Себебі Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағанов Маралды ауылдық округіне арнайы келіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын сұрады. Шұрқырасқан ел базынасын айтып, ауылдағы жарық пен интернет мәселесін күн тәртібіне қойды.
Жөнделген жол, орындалған іс
Кейінгі жылдары Маралды округі тұрғындарының мамыражай өмір сүруі үшін бірқатар іс атқарылған. Мұны тұрғындар да растап отыр. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесудегі әңгіме басы да алғыс айтудан басталды. Бірі жол мәселесінің күрмеуі шешіле бастағанына қуанса, енді бірі балаларға арналған ойын алаңының құрылысына дән риза екенін жеткізді.
«Туған жер – алтын бесігім» дейді дана халқымыз. Маралды – ата-бабамыздың ізі қалған, маңдай терімен көркейген, бізге аманат болып жеткен қасиетті мекен. Бүгінде біз Жаңа Маралды жөнінде айтып отырмыз. Жаңа Маралды жай сөз ғана емес, бұл – нақты іс, әр тұрғынға шынайы көрініп отырған нәтиже. Жаңа Маралды – үміт, сенім және болашаққа жасалған нақты қадам. Кейінгі кезде ауылды дамыту үшін нақты жұмыс жүріп жатыр. Ауылішілік жолдар жөнделді, жарық тартылды, балалар және спорт алаңдары салынды. Ұзаққа созылған орталықтандырылған су мәселесі шешілді, мектептің төбесі жаңартылды. Ал келесі жылы мектептің ішкі жөндеу жұмысы басталады. Бұл Жаңа Маралдының бой көтеріп келе жатқанын, ауылдың тынысы кеңейіп, болашаққа сенім нығайғанын білдірсе керек», – дейді Нұрымбет Сақтағанов.
Екі сағатқа созылған кез-десуде ауданның әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, мәдени мәселелері талқыға түсті. 2025 жылы қандай іс оңалғанын, жүйеге түскені айтылды. Бұл турасында аталған аудан әкімі Мейіржан Әлбеков баяндамасында кеңінен көсілді. Оның мәліметінше, биыл округтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жергілікті алтын өндіруші компаниямен жасалған меморандум аясында 400 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат Қыстау-Күршім ауылының орталық көшесін орташа жөндеуге, Маралды ауылындағы ҰОС ардагерлерінің аллеясына гранит плиталарын төсеуге, ауылдық округ ауылдарында абоненттер үшін Starlink спутниктік интернет жүйесін орнатуға, ауданның басқа да ауылдық округтерін әлеуметтік дамытуға, орталық саябақты қоршауға және Маралды ауылының стадионында спорттық құрал-жабдықтар алуға, Үшбұлақ пен Қыстау-Күршім ауылдарында шағын футбол алаңын салуға және жас мамандар үшін тұрғын үй сатып алуға бағытталған.

Аймақ басшысы жоғарыда аталған алтын өндіру компаниясына қатысты тұрғындардың пікірін тыңдап, экологияға қатысты тұсына байыппен жауап берді.
«Әрине, өндіріс пен экологияға қатысты алаңдаушылық бар екенін жақсы түсінемін. Бұл – халықтың туған жерге деген жанашырлығының белгісі. Алтын өндіретін кәсіпорын облыс және республикалық деңгейде қатаң экологиялық бақылауда. Экология мен халық денсаулығы – біздің ең басты құндылығымыз. Бұл бағытта ешқандай бейқамдыққа, немқұрайлыққа жол берілмейді. Әрбір тексеру ашық өтеді, әрбір талап орындалады. Сонымен қатар бұл өндіріс – ауыл экономикасының маңызды тірегі. Бұл – жаңа жұмыс орындары, тұрақты табыс, әлеуметтік жауапкершілік. Онда өз ауылымыздың азаматтары еңбек етіп жүр. Қазір Маралды округінен 25 адам сонда жұмысқа кірген», – деді облыс әкімі.
