Ақтау қаласының 16 шағынауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында №35 жалпы білім беретін мектеп салтанатты түрде ашылды.
«Келешек мектептері»: Маңғыстау облысында 13-мектеп ашылды
217
оқылды

Бұл – Маңғыстау облысында аталған жоба бойынша іске қосылған 13-мектеп.

Жаңа форматтағы білім беру ұйымы 1 500 оқушыға есептелген. Жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асатын мектепте 77 пән кабинеті қарастырылған.

Олардың ішінде дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, визуалды өнер, үй мәдениеті, робототехника, STEM және музыка бағытындағы арнайы сыныптар бар. Білім ордасы заманауи оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтылып, оқушылардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік дамуына қолайлы орта қалыптастырылған.

– Бүгінде мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі – сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру. Осы орайда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасы – біздің мектебіміз, осы бастаманың жарқын көрінісі деп білеміз.

Жаңа мектеп – тек ғимарат емес, бұл – жаңаша ойлау, жаңаша оқыту, заманауи мүмкіндіктермен жабдықталған зияткерлік кеңістік. Мұнда оқушыларымыз тек білім алып қана қоймай, тұлғалық дамуға, шығармашылықпен айналысуға, цифрлық сауаттылықтарын арттыруға барлық жағдай жасалған.

Мектеп ұжымы – тәжірибелі, жаңашыл ұстаздардан құралған. Біз білім мен тәрбиені тең ұстауды басты міндет санаймыз. Баланың жан-жақты дамуы, қауіпсіз ортада еркін ойлап, өз болашағын қалыптастыруы – біздің күнделікті жұмысымыздың негізі.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық ата-аналарды, қоғам мүшелерін мектеппен тығыз байланыста болуға, білім беру ісіне қолдау білдіруге шақырамын – деді Ақтау қаласы №35 мектеп директоры Любовь Нам».

Мектеп ғимараты ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да бейімделген. Мұнда сенсорлық бөлме, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті жұмыс істейді, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін арнайы жеделсаты орнатылған. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мектеп ішінде 126 бейнебақылау камерасы орнатылып, аумағында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынған.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 11 мыңнан астам оқушыға арналған 12 мектеп пайдалануға берілген. Осылайша, өңірде жоба аясында жоспарланған барлық 13 мектеп толық іске қосылды.