін бір ғана кен орны немесе бір ғана кор­по­рацияның өндірістік ырғағына тәуелділікті азайту – стратегиялық міндет. Осы мақсатта соңғы екі жылда инвестициялық саясат күшейіп келеді. Әкімдік ұсынған деректерге сүйенсек, былтыр 34 млрд теңге болатын 9 жоба қосылса, биыл 138 млрд теңгелік 17 жоба басталған. Мұнай базасы, жел электр стансасы, респиратор шығару зауыты сияқты жобалардың аяқталуы әртараптандырудың алғашқы нәтижесі ретінде көрінеді. 2028 жылға дейін 920 млрд теңгелік 25 жобалық пул қалыптастырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспары бар, яғни жаңа экономика «жекелеген жобалар» деңгейінен «портфель» деңгейіне өтуге талпынып отыр.

Ұлытау облыс болғалы бүгінде бюджеті 178 млрд теңгеге жетіп, 20%-ға өскені, мен­шікті кірістердің үлесі 51%-ға дейін көтерілгені өңірдің өзін-өзі қаржыландыру мүмкіндігі кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге республикалық бюджетке түсімнің азаюы ірі кәсіпорындардан корпоративтік табыс салығы төмендеуінен болғаны айтыл­ды – бұл да өнеркәсіптік тәуелділіктің екінші қыры. Әлеуметтік сала облыстық бюджетте шамамен 50% үлес алып, міндеттемелер орын­далып жатыр деген мәлімет бар. Жұмыс­пен қамтуда 2 200 жұмыс орны құрылып, 8 200 адам жұмысқа орналастырылған, жұмыссыздық 4,1% деңгейінде, бұл респуб­ликалық көрсеткіштен төмен. Орташа жала­қының 7,5% өсуі де – оң динамика. Дегенмен өңір өмір сапасын көтеруде ТКШ, жылу, су, электр желілерінің тозуы, газдандырудың төмен деңгейі сияқты ұзақмерзімді «ауыр» міндеттермен бетпе-бет келіп отыр. Осы бағытта су желілерін жаңғырту, жылу желілерін жөндеу, электр инфрақұрылымын жаңарту және газдандыру жобалары жүргізіліп жатқаны көрсетілген. Бұған қоса, қоғамдық қауіпсіздік пен цифрландыруда жасанды интеллект эле­менттері енгізіліп, камералар орнатылу­да. Қысқасы, Ұлытау бүгін «өнеркәсіп – бюджет – инфрақұрылым» үштігін тең ұстауға тырысқан өңір: өндіріс тұрақтылығы болса, әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндет­тер­ді жылдамдатуға ресурсы артады, ал әр­та­раптандыру іске асса, тәуекел біртіндеп азаяды.

АБЫРОЙЫ АСҚАН АБАЙ

Қайта құрылған өңірлердің ішінде «инфрақұрылымдық жүктемесі» ең ауыр аймақтардың бірі болған Абай облысы еді. Өйткені жаңа әкімшілік мәртебе тек басқару орталығын қайта ашу емес, ұзақ жыл назардан тыс қалған жылу, су, жол, қала құрылысы, әлеуметтік нысандар мәселесін кешенді түрде көтеруді талап етеді. Дегенмен бүгінгі көрсеткіштер көңіл көншітерлік. Мәселен, биыл алғашқы тоғыз айда әлеуметтік-эко­номикалық салалар оның ішінде көлік, байланыс, өңдеу өнеркәсібі, ішкі сауда, ауыл шаруашылығы, инвестиция бойынша өсім көрсеткен. Сондай-ақ қаңтар-қазан аралы­ғында бюджетке 441,4 млрд теңге салық пен төлем түсіп, облыс бюджетінің көлемі 500,9 млрд теңгеге жетті. Түскен қаражаттың 45,4%-ы әлеу­меттік салаға бағытталып отыр. Бұл шешім әлеуметтік тұрақтылықты ұстауға бағытталып отырғанын көреміз.

Қазір Абай облысының басты бағыты әртараптандыру және көлік-логистика ­әле­уетін іске қосу болып отыр. Мәселен, «Ая­­гөз – Бақты» теміржол желісі құрылы­сы – өңірдің ғана емес, елдің транзиттік мүмкіндігін кеңей­тетін ірі жоба. Мұндай инфрақұры­лымдық жобалар өңір экономикасына «тікелей табыстан» гөрі жанама мультип­ли­катор арқылы әсер етеді: жүк ағымы артса, қызмет көрсету, сауда, қоймалау, жөндеу, шағын өндіріс қатар дамиды. Индустриялық аймақты кеңейту, шағын өнеркәсіп паркін құру, Семейдің жаңа шағын ауданын қайта жоспарлау – урбанистикалық және өндірістік саясаттың бір-бірін толықтыруын көздейді. Сонымен қатар шетел инвесторларымен меморандумдар, нақты жобалар (чиптер, ағаш өңдеу, қойма-базар сияқты) өңірдің жаңа өнеркәсіптік базасын құруға ұмтылғанын көрсетеді.

