Биыл қалада 31 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, бүгінде оның 26 мыңнан астамы тиісті қолдауға ие болды. Бұл бағыттағы нақты мүмкіндіктердің бірі – жуырда өткен өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі.
Еңбек күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеге Шымкент қаласындағы 100-ден астам мемлекеттік және жекеменшік ұйым қатысты. Оның ішінде индустриалды аймақтарда жұмыс істейтін 20 кәсіпорын бар. Жұмыс іздеушілерге барлығы 3 100-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Оның 2 мыңға жуығы тұрақты болса, 1 100-і – уақытша жұмыс орындары. Жәрмеңкенің өңіраралық деңгейде өтуі де еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейте түсті. Іс-шараға Абай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Павлодар облыстарынан 20-дан астам делегация қатысып, тұрғындарға жұмысқа орналасу, ерікті түрде қоныс аудару және жұмыспен қамтуды қолдаудың қолданыстағы шаралары жөнінде кеңес берді.
Жәрмеңкеге қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді үйлестірудің маңызын атап өтті. Қала әкімі жұмыс орындарын көбейту, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі екенін айтты.
Жәрмеңке жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік берді. Тұрғындар өздеріне қажетті мамандықтар бойынша ұсыныстармен танысып, жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастырды. Сонымен қатар кәсіби оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары туралы ақпарат алды.
Шымкенттегі жұмыспен қамту саясатының негізгі мақсаты – азаматтарды уақытша еңбекпен ғана қамту емес, тұрақты жұмысқа орналастыруға жағдай жасау. 2026 жылдың II тоқсанындағы мәлімет бойынша, қаладағы жұмыссыздар саны 22 401 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз болды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайызды құрады. Биыл қала бойынша 31 398 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. 21 қыркүйектегі жағдай бойынша оның 26 412-сі немесе 84,1 пайызы түрлі жұмыспен қамту шарасына тартылды. Оның ішінде 16 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты.
Жалпы, тұрақты жұмыс орындарына 11 427 адамды орналастыру жоспарланса, қазір 8 575 азамат тұрақты еңбекпен қамтылды. Қалада жаңа жұмыс орындарын құруға да басымдық берілуде. Тұжырымдамалар, даму бағдарламалары және азаматтардың жеке бастамалары есебінен 9 446 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде оның 7 732-сі жұмысқа жолданды. Ал жеке бастамалар есебінен 6 919 адамды жұмыспен қамту жоспары толық орындалды.
Жұмыспен қамту шаралары азаматтарды жұмысқа орналастырумен ғана шектелмейді. Еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сәйкес мамандар даярлау да маңызды бағыттардың бірі. Биыл дағдыларды дамыту бағыты бойынша 4 149 адам оқытылды. Оның ішінде 450 азамат жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіби оқуға жіберілсе, 160 адам тікелей жұмыс орындарында білім алды. Электрондық еңбек биржасы арқылы 3 454 адам онлайн оқытуға қатысты. Ал кәсіби біліктілікті тану бағыты бойынша 85 азамат оқып шықты.
Жұмыспен қамтудың тағы бір бағыты – азаматтардың өз ісін бастауына мүмкіндік жасау. Биыл кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларына 2 726 азамат тартылды. Оның ішінде 2 623 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға да ерекше қолдау көрсетілуде. Оларға 400 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік гранттар қарастырылған. Биыл 400 азаматқа грант беру жоспарланса, қазір 103 адам мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл тұрғындардың тек дайын жұмыс орнын күтуіне емес, өз кәсібін ашып, табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік беретін тетік.
Жастарды еңбек нарығына бейімдеу де назардан тыс қалған жоқ. Биыл «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 1 404 адам жұмысқа орналастырылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 3 229 азамат жолданса, қоғамдық жұмыстарға 1 479 адам тартылды. Жазғы кезеңде студенттер мен мектеп оқушыларын уақытша еңбекке тарту бойынша да жұмыстар жүргізілді. Жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде 1 маусымнан бастап 298 жас үш ай мерзімге қоғамдық жұмысқа жолданды. Оның 192-сі жоғары оқу орындарының студенттері, 106-сы – 16 жастан асқан мектеп оқушылары. Жастарға ай сайын 28 АЕК мөлшерінде, яғни 121 100 теңге көлемінде жалақы төленді. Мұндай мүмкіндіктер жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, еңбек нарығына бейімделуіне жол ашады.
Алдағы кезеңде де жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтарды тұрақты еңбекпен қамту, кәсіби оқыту мен кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары жалғаса береді. Шымкент үшін бұл бағыттың маңызы ерекше.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
