Мәскеу мен Қытай мемлекеттері жылдам салады.
Алматы метросының жаңа желілерін шетелдік мердігерлер салуы мүмкін
www.istockphoto.com
213
оқылды

Алматыда метроның жаңа желілерін салу үшін шетелдік мердігер ұйымдарды тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов айтты, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Айтуынша, өзге мегаполистерде мұндай ауқымды инфрақұрылымдық жобалар екі жылда салынады.

– Қытай мен Мәскеудің тәжірибесін көріп отырмыз: олар метро стансаларын ғана емес, тұтас желілерді де өте жылдам салады. Мысалы, шартты түрде қытайлық компаниялармен келісім жасалса, олар бір желіні екі жылда салып шығуы мүмкін. Себебі оларда туннель қазатын техника жеткілікті. Ал бізде бір ғана техника бар, ол әрең жұмыс істеп тұр. Бұл, ең алдымен, техниканың тапшылығына байланысты. Қаланың жерастында дамуы – уақыт талабы. Біріншіден, метро – жер сілкінісі кезінде паналайтын қауіпсіз орын, екіншіден, бұл барлық экономикалық саланың дамуына серпін береді, –  деді Асхат Сәдуов.

Ол метро құрылысына салынатын инвестициялар ұзақмерзімді перспективада өзін толық ақтайтынын айтты. Өйткені метро стансалары жолаушылар ағынын жеделдетіп, қалалық ортаның, қала экономикасының, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер етеді.

Сонымен қатар «Алматыбасжоспар» басшысы қазіргі таңда бірде-бір мердігермен нақты келісім жасалмағанын да айтты.

– Әзірше ешқандай келісім жоқ. Барлығы бюджет көлемін нақтылайтын техникалық-экономикалық негіздемені күтіп отыр. Бюджет көлемі белгілі болған соң ғана келіссөздер жүргізуге болады. Мәскеу мен Қытай сияқты жылдам салатындар аз. Олардың да тәжірибесі жетеді, нәтижелері де жақсы. Сол себепті жобаны аз уақытта іске асыра алатын мердігерлерге жүгінудің мәні бар,  деді ол.