Астанада «AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Онда партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында жүйелі жүзеге асыру мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды.
Отырысты аша отырып, «AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев партия сайлауалды міндеттемелерді орындау мәселесінде әрдайым өз ұстанымына берік екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол өңірлерде атқарылып жатқан жұмысты қайта қарау қадамы нақты нәтижелерді байыпты бағалау қажеттілігімен байланысты екенін атап өтті.
«Өңірлердегі жұмыс қарқынын қадағалау – біз үшін аса маңызды. Жасыратыны жоқ, көшпелі отырыстарымыз оған айтарлықтай оң серпін берді. Депутаттық фракциялар, жергілікті атқарушы органдар жұмысқа барынша белсенді араласуда. Жаңа ұйымдастырушылық және әкімшілік ресурстар қосылып, біз ұсынған мониторинг және бақылау жұмысының неғұрлым тиімді тетіктері қолға алынуда. Алайда, өкінішке қарай, бұл серпін уақыт өте келе әлсірей бастайды. Бұған қоса, көптеген жүйелі мәселелер өз шешімін таппайды», – деді Павел Казанцев.
Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, бүгінде көп өңірде сайлауалды міндеттемелерді орындаудың оң қарқыны байқалады. Солай бола тұра, жүйелі жұмыс жүргізілмей, артта қалып отырған өңірлер де бар.
Сондықтан партия органдары мен құрылымдарының негізгі міндеті – жол карталарын жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел әрі тиімді шешу, осы процеске барлық ұйымдастырушылық ресурстарды тарту.
Комитет отырысы барысында Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстары әкімдерінің сайлауалды бағдарлама мен жол карталарын жүзеге асыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары баяндама жасады. Олар жол карталары тармақтарының қазіргі жай-күйі, анықталған кемшіліктерді жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары ведомствоаралық деңгейде қосымша үйлестіруді және шешім табуды талап ететін мәселелерге назар аударды.
Сонымен қатар Комитеттегі жұмыс тобының жетекшісі Д.Е. Бижуманов жол карталарын жүйелі жүзеге асыру мәселесіне қатысты мониторинг жұмысының нәтижелеріне тоқталып, өңірлерде сайлауалды бағдарламаның орындалмай қалу қаупі сақталып отырғанын атап өтті.
Мәселен, Қарағанды облысында 2023-2024 жылдары орындалмаған тармақтарды, сондай-ақ 2025 жылғы тәуекелге толы тармақтарды қоса алғанда, жол картасындағы проблемалық тармақтардың жалпы саны 24-ке жетті. Бұл ретте үш тармақ – жүйелі сипатқа ие. Олар үш жыл қатарынан орындалмай келеді. Теріс қарқын тіркелді: 2023 жылы 7 тармақ, 2024 жылы 16 тармақ орындалған жоқ. Ал 2025 жылы 18 тармаққа қатысты тәуекел туындап отыр.
Алматы облысындағы жол картасында 11 проблемалық тармақ тіркелді. Олардың қатарында екі жыл бойы орындалмай келе жатқан екі жүйелі проблемалық тармақ және үш жыл бойы жүзеге асырылмай отырған бір тармақ бар. Бұл ретте Комитет мүшелері биыл қаңтар айындағы көшпелі отырыстан кейін өңірде тәуекел тармақтардың санын қысқарту үрдісі байқалғанын атап өтті. Алайда, 2023-2024 жылдары жіберілген елеулі кемшіліктерге байланысты, өткен жылдардағы жекелеген тармақтар осы уақытқа дейін жүзеге асырылмауда.
Бүгінде Павлодар облысында жол картасының 19 тармағы бойынша мәселе туындап отыр. Атап айтқанда, екі жыл бойы орындалмаған тоғыз жүйелі тармақ және үш жыл бойы орындалмай келе жатқан бір тармақ бар. Тамыз айында Партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысынан кейін өңірде даму қарқыны байқалмай отырғаны атап өтілді: 2025 жылғы тәуекел тармақтардың саны азаюдың орнына көбейіп кеткен. Сонымен қатар Комитеттегі жұмыс тобының мүшелері жол картасын жүзеге асыру бойынша жаңартылған ақпаратты дайындау және ұсыну кезінде атқарушылық тәртіптің төмендігіне, сондай-ақ бастапқы деректер сапасына назар аударды. Бұл жайтты салалық уәкілетті орган да растады.
Отырыс барысында жол карталарын жүзеге асыру жұмысын қаржылай қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілді. Өңірлер Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобалар бойынша базалық ақпаратты уақтылы әрі сапалы ұсынбағаны анықталды. Бірқатар жағдайда қаржыландырылған және қарастырылу кезеңіндегі жобалар, сондай-ақ қазіргі бюджеттік берешек туралы мәліметтердің толық болмауы, тиімді бақылау жүргізуге және басқарушылық шешімдер қабылдауға кедергі келтіруде.
Талқылау қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комитеті жол карталарын жүзеге асыруда жүйелі ұйымдастырушылық кемшіліктердің бар екенін және жергілікті жерлерде партиялық және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылында мәселелер кездесетінін растады. Олардың қатарында – көрсеткіштерді жоспарлау сапасының төмендігі, мердігер ұйымдарды іріктеу және олардың қызметін бақылау жұмысының тиімсіздігі, жол карталары тармақтарының орындалуына мониторинг жүргізуде жүйелі жұмыс жүргізілмеуі, сенімсіз ақпарат ұсыну, сондай-ақ мәслихаттағы депутаттық корпустың жеткілікті деңгейде тартылмауы мен партиялық бақылау бекеттерін ұйымдастырудағы формалды әрекет сынды кемшіліктер бар.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитетінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын қарады. Құжатта көшпелі отырыстар тәжірибесін жалғастыру, республикалық және өңірлік жол карталарын жүзеге асыру барысына бақылау жүргізу жұмысын күшейту, сондай-ақ азаматтар көтеріп отырған өзекті мәселелермен жұмыс істеу көзделген.
Комитет отырысы бірқатар өңірде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың қазіргі жай-күйін кешенді бағалауға, проблемалық аймақтарды айқындауға және айтылған мақсаттарға қол жеткізу жолында алдағы жұмысты нақтылауға мүмкіндік берді.