Жақында ғана Петропавл қаласында Qyzyljar Creative Center базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының 2025 жылға арналған ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындыларын шығару рәсіміне арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Аталған рәсім Академияның ғылыми-білім беру өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, оған басшылық құрамы, профессорлық-оқытушылық құрам, ғылыми бөлімшелердің өкілдері және құрметті қонақтар қатысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша, ынталандыру 12 номинация аясында кафедралар, циклдер, кафедра бастықтары мен олардың орынбасарлары, цикл бастықтары, сондай-ақ ғалымдар, аға оқытушылар мен оқытушылар арасында санаттар бойынша жүргізілді. Жеңімпаздар кубоктармен, дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен (сертификаттармен) марапатталды. Іс-шараның салтанатты атмосферасын әр номинацияға арнайы дайындалған облыстық филармония әртістерінің музыкалық нөмірлері айшықтай түсті.

Салтанатты жиында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі атынан СҚО әкімі аппаратының басшысы Руслан Қанатханұлы Әлішев құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Ұлттық ұлан академиясының өңір мен елдің ғылыми әлеуетін дамытудағы ерекше рөлін атап өтті:
«Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясы бүгінде тек әскери оқу орны ғана емес, сонымен қатар беделді ғылыми-білім беру орталығы болып саналады. Мұнда жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстары әскери ғылымның дамуына, күштік құрылымдардың кадрлық әлеуетін нығайтуға және жоғары білікті офицерлерді қалыптастыруға ықпал етеді. Ғылым мен білімді қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, ал Академия профессорлық-оқытушылық құрамының жетістіктері соның айқын дәлелі», — деп атап өтті Руслан Әлішев.

2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясында балдық-рейтингтік жүйеге (БРЖ) сәйкес кафедралар, циклдер және профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми-зерттеу қызметі нәтижелерін кешенді бағалау жүзеге асырылуда. Бұл жүйе ғылыми белсенділікті ынталандыруға, зерттеулер сапасын арттыруға және олардың нәтижелерін қызметтік-жауынгерлік қызмет тәжірибесіне енгізуге бағытталған.
Салтанатты бөлімді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының бастығы, полковник Артур Калиакпарович Токушевтің бағдарламалық баяндамасы жалғастырды. Ол офицерлік кадрларды даярлауда ғылымның стратегиялық маңызын және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтудағы рөлін атап өтті:
«Бүгінде ғылыми қызмет — әскери білім беру жүйесінің ажырамас әрі маңызды құрамдас бөлігі. Ғылым арқылы біз заманауи офицерді — ойлай алатын, аналитикалық тұрғыдан даярланған, жылдам өзгеретін жағдайларда негізделген шешім қабылдай білетін тұлғаны қалыптастырамыз. Кафедраларымыз бен оқытушыларымыздың жетістіктері — жүйелі, мақсатты және жауапты еңбектің нәтижесі», — деді Академия бастығы.

Іс-шара барысында негізгі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.
Кафедралар арасында жүлделі орындарға ие болғандар:
I орын — тыл кафедрасы (кафедра бастығы — полковник Набиев Таир Рамазанович);
II орын — әскери педагогика және психология кафедрасы (кафедра бастығы — полковник Серов Игорь Александрович);
III орын — жалпы білім беретін пәндер кафедрасы (кафедра бастығы — полковник Икласов Ерлик Ерсаинович).
Сонымен қатар ғылыми қызметті дамытуға қосқан жеке үлесі, жоғары жарияланымдық белсенділігі, ғылыми іс-шараларға қатысуы және ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жетістіктері үшін профессорлық-оқытушылық құрам қатарынан 26 әскери қызметші мен қызметкер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Салтанатты рәсім барысында ғылыми жарияланымдар саны, ғылыми конференцияларға қатысуы бойынша көшбасшыларға, сондай-ақ кафедралардың әскери-ғылыми үйірмелері аясында курсанттардың қол жеткізген жетістіктеріне ерекше назар аударылды. Бұл нәтижелер ғылыми дәстүрлердің сабақтастығын және білім алушылардың зерттеу қызметіне жоғары деңгейде тартылғанын айқын көрсетті.
Ұлттық ұлан академиясының ұжымы 2024 жылғы желтоқсанда қол қойылған өзара іс-қимыл туралы меморандум аясындағы жемісті ынтымақтастық үшін Qyzyljar Creative Center басшылығына, атап айтқанда Жанболат Мукановқа және мекеме ұжымына алғыстарын білдірді, сондай-ақ ғылыми-білім беру бастамаларын іске асыруға көрсеткен қолдауы үшін ризашылықтарын жеткізді.

Қорытындылай келе, Академия басшылығы әрбір номинация ғылымды дамытуға, ғылыми-зерттеулер сапасын арттыруға және оқу орнының ғылыми әлеуетін нығайтуға қосылған нақты үлесті көрсететінін атап өтті. Өткізілген іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының заманауи ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі ұстанымын дәйекті түрде нығайтып, жоғары білікті офицерлік кадрларды даярлауға және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келе жатқанын айқындады.
М.Е.Талапкер, лейтенант