Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар Франциямен және ЮНЕСКО-мен арадағы екі халықаралық келісімді ратификациялады.
Мәжіліс Франциямен келісімді ратификациялады
118
оқылды

Сондай-ақ Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге денсаулық сақтау қызметкерлерін зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатымен енгізілген түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. 

Мәжіліс 2024 жылдың 5 қарашасында Парижде қол қойылған Қазақстан мен Фран­ция үкіметтері арасындағы адамдарды реа­дмиссиялау туралы келісімді ратифи­кациялады. Ішкі істер министрінің міндетін ат­қарушы Санжар Әділов құжат норма­ларын таныстырды. 

– Келісімнің негізгі мақсаты – ұлттық заң­намалар талаптарын бұзып, екі елдің ау­мағында жүрген адамдарды реадмис­сия­лау мәселелері бойынша екіжақты ын­ты­мақ­тастыққа құқықтық негіз қалау, – деді жұ­­мыс тобының жетекшісі Николай Арсю­тин қосымша баяндамасында.

Құжатта осы елдер аумағында болу шарт­­тарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, айталық құжатын жоғалтқан адам­дарды өз еліне қайтару тәртібі қарас­ты­­рылған. Қазақстан азаматтары жеке ба­сын куәландыратын құжаттарының жо­ғал­ға­ны немесе елде заңсыз жүргені туралы құ­­зыретті органдарға хабарлаған жағдайда, Франциядан ешқандай санкциясыз елімізге орала алады. Бұл ретте осы елдің Ішкі істер ми­нистрлігі оның өз еліне қайтуы үшін тиіс­ті құжатын рәсімдеуге көмектеседі. 

Сонымен қатар Николай Арсютин бұл ке­­лісім үшінші ел азаматтары мен азаматты­ғы жоқ адамдарды олардың азаматтығы бар елге немесе тұрақты мекендейтін мемле­кет­теріне қабылдату, ауыстыру және транзиттік та­сымалдау рәсімдеріндегі бірлескен іс-әре­кеттердің бірізділігі мен реттілігін қам­та­ма­сыз ететінін айтты.

Талқылау барысында депутаттар азамат­ты­ғы жоқ адамдарды қайтару, қате реа­д­мис­сия жағдайындағы қаржылық жауап­кер­шілікті бөлу және қайта қабылдау ту­ра­лы өтініштерді қараудың жеделдетілген тәр­тібін қолдануға қатысты мәселелерді кө­терді. Сондай-ақ шетелдегі қазақстандық аза­маттардың құқын қорғау, соның ішінде Францияда төлқұжаты жоғалған жағдайдағы іс жүргізу тәртібін, заңда белгіленген жаза­лар­ды және құжаттарын қалпына келтірген­нен кейін қайта кіру мүмкіндігін талқылады.

Жалпы отырыста Қазақстан Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жө­ніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы арасын­дағы Қазақстанда 2-санаттағы орталық ре­тінде Орталық Азия өңірлік гляциоло­гия­лық орталығының мәртебесін қайта жал­ғас­тыру туралы келісім ратификацияланды. Құжатқа 2025 жылы 19 маусымда Астана қа­ла­сында қол қойылған болатын. Заң жо­басы жөнінде Ғылым және жоғары білім ми­нистрінің міндетін атқарушы Гүлзат Көбенова баяндады.

Жұмыс тобының жетекшісі Гүлдара Нұрым бұл келісімнің мұздықтарды, қар мен мәңгі тоңды зерттеуге, сондай-ақ кли­мат­тың өзгеруі кезінде аймақтың су ресурс­та­рына әсерін бағалау саласындағы халық­ара­лық ғылыми ынтымақтастықты нығай­туға бағытталғанын айтты. 

Орталық Азия өңірлік гляциологиялық ор­талығына сегіз жыл мерзімге 2-санаттағы ор­талық мәртебесі беріледі. Аталған Орта­лық өңірдің гляциологиясы мен су ресурс­та­рын ғылыми тұрғыда зерттеу, білім беру және үйлестіру қызметін жалғастырады.