Облыста туризм саласы жеке драйвер болуға сұранып-ақ тұр, атап айтқанда, му­зейлер, киелі орындар, Алакөл, табиғи ре­зерваттар халықаралық деңгейде де наси­хаттауға тұрарлық нысандар. Бірақ туризмнің жетекші салалардың біріне айналуы инфра­құрылымға тікелей тәуелді. Сондықтан Алакөл жағалауына қаржы бөліп, құтқару стансасы, өрт депосы, электр желісі, қалдық полигоны сияқты базалық жобаларға кірісу «көрікті жерді» қызмет көрсетілетін аймаққа айналдырудың алғышарты болды. Цифрлық даму мен жасанды интеллект бағыты да өңірдің жаңа күн тәртібі ретінде көрінеді: «Ақылды қала» жобалары, ауыл интернеті, талшықты-оптикалық жоспар, спутниктік технологиялар – өңірлік теңсіздікті азайтатын құрал. Ал ауыл шаруашылығында өнім өсімі, субсидия, техника жаңарту, суармалы жерлер­ді ұлғайту жоспарлары берілген. Қорыта айтқанда, Абай облысы үшін негізгі форму­ла – «инфрақұрылым + логистика + әр­тараптандыру»: жылу, су, жол секілді базалық мәселелер шешілген сайын инвестицияның да сапасы өседі.

ЖЕР ЖӘННАТЫ – ЖЕТІСУ

Экономикалық өсімнің қарқыны жоғары өңірдің бірі –Жетісу облысы. Жуырда ғана бөлініп шықса да 2023-2024 жылдары жалпы өңірлік өнім өсімі бойынша республикада үздік шығуы, 2024 қорытындысында өнім көлемінің 2,2 трлн теңгеге жетіп, 14,8% ұлғаюы – өңірдің жоғары қарқын алғанын аңғартады. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 3,2 млн теңге, биылғы жылдың соңында жалпы өнім 2,7 трлн теңге болады деген болжам бар. Мұндай өсімнің артында инвес­тиция және жұмыспен қамту бар: 2023-2024 жылдары негізгі капиталға 894 млрд теңге инвестиция салынып, оның 71,3%-ы жеке инвестиция болғаны, биыл 10 айда 397 млрд теңге инвестиция тартылып, 17,5% өсім көрсеткені айтылады. 2023-2025 жылдары 108,5 мың жұмыс орны құрылып, 70 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасуы, жұмыссыздықтың 4,7%-ға түсуі және әлеу­меттік көмек алушылардың азаюы – экономикалық серпіннің әлеуметтік нәтиже бергенін білдіреді. Жалақының 18% өсіп, 331 мың теңгеге жетуі, жан басына шаққан табыстың 19% артуы да осыны қуаттайды.

Жетісудың табиғи артықшылығы – аграрлы база, ал қазіргі үрдіс – агросекторды өңдеумен күшейту. Ауыл шаруашылығы өнімінің өсімі, ирригациялық жобалар, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Ерекше назар аударатын тұс – өңдеу үлесінің 49%-дан 68%-ға дейін өсуі және 80%-ға жеткізу мақсаты. Өңірдің тағы бір стратегиялық артықшылығы – транзиттік әлеует: Қорғас және Достық бағыттарындағы жобалар өңірді тек ауыл шаруашылығы емес, өндіріс пен логистиканың да маңызды торабын жасауға мүмкіндік береді. 

Аталмыш өңірлердің қайта жаңғырған кезеңіне көз шалсақ, әкімшілік мәртебенің қайтарылуы символдық қадам ғана емес, өңірлердің экономикалық мақсаттарын жаңаша құруға мүмкіндік берген басқару­шылық құрал болғанын көреміз. Үшеуіне ортақ басты талап – өсімнің сапасы: жаңа жұмыс орындарының өнімділігі, өңдеудің үлесі, инфрақұрылымның тозуын азайту, су мен энергия қауіпсіздігі, цифрлық сервистердің нақты тиімділігі. Егер осы бағыттар бір-бі­рімен байланысып, «жоба» деңгейінен «жүйе» деңгейіне өтсе, қайта жаңғырған облыстар тәуелсіздіктің келесі кезеңіндегі өңірлік теңгерімнің тіректеріне айналары хақ.

Кәмила ДҮЙСЕН