Ол өнерге адалдықтың, сахнаға тазалықпен қызмет етудің, ұлт рухын қорғаудың үлгісін көрсетті.
Қазақстанның Еңбек Ері, аңызға айналған әртіс Асанәлі Әшімов өмірден өтті
307
оқылды

Бүгін қазақ театр және кино өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты "Жаңа Ғасыр" театрына сілтеме жасап.

Қазақ сахнасының абызы, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, кино және театр әртісі, режиссер, Жаңа Ғасыр театрының негізін қалаушы көркемдік жетекші, аяулы ұстаз Асанәлі Әшімұлы өмірден өтті.

Асанәлі Әшімұлы қазақ өнерінің биігін әлемге танытқан, сахна мен экранда ұлттық рухты асқақтата білген бірегей тұлға еді. Оның әр рөлі тарих, әр бейнесі тағдыр, әр сөзі мектеп болды. Ол өнерге адалдықтың, сахнаға тазалықпен қызмет етудің, ұлт рухын қорғаудың үлгісін көрсетті.

Ұстаз ретінде талай буынға бағыт-бағдар беріп, өнердің жауапкершілігін, актерлік мамандықтың қасиетін шәкірттерінің жүрегіне сіңіре білді. Театрдың іргесін қалап, шығармашылық жолын айқындап, ұлттық мәдениеттің шамшырағына айналдырды. Оның еңбегімен қазақ театры мен киносы жаңа белеске көтерілді.

Бүгін қазақ театр өнері қара жамылды. Сахна үнсіз қалғандай, залдың ауасы ауыр тартқандай. Бірақ Асанәлі Әшімұлының өнері, рухы, аманаты — мәңгі тірі. Ол халықтың жүрегінде, көрерменнің жадында, сахна төрінде өмір сүре береді.