Гүлдара Нұрым Қазақстан халықаралық са­рап­­­шылар қатысатын бірлескен жо­ба­лар­ды, семинарлар мен оқыту бағдарламаларын өткізуге, сондай-ақ мұздықтарды бақылау жә­­не қорғау саласындағы ғылыми дерек­тер­­ді ашық алмасуға, заманауи техноло­гия­лар­ды ілгерілетуге мүмкіндік алатынын атап өтті. 

Құжатты талқылау барысында депутат­тар ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен шет­елдік ғалымдардың қатысуы, ЮНЕС­КО-ның Орталық қызметін бағалауы және оның Қазақстандағы жұмысын жалғас­тыру­дағы практикалық тиімділігі жөнінде сұрақ қойды. Қаржыландыру мен кадр мә­селелері, соның ішінде жас мамандарды оқы­ту, шығындардың көбеюі, жергілікті са­рапшыларды тарту және аймақтағы бар­лық елдің қаржылық қатысу мүмкіндігі тал­­­­­қыланды. Сонымен қатар парламен­тарий­лер елдің су ресурстарына қатысты ұзақ­мерзімді болжамдарға, Алматы облы­сын­дағы мұздықтардың еруіне байланысты кли­маттық сын-қатерлерге, Қазақстанның БҰҰ-мен өзара іс-әрекетінің халықаралық құ­қықтық аспектілеріне тоқталды.

Мәжіліс Қылмыстық кодекс пен Қыл­мыс­тық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қа­был­дады. Құжатты денсаулық сақтау қыз­мет­керлеріне физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсеткені үшін жазаны кү­шейту туралы Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес депутаттар әзірлеген.

Жұмыс тобының жетекшісі Асхат Аймағам­бетовтің айтуынша, түзетулер ая­сында медицина қызметкерлері мен жедел жәр­дем жүргізушілеріне қатысты күш қол­дану немесе күш қолдану қаупін төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 380-3-бап енгізіледі.

– Дәрігерге жасалған шабуыл – зая кет­кен уақыт, жасалмаған емдеу шаралары мен ұрланған өмір. Ал инсульт немесе жарақат ке­зінде әр сәт тұтас өмірге тең. Бұзақының ке­сірінен қолы сынған хирург – жасалмай қал­­ған мыңдаған ота деген сөз. Соққыға жы­ғылған жедел жәрдем жүргізушісі – жүз­деген шұғыл шақыртуға бармай қалған бү­тін бір бригада деген сөз. Сондықтан дә­рігерді қорғау – әрбір қазақстандықтың ден­саулығына кепілдігін қорғау. Біз осы заң ар­қылы «қызыл межені» белгілейміз. Ақ ха­латты абзал жанға жасалған шабуыл – бү­кіл қоғамға жасалған қастандықпен тең! – деді А.Аймағамбетов. 

Жаңа нормалар бойынша адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қол­данғаны үшін немесе күш қолданбақ болғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айып­пұл салу, не болмаса сол мөлшерде тү­зету жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жыл­дан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы ұсынылады. Егер ауыр әрекет жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бос­тандығынан айыру түрінде күшейтіледі.

Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға қатысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ол ауыр жағдайда жасалған болса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы беріледі.

Қылмыс құрамының элементтерін ажы­рату үшін депутаттар медицина қызмет­кер­лері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қа­­­тысты зорлық-зомбылық көрсету қаупі үшін бөлек қылмыстық жауапкершілік ен­гізуді ұсынды.

Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс ко­митеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қа­былдады. Олар: рейтингтік қызмет тура­лы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; ЕАЭО мен үшінші тарап арасындағы бірың­ғай кедендік транзит жүйесі туралы келі­сім­ді ратификациялау жобасы; теле­ком­му­ни­ка­ция нарығын және деректерді өңдеу ор­та­лықтарын дамыту туралы түзетулер; Қа­зақ­стан мен Қытай үкіметтері арасындағы ин­вестицияларды көтермелеу және өзара қор­ғау туралы келісімді ратификациялау жо­басы; техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру және халықтың көші-қоны мәселелері туралы заң жобасы. 

Жалпы отырыс соңында депутаттар мем­лекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-эко­номикалық мәселелер бойынша 22 сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сай­ты мен телеграм арнасында жарияланды.

Айбике ЖАНАСЫЛ