Сәтбаев университетінде студенттердің кәсіби білімі мен практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған жаңа оқу-тәжірибелік зертхана – «Changan шеберханасы» ашылды. М. Тынышпаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебінде ашылған шеберхана Changan Automobile Group және Шыңжаң политехникалық коммуникациялар университетімен бірлескен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды.
Жаңа зертхана заманауи оқу-өндірістік және диагностикалық жабдықтармен, сондай-ақ арнайы бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған. Бұл студенттерге теориялық білімін нақты өндірістік технологиялармен ұштастырып, автомобиль инженериясының заманауи бағыттарын тәжірибе арқылы меңгеруге мүмкіндік береді.

«Changan шеберханасының» басты құндылығы – студенттердің нақты технологиялармен жұмыс істеп, заманауи автомобиль өндірісінде қолданылатын жабдықтарды тәжірибе жүзінде меңгеруінде», – деді Сәтбаев университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Мейрам Бегентаев.
Шеберханада білім алушылар электр жетектерімен, тартқыш аккумулятор батареяларымен және оларды басқару жүйелерімен, автомобильдің борттық электроникасымен, электрлі климаттық жүйелерімен, сондай-ақ руль күшейткішін электронды басқару жүйесімен жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар студенттер гибридті автомобильдердің техникалық жай-күйін диагностикалау дағдыларын меңгереді.

Мұндай практикалық орта болашақ инженерлер үшін кәсіби дағдыларын ерте қалыптастырып, өндірісте сұранысқа ие технологияларды тереңірек түсінуге жол ашады. Ал ғылыммен және техникалық ізденіспен айналысатын жастар үшін жаңа зертхана автомобиль инженериясындағы заманауи шешімдерді зерттеп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ.
Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық ынтымақтастық және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылды. Үшжақты келісім инженер мамандарды бірлесіп даярлауды, заманауи жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалануды, тәжірибе алмасуды және Қазақстанның автомобиль саласына қажетті кадрларды даярлауға техникалық қолдау көрсетуді көздейді.
«Changan шеберханасының» ашылуы студент үшін білімнің аудиториядан өндірістік ортаға шығуына жасалған нақты қадам. Мұнда әрбір тәжірибе жаңа дағдыға, әрбір зерттеу жаңа идеяға, ал әрбір технологиялық ізденіс болашақ инженердің кәсіби жолына бастайтын мүмкіндікке айналмақ.
