Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) адамдарды азаптады деп айыпталған 12 қызметкеріне қатысты іс бойынша сот жаңа шешім қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.
"Қылмыстық қудалау органы ҚАЖК қызметкерлерін Атбасар қаласындағы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға тыйым салынған ықпал ету әдістерін қолданды деп айыптаған (ҚР ҚК-нің 146-бабы 3-бөлігі 1-тармағы – Азаптау). Алқабилер сотталушыларды кінәсіз деп тану туралы үкім шығарды. Қылмыс оқиғасының болмағаны және сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды. 10 алқаби мен бір судьяның әрқайсысының бір-бірден дауысы бар. Дауыс беру кезінде артықшылық қарастырылмаған", – делінген хабарламад.
Сот үкімімен ҚАЖК-нің 12 қызметкері кінәсіз деп танылды. Ақталғандарға оңалту құқығы берілді.
Айта кетейік, 2023 жылғы тамызда Атбасарға жеткізілген ондаған сотталған колонияның 25 қызметкері тарапынан соққыға жығылған болатын. 2025 жылғы ақпанда бұл іс Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында алқабилердің қатысуымен қаралып, ҚАЖК қызметкерлері кінәсіз деп танылған. Алайда прокуратура үкімге наразылық білдіріп, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшін жойды. Іс сол сотқа басқа құрамда қайта қарауға жіберілді.