Шырша

Шырақты шаһарының әкімі Шалғынбай Шадуаров орынтағында шалқасынан түсіп, шылым шегіп отыр.

Бөлме көк түтін. Келген бағыныштылары түтіннен қанша қиналса да бастықтың алдында бүгежіктеп, леп шығара алмай тұншыға тыпырлайды. 

Иә, түгел жиналдыңдар ма? – деп әкім отыр­ғандарға көзілдірігінің астымен сүзетін сиырша сыздана қарады.

Жиналғандар жым болды. Әкім үстелді қаламы­мен тықылдатты. 

Так, былай! Шақырғандағы себебім, Жаңа жыл да жақындап қалды. Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы мерекеге кететін шығынды есептеп келіп отыр. Қане, соны тыңдаймыз, – деді әкім.

Басқарма басшысы қайдан әкелгені белгісіз, бәлкім, айдан әкелді ме, сала құлаш тізімді жинал­ғандардың алдына жайып салды. Қысқасы, жаңа­жылдық мерекеге 229 миллион теңге керек екен. 

– Мынау тым көп қой. Бұл қаржыға жетім-жесірлерге пәтер әперейік те, босқа шашқанша, – деп қалды қою түтін арасынан біреу.

Бұл кім? Тұр, орныңнан, – деп әкім зірк етті.

Қою түтін арасынан біреу созбалаңдап тұра бастады.

– Әй, сен бе, тағы да? Қашан көрсең де осылай бүйректен сирақ шығарып жүресің. Бүлдірмесең, бойыңа ас дарымай ма? Шық бөлмеден, – деп қала бюджетіне жаны ашыған қызметкерді тырқыратып қуып шықты.

– Қане, тағы кімде қандай ұсыныс бар?

– Менде, – деп  бес орынбасарының бірі орнынан атып тұрды.

– Қане, сіз не дейсіз?

– Не дегенде «Абылайдың асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба?» деген екен баяғыда біреу. Сол айтпақшы, ең ұлық мереке Жаңа жылда шашылмағанда қашан шашыламыз? Қала тұрғындары Сіздің жомарттығыңызға және бір рет куә болып, бір жырғап қалсын. Неғұрлым жылтырақ көбейген сайын халық солғұрлым еліктегіш болады. Көшелерді танымастай безендіреміз. Отшашу зеңбірек болып атылады, – деп орынбасары Елпекбай еліріп барып зорға тоқтады.

– Меніңше жолдас Шалғынбай Теңгешашарұлы, мерекеге қаржы тым аз бөлініп отыр. Қаламыз күн сайын ауқымын кең жайып келеді. Бірнеше ауданымыз бар. Сондықтан мереке мереке болуы үшін қаржыны аямау керек. «Мұрның барда бір сіңбір» деген екен бұрынғы бабаларымыз. Билік қолда тұрғанда біз де бір сілкініп қалайық, – деп тағы бір орынбасары Алдаберген Жағымпазұлы «осы айтқаныма басекең қалай қарайды екен?» дегендей бастығына қиыла қарады.

Міне, жөн сөз! Табылған ақыл! Ұлы мерекеден ештеңені аямау керек! – деп әкім екі орынбасарына ризашылық көңілмен сүйсіне қарады.

Бұдан соң талқылаудың қажеті болмай қалды. Отырғандар бірінің аузына бірі түкіргендей екі орынбасарды қоштап шықты. 

Ендеше мерекеге жұмсалатын қаржы туралы құжатқа толықтырулар енгізіп, мәслихатқа ұсынайық, – деп әкім жиынды қорытты.

Мәслихаттағы майысқыштар әкімдік ұсынған мәліметке «мақұл?» десті. «Мақұл» демей не дейді, бүлкілдеп тұрса көмейі? 

Мәслихат мақұлдаған соң не тұрыс бар? Қаржыны меңгеруге тиіс мекеме іске қызу кірісіп кетті. Он миллион теңгеге бас шырша алынды. Дала сах­насының өзі отыз миллионға бағаланды. Көшелерді безендіру, сырттан әншілер алдыру, тағы басқа да шығындарға 229 миллион теңге жетпей қалды. Сосын тағы да жиын өтіп, қосымша қаржы сұралды. Қазы­наның қыруар қаржысын аясын ба, сұралған қаржы тағы да босатылды. Мұзқала жасалды, жарықшамдар орнатылды, бильбордтар ілінді.

Не керек, Жаңа жыл келеді деген түні аспан әлемі жарқырап тұрды. Бірақ қыруар қаржының текке кеткенін ойлап, жиналыстан қуылған қызметкер ғана қалтырап тұрды.

Бекер қалтырамапты. Балалардың жаққан балауыз шамының ұшқыны шыршаға түскені сол еді, алаулап жана бастады. Оттың тез тұтанғаны сон­шалық,  мерекеге келгендер сасып қалды. 

– Ойбай! Өрт сөндірушілерді шақырыңдар!

– Балаларды аулақ әкетіңдер!

Жанды! Жанды!

Төңірек у-шуға толып кетті. Біреулер алаңды тастап безіп барады. Енді біреулер әкімнің көзіне түсіп қалғысы келіп, шыршаны курткаларымен сабалап жүр. Бірақ қарқын алған жалын оларға дес берер емес. Өрт сөндірушілер келгенде бойы теректей алып шырша күлге айналып, сұлап жатты.

Қайран,  босқа кеткен миллиондар-ай! Бүйтіп жаңа жыл өткізгенше сол қаржыны жарлы-жақы­байларға бөліп бермеді ме? – деп Алдар Көсе ағамыз бір бұрышта жылап тұрды.

Арада бірер күн өткенде әкім бағыныштыларын тағы да жинап алды. Оларды Жаңа жылмен құт­тықтауды ұмытқан жоқ, әрине. Мерекеге мықты дайын­дық жасаған мырзаларды марапаттауды да естен шығармады.

Енді алдағы Наурыз мерекесін де осындай етіп өткізсек, – деп қалды жаңа жыл қарсаңында жиналыстан қуылған Салқынбек тағы да елгезектік танытып.

Әкім оған аларып қарады. Жеп жіберердей сұсты. Сұлтан мойнын ішіне тартып, момақан бола қалды. 

Наурыз мерекесі қазақы салттардың бірі ғой. Жұрт бауырсақ, тоқаш, басқа да тәттілер  пісіріп, бас үйітіп, бірдеңе етіп өткізе салады. Ұлттық спорт ойындарға аздап көңіл бөлейік. Халық осыған да разы болады,  – деп түйіндеді әкім сөзін.

Жиналғандар жым-жырт тарасты. Олардың көз алдында отшашулармен қабат­тасып жанған шырша кетпей тұр еді. 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