Жас келсе – іске!
Әсіресе, жиын барысында белсенді жастар аймақ басшысына арыз-арманын жеткізіп, мүмкіндік беруін сұрады. Бір тұрғын мал шаруашылығымен, соның ішінде сүт және ет бағытында бизнеспен айналысқысы келетінін айтты. Мал бордақылау бойынша грант алғысы келетінін, қайта грант бөлу жалғасса, бел шеше кірісуге дайын екеніне сендірді. Бұған облыс әкімі «белдеріңді буып, қорықпай жұмыс істей беріңдер!» деп жауап берді. 2,5 пайыз несие беретін «Ауыл аманаты» сияқты бағдарлама аясында қамдануға болатынын, оның үстіне жергілікті бюджеттен де кәсіпкерлерге көмектесудің жолын қарастыратынын жеткізді. Өскен елін өркендеткісі келетін әрбіріне қолдау білдіріп, мал шаруашылығы мен туризмді дамытамыз дейтін жастарды қуана қоштады.
Өйткені биыл Маралды ауылында мал сою алаңын салуға, Қыстау-Күршім ауылында көше жарығын орнатуға, Маралды ауылында хоккей алаңын жөндеуге, өрт сөндіру пунктін жөндеуге, көше жарығын орнатуға, округ студенттерінің оқуына ақы төлеуге, мал өткелін орнатуға, су құбыры желілерін ағымдағы жөндеуге, шаруаларға қайтарымсыз гранттар ретінде несие беруге қаражат бөлінген. Әрі барлығы оңынан шешіліп, тұрғындар қуанышымен бөліскен-ді.

Мәселен, Қыстау-Күршім ауылының тұрғыны Ләйлә Майлықанова бұл жерге былтыр көшіп келген. Қазір еңсесін тіктеп, ел қатарлы еңбек етіп жүргенін айтты.
«Мен осы ауылға 2024 жылы жұмыс бабымен көшіп келдім. Аталған жылы тұрғын үймен қамтамасыз етті. Биыл шешілмеген интернет мәселесі бір ізге түсіп, орнатып берді. Көптеген игі іс жасалды. Балаларға ойын алаңы, футбол алаңын соғып, жаңадан мектеп құрылысы басталды. Шалғай ауылдағы тұрғындардың арыз-арманының орындалуына себепші болған облыс, аудан, ауыл әкімдеріне алғысым шексіз», – деді Қыстау-Күршім ауылының тұрғыны.
Нұрымбет Сақтағанов кездесуде қоныс аударуға қатысты да пікір білдірді. Егер мамандар көшіп келіп жатса, ауылдағы бос үйлерді жөндеуден өткізіп беретінін айтты. Келер жылы үш үйді таңдап алып, жөндеу жұмысын жүргізіп бере алатынын, еңбек етем деген кісіге демеу барын көрсетті. Аймақ басшысы сөзінің соңында Маралды округі одан сайын гүлденетінін, бұған ел болып жұмыла кірісу керегін атап өтті. Келер жылы округ дамуына 600 миллион теңге бөлінетінін мәлімдеді.
«Үш ауылдың жағдайына қанықтым. Бірлесе отырып, ауылдың жағдайын көтеру үшін жұмыс істейміз. Келешекте Маралды ауылдық округы дамудың даңғыл жолына түседі. Бұған барлық жағдай жетеді. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жұдырықтай жұмылғанымыз жөн. Мен облыс әкімі ретінде Маралдының назардан тыс қалмайтынын нақты айтамын. Бұл ауылдың әрбір мәселесі кезең-кезеңімен, халықпен ақылдаса отырып шешіледі. Біз Жаңа Маралдыны дау-дамаймен емес – даналықпен, айқаймен емес – іспен, үреймен емес – сеніммен құруымыз керек!» – деді облыс әкімі сөз соңында.
Айбике ЖАНАСЫЛ