Жоба жаһандық экономикада этан мен нафта крекингіне қатысты өзгерістер болып жатқан тұста жүзеге асуда: салалық шолуларға сүйенсек, осы екі шикізат түрі арасындағы дәстүрлі баға айырмашылығы қысқарып келеді. Мұнай бағасының салыстырмалы түрде арзандығы нафта қондырғыларының тиімділігін сақтап тұрғанымен, газ фракцияларының (NGL) құны әлі де құбылмалы.
Дегенмен Қазақстан үшін шешуші фактор әлемдік үрдістерде емес, ішкі баға саясатында жатыр. АҚШ немесе Таяу Шығыста этан бағасы биржадағы сұранысқа сай құбылса, біздің отандық жобалар үшін шикізат «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аясында бекітілген тарифпен, ұзақ мерзімге беріледі. Баға мемлекет тарапынан реттелетіндіктен және өндірушілермен жасалған нақты келісімдерге негізделгендіктен, инвесторлар сыртқы нарықтың тұрақсыздығына алаңдамай, өнімнің өзіндік құнын алдын ала болжай алады.
Әрине, «шикізатты тікелей сатқанда түсетін табыстан қағылып отырған жоқпыз ба?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Алайда мемлекет үшін бұл – шикізаттық тәуелділіктен арылып, жоғары қосылған құн экономикасына өтудің төте жолы. Арзан газды терең өңдеп, әлемдік нарықта шикізаттан әлдеқайда қымбат тұратын дайын өнімге айналдыру – ел қазынасына түсетін салық түсімін еселейді. Бұл стратегиялық инвестиция деуге болады: мемлекет шикізаттан түсетін «жылдам ақшаны» өнеркәсіптік дербестікке, жаңа жұмыс орындары мен озық технологияға айырбастап отыр.
Осы орайда қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны құрайтын Silleno полиэтилен зауыты (ҚМГ, СИБУР және Sinopec-тің бірлескен жобасы) мұнай-химия саласының драйвері болмақ. Компанияның болжауынша, зауыт өнімі әлемдік полиэтилен нарығының шамамен 1%-ын қамтуы мүмкін. Кешен құрылысында Lummus Technology, Chevron Phillips Chemical, Univation және Axens технологиялары қолданылуда, бұл – әлемдік сапа стандарты мен озық тәжірибенің кепілі.
Бұл саланың эксперті Жанар Назарбаеваның пікірінше, экономикамыз шикі мұнай экспортына қатты тәуелді болып тұрған шақта мұнай-химияны дамытудың маңызы зор. Ол экспорттың 80%-дан астамы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетінін, ал жақында теңіз терминалындағы қондырғылардың істен шығуы бұл бағыттың қаншалықты осал екенін көрсетіп бергенін алға тартады.
«Мұндай жағдайда мұнай-химия жай ғана балама бағыт емес, тәуекелді азайтудың нақты құралына айналады: ел ішінде қосылған құн неғұрлым көп өндірілсе, экономика жекелеген экспорттық дәліздер мен шикізат бағасының құбылуына соғұрлым аз кіріптар болады», – дейді сарапшы.
Бүгінде салада құрылымдық өсім бар: 2024 жылы өнім өндірісі 50%-ға артып, 540 мың тоннаға жетті, 2025 жылға болжам – 589,7 мың тонна. Алайда өндірісті бұдан әрі кеңейту логистикалық түйінді шешуді талап етеді. 1,25 млн тонна полиэтиленді сыртқа шығару үшін тұрақты әрі тиімді бағыттар керек. Қазақстанның мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ, ал Қытай, Кавказ немесе Каспий арқылы өтетін балама жолдардың құны қымбат, өткізу қабілеті шектеулі, оның үстіне маусымдық қиындықтары да бар.
Сарапшылардың пайымдауынша, теңіз инфрақұрылымы жоқ елдер логистика арқылы емес, өндіру мен өңдеуді өзара ұштастыру арқылы ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Қазақстан дәл осы модельді таңдады: Теңіз кенішінен келетін қолжетімді этан мен реттелетін газ бағасы – біздің басты экономикалық артықшылығымыз.
Қытай, АҚШ және Таяу Шығыста жаңа зауыттар іске қосылып, нарықта ұсыныс артқанымен, Қазақстан полиэтиленге деген сұраныстың ұзақ мерзімді өсіміне иек артып отыр. Grand View Research дерегінше, әлемдік нарық көлемі 2024 жылғы 160 млрд доллардан 2030 жылға қарай 210 млрд долларға дейін өспек. Тұрақты шикізат базасы, этанның бекітілген бағасы және халықаралық серіктестердің болуы – тар логистикалық дәліздер мен нарықтағы баға құбылысына қарамастан, жобаның өміршеңдігін сақтап қалатын факторлар.