Тәуелсіздік қазақ қоғамына тек саяси еркіндік әкелген жоқ, ол ең алдымен ұлттық жадтың қайта оралуына жол ашты. Кеңес кезеңінде біржақты іріктеуден өткен, ресми канонға сыйған есімдер ғана айтылып, күй өнерінің тұтас қабаттары көлеңкеде қалды. Күй тарихы бірнеше ірі тұлғамен шектелгендей көрінді, ал сол кездегі саяси идеологияға сай келмеген күйшілердің есімі бірте-бірте ұмыт бола бастады. Тәуелсіздікпен бірге күй өнеріне деген көзқарас өзгерді. Бұрын «жергілікті», «аймақтық» деп есептелген күйшілердің мұрасына қайта үңілу басталды. Архивтер ашылды, ел ішіндегі көне шежірелер мен орындаушылық дәстүрлерге назар ауды. Осы үдеріс барысында күй тарихының күрделі мәдени жүйе екені айқындала түсті.
Күйші есімдерінің қайта атала бастауы кездейсоқ құбылыс емес. Бұл тәуелсіз сана қалыптастырудың табиғи нәтижесі деп қарастыруға болады. Ұлт өзін тану үшін тек белгілі тұлғаларды ғана емес, ұмыт қалған өнерпаздарды да қайта жаңғырту тиіс болды. Сондықтан тәуелсіздік жылдары күй өнеріндегі «бос орындар» толып, бұрын аты аталмаған, не бұрмаланып келген күйшілердің шынайы орны айқындала бастады.
Кейбір күйшілердің есімінің тарихтан ығысуы олардың өнерінің әлсіздігінен емес, дәуірдің талабынан болды. Кеңес кезеңінде мәдени мұра идеологиялық сүзгіден өтті.
Ресми түрде бекітілген тұлғалар мен шығармалар ғана насихатталды. “Көп төбешіктен бір төре артық” деген принцип ұсталды.
Белгілі бір аймаққа, руға, діни ортаға немесе еркін ойға жақын күйшілердің мұрасы «қажетсіз» немесе «қауіпті» деп танылды. Соның салдарынан көптеген күйшілердің аты аталған жоқ, күйлері нотаға түспеді, жазба қорларға енбеді.
Әрине, күй ауызша дәстүрмен өмір сүрді, ұрпақтан-ұрпаққа домбыра шерту арқылы жетті. Егер белгілі бір мектеп немесе орындаушы ресми сахнаға шықпаса, оның мұрасы жергілікті ортадан аспай қалды. Радио, концерт, оқу бағдарламалары арқылы тарамаған күйшілер уақыт өте келе тек ел жадында ғана сақталды. Ал ел жадын жазба дерекпен бекітпеген қоғамда ұмытылу тез жүреді.
Кеңес заманында музыкалық білім беру мен зерттеу бірнеше орталыққа шоғырланды. Сол орталықтарда қалыптасқан өлшемге сай келмеген орындаушылық үлгілер назардан тыс қалды. Аймақтық ерекшелік емес, бірізділік маңызды болды. Бұл жағдай күй өнеріндегі алуан түрлілікті шектеп, көптеген күйшілерді «тар шеңбердің» ішінде қалдырды.
Осы себептердің бәрі тәуелсіздікке дейін күй тарихының толық көрінуіне мүмкіндік бермеді. Бірақ бұл уақытша ғана болған екен. Келесі кезеңде дәл осы көмескі қалған есімдер тәуелсіздікпен бірге қайта айтыла бастады.
Кейбір күйшілердің өмірбаяны кеңестік идеологияға сәйкес келмеді. Діни ортада тәрбиеленген, ел аралап жүрген, кеңес құрылымынан тыс өмір сүрген өнерпаздар назардан тыс қалды. Ал енді біреулері кеңестік мәдени саясат ұсынған «үлгіге» сай болмады: орындау мәнері тым еркін, күй тілі тым күрделі, немесе мазмұны жергілікті тарихпен, рулық жадпен тығыз байланысты болды. Мұндай күйлер «жалпыұлттық» деңгейге лайық емес деп есептелді.
Тағы бір топ күйшілердің мұрасы толық жазылып үлгермеді. Олардан қалған аздаған күйлер орындаушылардың жадында ғана сақталды, ал таспаға түспеген, нотаға түспеген шығармалар уақыт өте жоғала бастады. Бір күйшінің аты белгілі болғанымен, күйлерінің көбі ұмыт қалды, енді біреуінің өзі туралы дерек болғанымен, орындау дәстүрі үзілді. Осылайша, тәуелсіздікке дейін күй өнерінің үлкен бір қабаты жабық күйде қалды.
