Бүгінде бұл мекеме ұлттық жадыны жүйелеп, оны қазіргі оқырманға қолжетімді ететін кәсіби құрылымға айналды. Ғасырлар тоғысындағы осы бір миссияның үздіксіз орындалуы мамандардың көзге көріне бермейтін тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жүзеге асып отыр.
– Ұлттық кітапхана – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани және мәдени қазынаның орталығы ретінде оқырманға қолжетімділік жағынан бұрынғыдан әлдеқайда ашық, заманауи форматқа көшті. Дәстүрлі түрде кітапхана қызметі ғимаратқа келетін оқырмандарға бағытталса да, қазіргі ақпараттық технологиялар кезеңінде ол физикалық кеңістікпен шектелмей, цифрлық алаңда да тиімді жұмыс істеп отыр. Мысалы, электрондық каталогтар, сандық көшірмелер, виртуалды шолу және деректерді жүктеу жүйелері арқылы кітапхананың бірегей қорына қол жеткізу мүмкіндігі артты, – деді Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген.
Ерекше тоқталып өтерлік жайт, кітапханадағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының цифрландырылуы. Қазірдің өзінде 65-70 пайыз сирек қор мұрасы сканерден өткен. Мұнда ортағасырлық қолжазбалар, алғашқы баспа өнімдері, қазақ зиялыларының жеке мұрағаттық материалдары, шетелдегі сирек кездесетін басылымдар сақталған. Ғазиза Құдайбергеннің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс жылдық және көпжылдық жоспарлар негізінде іске асырылады. Әрбір сирек кітап пен қолжазба құнды болғандықтан, олардың цифрлық нұсқасын дайындау барысында ғылыми сараптама, түпнұсқаның жағдайын бағалау, қауіпсіз сақтау нормалары қатаң түрде ескеріледі. Ал цифрланған материалдар электрондық каталогқа енгізіліп, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген мәліметтер базасына түседі.
– Цифрландырудың маңызды нәтижесі – ұлттық мұраларымыздың халықаралық деңгейде танылуы. Әлемнің кез келген нүктесіндегі оқырман Қазақстанның мәдени құндылықтарына онлайн қол жеткізе алады. Бұл – рухани дипломатияның жаңа формасы, еліміздің ғылыми және мәдени беделін арттыратын үлкен мүмкіндік. Болашақта біз бұл үрдісті одан әрі күшейтіп, жаңа технологияларды енгізіп, электрондық платформалардың мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Ғ.Құдайберген.
Кітапханаға келушілердің 90 пайызы – жастар
Қоғамда «қазіргі жастар кітап оқымайды» деген жаңсақ пікірдің бары жасырын емес. Десек те, Ұлттық кітапхананың қазіргі тәжірибесі бұл пікірді жоққа шығарады. Оны мынадай көрсеткіштен бағамдауға болады. Мәселен, қараша айындағы нәтижеге зер салсақ, Ұлттық кітапханаға бұл аралықта 122 979 адам келген. Ал оқырмандарға берілген құжаттар саны – 177 609. Бұл – өте жоғары әрі қуанарлық көрсеткіш. Ең маңыздысы, статистиканың басым бөлігін жастар иеленіп отыр.
– Иә, бұл пікірді жиі естиміз. Бірақ менің жеке тәжірибем мен біздің Ұлттық кітапхананың нақты деректері мұндай тұжырымның шындыққа жанаспайтынын дәлелдейді. Керісінше, бүгінгі жастардың рухани ізденісі, білімге деген талап-талғамы айрықша күшейгенін күн сайын көріп жүрміз. Кітапханаға келушілердің 90 пайызы – жастар. Бұл – ұрпақ санасындағы оң өзгерістің, оқу мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі жас буын кітапты ақпарат көзі ретінде ғана емес, өзін-өзі дамыту, ой-өрісін кеңейту, рухани тынысын ашу құралы ретінде қабылдай бастады. Әсіресе, цифрлық дәуірде түрлі ақпараттық алаң көбейгенімен, жастардың басым бөлігі сапалы білім мен терең мазмұнды тек кітаптан таба алатынын жақсы түсінеді, – деді Ұлттық кітапхана директоры.
