Бұл грантты іске асыру денсаулық сақтау саласындағы тұрақты қазақстан-жапон ынтымақтастығының бір бөлігі болды
Жапония Қазақстанға денсаулық сақтауды дамытуға 7 млн доллардан астам гранттық қолдау көрсетеді
istockphoto.com
95
оқылды

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Жапонияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иидзима Ясусама Абай облысында медициналық инфрақұрылымды дамытуға 1,087 млрд иен (7 млн АҚШ доллары) мөлшерінде жапон грантын беру туралы үкіметаралық келісімді іс жүзінде іске асыру мақсатында құжатқа қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Гранттық көмек «Семей медицина университеті» КеАҚ университеттік госпиталіне арналған жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды сатып алу үшін іске асырылатын болады.

Жоба госпитальды магниттік-резонанстық томографты (МРТ), компьютерлік томографты (КТ), эндоскопиялық, реанимациялық және өзге де жоғары технологиялық жабдықты қоса алғанда, заманауи диагностикалық және емдеу жүйелерімен жарақтандыруды көздейді.

Бұл өңірлік деңгейде, оның ішінде ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен пациенттерге арнайы әлеуметтік және гуманитарлық маңызы бар мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұл грантты іске асыру денсаулық сақтау саласындағы тұрақты қазақстан-жапон ынтымақтастығының бір бөлігі болды.

Жапония денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, базалық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және өңірлік теңсіздіктерді қысқартуға бағытталған «Шөп тамыры» адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі өтеусіз көмек бағдарламасы шеңберінде Қазақстанға қосымша қолдау көрсетеді.