Дәл осы «жабық» кеңістік тәуелсіздік жылдары қайта ашыла бастады. Архивтерге, ел ішіндегі деректерге, көне орындаушылық дәстүрге бетбұрыс жасалғанда, бұрын айтылмаған есімдер мен күйлер біртіндеп мәдени айналымға қайта енді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін күй өнеріне деген қызығушылық тек орындаушылық тұрғыдан емес, тарихи сананы қалпына келтіру тұрғысынан да күшейді. Осы кезеңде бұрын аты аталмай келген күйшілердің есімі қайта айтыла бастады. Ел ішіндегі шежірелер, көнекөз күйшілердің естеліктері, сирек сақталған таспалар мен қолжазбалар ғылыми айналымға еніп, көптеген күйшілердің өмірі мен мұрасы жаңаша бағаланды.
Бұл үдерісте аймақтық зерттеулердің рөлі ерекше болды. Әр өңір өз күйші дәстүрін түгендей бастады десек қателеспейпіз. Бұрын тек жергілікті ортада ғана белгілі болған тұлғалар республикалық деңгейде таныла түсті. Күйлер қайта орындалып, сахнаға шықты, нотаға түсірілді, жинақтар мен антологияларға енді. Осылайша, күйші есімі тек аталып қана қоймай, оның орындау мәнері, күй тілі, көркемдік ойлауы қайта тірілді.
Тәуелсіздік жылдары күйшілердің есімімен бірге аймақтық күй мектептері де қайта назарға ілікті дедік жоғарыда. Бұрын жалпыұлттық деңгейде бір-екі мектептің ғана үлгісі үстем болып келсе, енді күй өнерінің географиясы кеңейе түсті. Батыс, Арқа, Жетісу, Сыр, Маңғыстау өңірлеріндегі орындаушылық дәстүрлер өз ерекшелігімен қарастырыла бастады. Бұл өзгеріс ұмыт қалған күйшілерді түсінудің жаңа кілтін берді деп түсінуге болады. Олардың мұрасын тек жеке тұлға ретінде емес, белгілі бір мектептің өкілі ретінде тану мүмкін болды.
Аймақтық мектептерді жаңғырту жергілікті орындаушылар мен зерттеушілердің бастамасымен жүрді. Ел ішіндегі көне күйлер қайта орындалып, сол өңірге тән қағыс, перне басу, күйдің сарындық пен құрылымдық ерекшеліктері айқындала түсті. Бұрын «дөрекі», «жабайы», «түсініксіз» деп бағаланған орындау мәнерлері енді дәстүрлі стиль ретінде қабылданды. Осы арқылы күй тарихындағы біркелкілік бұзылып, көптүрлілік алдыңғы қатарға шықты.
Күйшілік өнердің аймақтық мектептерге бетбұрыс жасалған соң, күй мұрасын жүйелі зерттеу қажеттілігі алдыңғы қатарға шықты. Тәуелсіздік кезеңінде бұрынғы шектеулер жойылып, күй тарихына жаңа методологиялық көзқарас қалыптасты. Зерттеушілер тек белгілі күйшілермен шектелмей, аты аз аталған тұлғалардың өмірі мен мұрасын дереккөздер арқылы қайта қарастыра бастады. Архив материалдары, далалық экспедициялар, ауызша тарих жазбалары ғылыми айналымға енді.
Осы кезеңде жарық көрген жинақтар, антологиялар мен деректі фильмдер ұмыт қалған күйшілердің есімін кең аудиторияға жеткізді. Телевизиялық бағдарламалар мен радиохабарлар арқылы күй тарихы қайта айтылды, орындаушылар көне күйлерді сахнаға шығара бастады. Бұл насихат бірреттік акция емес, ұзақ үдеріс ретінде жүрді: күй тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі мәдени айналымның бір бөлігі ретінде ұсынылды.
Зерттеу мен насихаттың қатар жүруі маңызды нәтиже берді. Ғылыми негізделген дерек орындаушылық тәжірибемен ұштасып, күйші есімі қағаз бетінде ғана емес, күйлерін орындау арқылы қайта танылды. Осылайша, тәуелсіздік кезеңіндегі зерттеу жұмыстары ұмыт қалған күйшілерді «қайта ашып» қана қоймай, олардың мұрасын бүгінгі мәдени өмірге орнықтыра бастады.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.