Технологиялық прогрестің ықпалымен баяғы дәстүрлі кітапханашының бейнесі жаңаша кейіпте өзгере бастады. Осының нәтижесінде, қазіргі заманғы кітапханашының дағдылары заманауи сипатқа ие болды. Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, Ұлттық кітапхана бұл бағытта біршама стратегиялық жобаны жүзеге асыруды қолға алыпты. Соның бірі – кітапхана ісі ғылымы бойынша оқу-әдістемелік орталық құру. Бұл орталықта кітапханашылардың кәсіби деңгейін арттыруға арналған арнайы курстар ұйымдастырылады.
– Жаңа заман кітапханашысы – дәстүрлі білім мен тәжірибені сақтай отырып, заманауи технологияларды, цифрлық платформаларды, электрондық деректер қорын тиімді пайдалана білетін кәсіби маман. Ол жасанды интеллекттің кітапхана ісіндегі рөлі мен мүмкіндіктерін түсініп, оқырманға қызмет көрсетудің жаңа жолдарын әзірлей білуі керек. Сондай-ақ ол әлемдік тәжірибелерді зерттеп, өз қызметінде қолдана алатын, стратегиялық ойлай білетін маман болуы шарт. Осы қасиеттер кітапхананың оқырманға қолжетімділігін арттырып, ұлттық мұра мен білімді заманауи форматта ұсынуға мүмкіндік береді. Келешекте заманауи білім беру технологияларын енгізу арқылы кітапханашылардың кәсіби әлеуетін арттыруға ұмтыламыз, – деді Ғ.Құдайберген.
Бүгінде Ұлттық кітапхананың ішкі өмірінде тіршілігі саябырсымайтын қызмет түрінің бірі – реставрация процесі. Мұнда келіп түскен материалдардың жағдайына қарай мамандар арнайы «диагноз» қояды. Реставрация бөлімінің жетекшісі Аида Мұратқызы кітапты немесе қолжазбаны реставрациялау уақыты сол құжаттың көлемі мен зақымдануына байланысты созылатынын айтады. Тіпті мұнда жылдап қалпына келтіруді талап ететін материалдар бар. Мәселен, реставраторлар кейінгі екі жылда уақытын жер астынан, қап ішінен табылған кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіруге арнап келеді.
– Кейбір реставрация жұмысы жылдар бойына созылуы мүмкін, өйткені реставрация процесінде дезинсекциялау және дезинфекциялау, биоцидпен өңдеу, құжаттың рН мөлшерін анықтау, дақтарды кетіру, түрлі химиялық заттардан пайда болған дақтарды кетіру, тозған парақтарды нығайту, кеуіп кеткен былғары түптеуді майлау, тазартылған суда жуу, қышқылдығын бейтараптандыру, сілтілік резерв жасау, классикалық беттерді, мұқаба қаптамаларды қалпына келтіру, кітап блоктарын өңдеу, бедерлеу, тігу және т.б. жұмыстар орындалады, – деді А.Мұратқызы.
Ұлттық кітапхананың тағы бір маңызды бөлімі – ақпараттық ресурстар қызметі. Рухани орданың күнделікті жұмыс процесіне «қан жүгіртіп отырған» бұл мамандар электронды каталогтар мен сандық қорларды үнемі жаңартып отырады. Осының арқасында оқырман еліміздің кез келген өңірінде жүріп-ақ қажетті ақпаратқа бір сәтте қол жеткізе алады. Ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Толқын Замзаева онлайн қызметтің сапасы мен жылдамдығын арттыруда біршама жаңашылдық енгізілгенін атап өтті. Оның мәліметінше, ең маңызды жаңашылдық – RFID технологиясының енгізілуі. Ол кітап алу мен қайтару уақытын бірнеше есе қысқартты. Екінші үлкен өзгеріс – онлайн каталог. Бұл пайдаланушыларға тәулік бойы үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді, іздеу жылдамдығын арттырады және ақпараттық қауіпсіздікті күшейтеді. Осы тұста Толқын Замзаевадан онлайн каталогта ең көп ізделетін тақырыптар жөнінде сұрап көрдік.
