Мемлекеттік аппаратты ашық және әділ басқару қағи­даттарын нығайту үшін мемле­кеттік қыз­мет­шілер арасында әдеп норма­ларын сақтау ерекше маңызға ие.
Қызмет этикасы: талап та, тәртіп те керек
102
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызметші­лер өзіне жүктелген міндетті мін­сіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әр­да­йым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзге­рістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, арлы адам болуы шарт. Әділетті Қа­зақстанды құру идеясына адал­дығы әлдеқайда маңызды», – деп атап өткен болатын. Бұл тұр­ғыда Мемлекет басшысы мем­лекеттік қызметшілердің мін­сіз кәсібилігі мен адами қа­сиеттеріне ерекше мән береді. 

Әдеп қоғамның билікке деген сенімінің іргелі негізі ре­тінде бүгінде мемлекеттік басқа­рудың қазақстандық моделінің ажырамас элементіне айналып келеді. Осы саладағы негізгі инс­титуттардың бірі – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанын­дағы Әдеп жөніндегі кеңесі. Әдеп жөніндегі кеңес – басшы лауазымдағы мемлекеттік қыз­метшілердің әдеп нормаларын бұзу мәселелері бойынша тәр­тіптік істерді қарайды және теріс қылықтар расталған жағдайда тәртіптік шараларды қолдану туралы ұсыныстар енгізеді. Бү­гінде оның басты мақсаты – мемлекеттік қызмет жүйесінде сенім, әділдік және заңдылық ахуалын қалыптастыру. Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен ашық өтеді, сондай-ақ ағартушылық қызметке белсенді қатысады, мемлекеттік қызметшілер мен халыққа түсіндіру кездесулерін өткізеді. Мұның бәрі жауапты қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыра отырып, құ­қық­тық және әдептілік сауат­ты­лықты арттырады.

Қазіргі заманғы мемлекеттік қызметкер – бұл  жоғары білімі бар ғана емес, сонымен қатар жеке қасиеттерімен ерекше­ленетін маман. Мемлекеттік қызметтегі әдеп – ол шектеу емес, дамуға ынталандыру, тұ­рақтылық факторы, жетілу және басқару мәдениетінің белгісі болады. Әдеп жөніндегі кеңестер мемлекеттік қызметтердің са­пасын арттыру және мемлекеттік басқару институттарына халық сенімін нығайту саласындағы саясаттың ажырамас бөлігі саналады. Оның қызметі азамат­тар­дың қажеттіліктеріне бағдар­ланған және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың ма­ңызды элементі десек болады.

Қазір қоғам биліктен ашық­тықты, әділеттілік пен жауапкер­шілікті күткен кезде әдеп  мем­лекет пен халық арасындағы әмбебап сенім тіліне айналады. Бұл тілді сақтауға, дамытуға және күнделікті басқару тәжі­рибесінде бекітуге көмектесетін Әдеп жөніндегі кеңес екені анық. Биыл Абай облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілісі 8 рет өткізіліп, барлығы 40 сұрақ қаралды, оның ішінде 15 тәр­тіптік іс, 25-і құқықбұзушы­лықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық мәселелер. Кеңес отырыстарында қаралған мәселелер бойынша барлығы 58 ұсыным қалыптастырылды. Тәртіптік істерді қарау нәтижесі бойынша 10 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсыныл­ды (5 тәртіптік іс тоқтатылды), оның ішінде 7-і мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін «қыз­метіне толық сәйкес емес­тігі туралы ескерту», 3-і әдеп нормаларын сақтамағаны үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.

Сондай-ақ Әдеп жөніндегі кеңес тарапынан мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерек­ше назар аударылады. Мә­селен, биыл  Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің Абай облысы бо­йын­ша департаменті мемлекет­тік қызметшілердің құқықта­ры­ның сақталуына талдау жүргізіп, оның нәтижелері Абай облысын­дағы әдеп жөніндегі кеңестің отыры­сында қаралды. Жүргізіл­ген тал­дау көрсеткендей, 379 қызметкер­дің іссапар шығында­рын уа­қы­тылы өтеу жүйелі түрде бұзылған. Қабылданған шара­лар­дың нәти­жесінде мемлекеттік қызметші­лерге жалпы сомасы 2,4 млн тең­геден астам іссапар шығыста­ры өтелді. Талдау бары­сында жыл сайынғы еңбек де­малысы төлем­дерін уақытылы өтемеу фактілері анықталды.  Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Абай облысы бойынша департаменті тиісті төлемдерді кешіктіргені үшін жалпы сомасы 267 195 теңгеден астам өсімпұл өндірді. Бұдан басқа, жұмыс уақыты режимінің сақталуына мемлекеттік орган­дарға бару арқылы мониторинг жүргізу нәтижесінде 64 мемле­кеттік қызметшіге жалпы 195 са­ғаттан астам демалыс уақыт­тары бе­рілді, 25 қызметшіге 87 377 теңге көлемінде қосымша ақы төленді. Айта кету керек, мемлекеттік қыз­мет саласындағы қолданыс­та­ғы заңнамаға сәйкес, мемле­кет­тік қызметшілердің үстеме жұмыс атқаруы міндетті түрде өтелуге тиіс. Бұл өтемақы қо­сым­ша демалыс күндері (са­ғат­­тары) түрінде немесе мем­ле­кеттік қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес ақшалай түрде жүзеге асырылады. Аталып өт­кен талдау және мониторинг нә­тижелері Әдеп жөніндегі ке­ңес отырыстарында қаралып, тиісті лауазымды тұлғаларға нақ­ты ұсынымдар берілді. Мұн­дай мысалдар Әдеп жөніндегі ке­ңестің жұмысы тек тәртіптік істерді қарастыру емес, сонымен қатар азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қал­пына келтіруге бағытталаты­нын көрсетеді. Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңес заңбұзушылық­тың алдын алуға және мемле­кет­тік органдар қызметіндегі заң­дылық пен тәртіпті нығайтуға оң ықпалын тигізуге бағытталған жұмысты жүйелі түрде жүргізеді. Ал бағдары айқын, қызметі елеулі Әдеп жөніндегі кеңес инс­титуты халықтың сенімін ақтауға өз күшін сала бермек. 

Руслан ШАРИПОВ,

МҚІА Абай облысы бойынша

департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы