Алғашқы шабуыл қаланың шетінде орналасқан №61 мектептен басталады.
"14 мектепке шабуыл жасаймыз": Қарағандыда полиция күзетті күшейтті
www.istockphoto.com
93
оқылды

Қарағанды қаласында әлеуметтік желілерде қарулы шабуыл жасалатыны туралы ақпарат тарағаннан кейін, оқу орындарының маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді,  деп хабарлайды Aikyn.kz сайты "КТК" телеарнасы сілтеме жасап.

Белгісіз тұлғалар Telegram желісінде қаладағы 14 мектепке бірдей шабуыл жасаймыз деген мазмұндағы видеоүндеу таратқан. Онда бетперде киген адам қолына қару ұстап тұрып сөйлеген. Ол оқушыларды "атып, пышақтап, денелерін қатар-қатар жатқызамыз" деп қорқытқан. Сондай-ақ шамамен 20 адамнан тұратын "террористік топ" бар екенін және Қарағандыдағы 14 мектепке шабуыл жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Алғашқы шабуыл қаланың шетінде орналасқан №61 мектептен басталатынын айтқан.

Осыған байланысты мектептерге жедел түрде қосымша күзет қойылып, ғимараттардың маңында полиция қызметкерлерінің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды.

Полицияның мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, бұл хабарлама шетел аумағынан жіберілуі мүмкін, ал шабуыл дайындалып жатқаны туралы ақпарат расталған жоқ.

"Қазір аталған ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы әдейі жалған ақпарат тарату — қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекет және ол бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға әкеп соғуы мүмкін", – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.