– Қазіргі кезде ең жиі сұралатын бағыттардың ішінде бірінші орында жасанды интеллект, бағдарламалау, цифрлық трансформация секілді ІТ саласына қатысты материалдар тұр. Екінші орында – педагогика мен психология. Мұғалімдер, студенттер, ата-аналар үшін бұл тақырып әрдайым өзекті. Үшінші бағыт – Қазақстан тарихы, этнография, мәдени мұра. Кейінгі жылдары ұлттық тарихқа қызығушылық айтарлықтай артты. Одан бөлек, әдебиет саласында оқырмандар қазақ классикасы, әлем әдебиетінің үздік шығармалары, сондай-ақ қазіргі бестселлерлерді жиі іздейді. Тіл үйрену бағытында ағылшын, түрік, қазақ тілдеріне арналған оқу құралдары танымал, – деді ол.
Толқын Замзаева процестің өзіндік қиындықтары бар екенін де жеткізді. Әсіресе, қор жыл сайын мыңдаған материалмен толығып отыратын кезеңде мамандарға артылар жауапкершілік жүгі де арта түседі.
– Материал көлемінің көп болуы, көптілді басылымдар, аналитикалық сипаттамалардың күрделілігі, жаңа стандарттарға бейімделу, техникалық жүйелердегі ақаулар, авторлық құқық шектеулері – мұның бәрі жұмысты баяулататын факторлар. Әсіресе, бір нөмірінде ондаған материал болатын газет-журналдарға аналитикалық сипаттама жасау көп уақытты қажет етеді, – деді Т.Замзаева.
40 мыңға жуық материал сақталған
Қазіргі уақытта Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында 40 мыңға жуық материал сақталған. Оның ішінде шамамен мыңға тарта жазба – көне дәуірлердің қолжазбалары. Бұл қор жыл сайын жаңа жәдігерлермен толықтырылып отырады. Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің жетекшісі Гүлшат Абикова бүгінде осы бір құнды мұрағаттың оқырманға кедергісіз жетуіне атсалысып келе жатқан маман. Оның айтуынша, кейінгі уақытта бұл бағытта айтарлықтай серпін байқалады.
– Биыл құрылған «Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының» алғашқы отырыстарының өзі үлкен рухани қозғалысқа себеп болды. Елдің түкпір-түкпірінен келген азаматтар өз әулетінде сақталған тарихи қолжазбаларды Ұлттық кітапханаға ресми түрде тапсырды. Біз мұны жеке мұралардағы жазбалардың ғылыми айналымға енуіне жол ашатын маңызды қадам деп бағалаймыз. Мысалы, қоғам қайраткері Ахан Таңжарұлының қолжазбаларын оның ұрпақтары Нақып Аханұлы мен Ажар Аханқызы қорға өткізді. Ал 22 қазанда өткен отырыста Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тынышбек Дайрабай бірнеше құнды дүниені сыйға тартты. Оның ішінде Алма Қыраубайқызының «Қисса Дандан» (Ақылбек Сабалұлы) қолжазбасы, фольклортанушы Мардан Байділдаевтың материалдары және өзінің жеке қолжазба мұралары бар. Сондай-ақ ақын, жырау, күйші Сүбебек Нұрбаевтың «Ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі жаугершілік дәуірді сипаттайтын, батырлық эпос үлгісінде жазылған 9 мың жолдық жыр-дастанының қолжазбасын оның қызы Инабат Абжанова табыстады. Бұл – қазақ халқының тарихи жады үшін аса құнды туынды, – деді ол.
Мамандар үшін ең алдымен материалдың түпнұсқалығына көз жеткізу маңызды. Оның арнайы әдістері де бар. Гүлшат ханымның сөзінше, біріншіден, қолжазбаға палеографиялық талдау жасалады. Мұнда жазудың стилі, әріптердің формасы мен орфографиялық ерекшеліктері қарастырылады. Әр дәуірдің өзіне тән жазу үлгісі бар болғандықтан, бұл әдіс қолжазба мерзімін анықтаудың ең сенімді жолы саналады.
Руханият ордасының ұжымы келер жылы даму сатысын одан әрі ілгерілету мақсатында бірнеше стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға ниетті. Тарихи мекеме Республикалық Бас кітапхана ретінде алдағы уақытта халықаралық аренада еліміздің кітапхана саласын таныстыруды көздеп отыр. Белгілі болғандай, 2026 жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Халықаралық кітапхана ассоциациялары мен мекемелері федерациясының 90-конгресі өтеді. Дәл осы ауқымды жиынға Қазақстан кітапханалары атынан бірлесіп қатысу жоспарланған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы