Мемлекет басшысы ысырапшылдыққа жол бермей, халықты ресурстарды үнемдеп пайдалануға шақырды, - деп хабарлады Аikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, азаматтарымыз да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек.
– Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Халқымыз «Үнемшілдік – ырыстың кілті» деп бекер айтпаған. Біз осы қасиетті ұлттық дағдымыз етіп, қоғамда мүлдем жаңа мәдениет қалыптастыруымыз керек. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз – еліміздің энергетикалық дербестігінің мызғымас кепілі. Әділетті, Таза, Қуатты Қазақстанда өздеріңіз сияқты еңбек адамдары ең жоғары сый-құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.