Негізінен, «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Жоба шеңберінде елдің банктерге еселенген берешегін еңсеріп, қаржылық сауаттылығын арттыруға сеп болуда. Бұл тұрғыда арнайы мамандардың азаматтарға тегін кеңес беру, қаржылық қиындықтарды еңсеруге көмек көрсету бағытында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Соған орай, партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жобаны іске асыру аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуге атсалысқан азаматтармен кездесу өткізді.
Жалпы, биылғы жылға «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Қызылордада 22 800 азаматқа қызмет көрсету көзделген. Алайда ауқымды жұмыстар жүргізу барысында бұл меже 152,4 пайызға артығымен орындалған. Нәтижесінде, 34 755 азамат қаржылық сауаттылығын арттырып отыр.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауларында атап көрсеткендей, елімізде екпін алған бірегей бастама биыл да жарасымды жалғасын тауып, ауқымды шаруа атқарылды. Жақында Астана қаласында жобаның жылдық нәтижесі қорытындыланды. Жиынға партия Төрағасы Ерлан Қошанов арнайы қатысып, «Қарызсыз қоғам» құруға белсене атсалысып жүрген азаматтарға ризашылық білдірді. Осы орайда жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтар жоспарды орындап қана қоймай, халықтың қиындықтан жол тауып шығуына оң ықпал жасап, үлкен үлес қосқанын айтқым келеді. Осының негізінде қаншама отбасы қаржылық тығырықтан шығуға мүмкіндік алып, өз болашағына сеніммен қарай бастады. Бұл – қажырлы еңбектің шынайы жемісі, халықтың ризашылығы мен алғысына лайық іс», – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай.
Негізінен, «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған бірегей жоба өңірде осымен үшінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Баянды бастама алғашында 8 өңірде пилоттық жоба ретінде іске қосылған болатын. Аз уақыттың ішінде бастама өз тиімділігін көрсетіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде іске қосуға шешім қабылданғаны мәлім.
Өткен 2024 жылы Қызылорда облысы бойынша аталмыш жобаны жүзеге асыруда 5 сарапшы жұмыс жүргізіп, 11 300 азаматтың оқып, қаржылық сауаттылығын арттыруға өз үлесін қосқан.
Ал биылдан бастап жобаның форматы өзгергені белгілі. Соның негізінде банктерге берешегі 90 күннен асып, несиесін белгілі себептермен төлей алмай жүрген азаматтарды оқытуға шешім қабылданған. Сол сияқты биылғы жылдың 1 маусымына дейін азаматтарды оқыту оффлайн жүргізілсе, одан кейін онлайн форматқа ауыстырылғаны жария болды. Бұл бірінші кезекте азаматтардың онлайн оқуға деген өз талабы бойынша қабылданған шешім екені түсіндірілді.
Жалпы, партия филиалында өткен кездесуде осы сияқты жоба шеңберінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен баяндалды. Өз кезегінде жоба қатысушыларына халыққа тегін құқықтық көмек көрсетудегі кәсібилігімен жоғары жауапкершілігі үшін «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың алғысхаты табысталды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы