Марқұм 1964 жылы туған, оның денесі қамыс өскен аумақтан анықталған.
Атырау облысында бірнеше күннен бері іздестірілген аңшының мәйіті табылды
391
оқылды

Атырау облысы Жылыой ауданында бірнеше күн бұрын аңға шығып, хабарсыз кеткен ер адамның мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Марқұм 1964 жылы туған, оның денесі қамыс өскен аумақтан анықталған.

Еске салсақ, ер адам 15 желтоқсаннан бері із-түзсіз жоғалған болатын. Оны іздеуге облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ туыстары мен таныстары жұмылдырылды.

Облыстық ТЖД мәліметінше, іздеу-құтқару жұмыстары шамамен 100 шақырым радиуста жүргізілген. Операцияға 43 адам, 11 бірлік техника, үш ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ EC-033 тікұшағы тартылған.

Іздеу барысында қосымша күштерді жұмылдыру жоспарланғаны да хабарланған еді.

Белгілі болғандай, ер адам 14 желтоқсанда үйінен шығып, Ботақан кен орны маңында жоғалып кеткен. Аталған аумақ Құлсары қаласынан 65 шақырым, ал Атырау қаласынан шамамен 100 шақырым қашықтықта орналасқан.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты әзірге жария етілмейді.

Баян Жанұзақова