Ақ-қызылдар 32 жастағы голкипермен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады.
«Қайраттың» бұрынғы негізгі қақпашысы «Ақтөбе» футбол клубына ауысты
88
оқылды

Қазақстандық тәжірибелі қақпашы Александр Заруцкий өзінің мансабын «Ақтөбе» футбол клубында жалғастырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ақ-қызылдар 32 жастағы голкипермен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады.

Клубтың ресми хабарламасында Заруцкийдің тәжірибесі мен сенімді ойыны ерекше аталып өтті:

«Александр қазақстандық жанкүйерлерге өзінің асқан шеберлігімен жақсы таныс. Өткен маусымда ол «Қайрат» сапында ойнап, команданың Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуына зор үлес қосты. Енді ол «Қобыланды батыр» стадионында ақ-қызыл түстерді адал қорғайтын болады», – делінген мәлімдемеде.

«Ақтөбе» клубы Заруцкийдің жаңа командасымен жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өз тәжірибесімен командаға үлес қосатынына сенім білдірді.

Осы орайда алматылық «Қайрат» клубы да Александр Заруцкиймен ресми түрде қоштасты. Клуб қақпашының келісімшарт мерзімі аяқталғанын мәлімдеп, оның үлесін ерекше атап өтті:

«Александр Заруцкий 2025 жылдың басында команда қатарына қосылып, чемпиондыққа елеулі үлес қосты. Оның сенімді ойыны еурокубоктың іріктеу кезеңіндегі жетістіктердің негізгі себептерінің бірі болды», – деп жазылған клуб хабарламасында.

 

Заруцкий «Қайрат» сапында 24 матч өткізіп, оның 9-ында қақпасын голдан аман сақтаған. Клуб оның шешуші сәттердегі сабырлылығы мен кәсіби шеберлігі бірнеше мәрте команданы қиын сәттерден құтқарғанын атап өтті.