Жағдай жұртшылықтың қызу талқысына түсіп, полиция дереу әрекет етті.
Алматыда автобустағы бұзақылыққа байланысты қылмыстық іс қозғалды
247
оқылды

Әлеуметтік желілерде Алматы қаласындағы қоғамдық көлікте бірнеше ер адамның шетел азаматын соққыға жыққан сәті бейнеленген видео тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жағдай жұртшылықтың қызу талқысына түсіп, полиция дереу әрекет етті.

Оқиға 18 желтоқсанда болған. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда аталған дерекке қатысты жедел тексеру және іздестіру шаралары басталған. Әзірге құқық қорғау органдарына ресми арыз-шағым немесе хабарлама түспеген.

Қоғамдық көлік жүргізушісі жағдайға жедел әрекет етіп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп бұзған азаматтарды автобустан түсірген.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және ұстау бағытында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар оқиға кезінде автобуста болған шетелдік азаматтың және өзге тұлғалардың жеке басы анықталып жатыр.

Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын, қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытатын, жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын аяққа таптайтын әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамада әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.