Ол терең. Терең болатыны – тамыры бұдан талай ғасырлық тарихы бағзы замандарға тартады.
Ол қиын. Қиын болатыны – талай ғасырлық шежіре мен ескерткіштер тілі бүгінгі ХХІ ғасыр ұрпағы тұрмақ, өткен ғасырда зерттеудің классикалық үлгілері айқындалған заманда онымен айналысушылар саны саусақпен санарлық болды, себебі тарихи жадты қалпына келтіру оңай емес.
Ол өміршең. Өміршең болатыны қатаң шектеу, жабық саясат заманында да онымен айналысушылар, оған қызығушылар буыны үзілмеді. Ал қазіргі кездегі ашық рухани кеңістік, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени интеграция, шекарасыз ақпараттық технология оның көкжиегін кеңейтіп, қарқынын арттыра түсті. Бұл сала – әрине, түркітану.
Қазіргі заманымыздың белгілі түркітанушысы,профессор Шәкір Ибраев «Түркология пәндерінің көш басында тіл білімі бастаған фольклор, әдебиет, тарих және этнография сияқты ғылым салалары орныққан... Ғажайып тас қашау жазуларды оқуға деген құштарлық алдымен түрік тілдерінің өткен тарихына, сосын бүгінгі ахуалына қызығушылық тудырды. Нәтижесінде түркология іс жүзінде тіл білімі ретінде қалыптасты. Бұл дәстүрдің дені әлі жалғасуда», – дейді. Расында да, әлемдік түркітану, кеңестік түркітану, қазақстандық түркітану деңгейінен қарағанда, өзге салалардан гөрі тіл білімінде осы саланы дамытуға үлес қосқан А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, Ғ.Айдаров, Ә.Қайдар, Ә.Құрышжанұлы, Р. Сыздық, А. Аманжолов, Б. Сағындықұлы, Ж.Түймебаев, Е. Қажыбек, Ж. Манкеева және тағы басқа ғалымдардың есімі ерекше аталады. Бұл абыройлы істі орта буындағы замандастарымыз да жалғастырып келеді.
Қазақ тілі – сол түркологияның бір тармағы болғандықтан, тілдік категорияларды зерделеуде өз зерттеу нысанын бір тіл аясында ғана емес, тамыры терең түркі тілдерімен сабақтастыра қарастыратын зерттеушілеріміз де аз емес. Соның бірі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова. Қазақ тіл біліміне синтаксистің әйгілі сардарлары профессорлар Әбжаппар Аблақұлы дайындаған алғашқы ғылым кандидаты, Рақыш Әмір дайындаған алғашқы ғылым докторы ретінде танылған Тыныштық Нұрдәулетқызының түркология саласына қатысын санамалап айтқанды жөн көрдік.
Бірінші, ғылыми-зерттеу еңбектері бойынша. Т. Ермекова қазіргі қазақ грамматикасының маманы болғанымен, студент, аспирант кезінде білім алған әйгілі түркітанушы ғалымдар Ғұбайдолла Айдаров, Әбжан Құрышжанұлы, Сейілбек Исаев, Әбжаппар Әблақовтардың мазмұнды дәрістерін тыңдағандықтан болар, зерттеудің синхронды, диахронды әдістерін қатар пайдалана отырып, өзінің зерттеу тақырыбын тек қазіргі заман тұрғысынан емес, оның тереңіне бара білді. Айталық, кандидаттық диссертациясы – «Қазіргі қазақ тіліндегі есім баяндауыштар». Бұл еңбекте есім баяндауышты сөйлемдердің қалыптасып даму эволюциясы, осы мәселеге қатысты түркологиядағы көзқарастарды саралай келе, «Есім баяндауышты сөйлемдер – етістік баяндауышты сөйлемдердің даму эволюциясының нәтижесі» деген пікірдің біржақты екенін профессор Қ. Жұбанов, Н.Баскаков, А.Кононов бастаған ғалымдардың пікіріне және көне түркі жазбаларындағы нақты тілдік дәйектерді келтіре отырып, о баста түркі сөйлемдерінің есім негізді болғанын дәлелдейді. Еңбектің тағы бір жаңалығы: баяндауыштық тұлға ұғымына анықтама беріледі. Баяндауыш функциясын атқарып тұрған сөздің сыртқы морфологиялық құрамындағы көрсеткіштің бәрін баяндауыштық тұлға деп танитын жаңсақ пікірді ұстазы профессор С. Исаев «грамматикалық форма мен грамматикалық мағынаның сәйкестігі» қағидасына сала отырып, қолданыстағы оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, атау, түбір тұлға да, тәуелдік, көптік, септік жалғауы да, тіпті -нікі, -дікі, - тікі тұлғасы да емес, жіктік жалғауы екендігін дәлелдеп шығады. Грамматикаларда берілетін есім баяндауыштар, оның грамматикалық тұлғасы, жұмсалымы мен классификациясына байланысты түркологияда қалыптасқан көзқарастарға талдау жасап, өзіндік жаңа тұжырымдар ұсынған еңбек. Монографияда есім баяндауыштардың қалыптасып, дамуы диахронды аспектіде талданса, түркітанудағы аталған мәселеге қатысты көзқарастар тарихи-салыстырмалы және сипаттамалы әдістер арқылы талданып, түркі сөйлемдерінің есім негізділігі дәйектеледі, баяндауыштық тұлға – сөздің морфологиялық құрылымындағы соңғы тұрған қосымшаның бәрі емес, тек сол сөзді баяндауыш функциясын атқаруға негіз болатын форма екені нақты мысалдармен дәлелденіп, есім баяндауыштардың классификациясы ұсынылды.
Құрмалас сөйлемдерге қатысты докторлық диссертациясында да құрмалас сөйлемдердің көне түркі ескерткіштеріндегі көрінісін, мұндай сөйлемдердің қалыптасып дамуына байланысты А. Рифтин, Ф. Корш, Э. Севортян, Н. Сауранбаев, А. Абдуллаев, Н. Гаджиева, тағы басқа ғалымдардың көзқарастарын салыстыра келе, құрмалас сөйлемнің даму эволюциясында «паратаксис – гипотаксис» бағытынан басқа да, сөйлем деңгейінде көрінетін синтаксистік деривация, синтаксистік трансформация құбылыстарының ықпалымен қалыптасатын түрлерінің бар екенін дәлелдейді.
Т.Ермекова өзі басқарған Қазақ тіл білімі кафедрасына түркологияға қатысты алғаш жоба ұтып алуымен, осы салада өзіне ізбасар шәкірттер тәрбиелеумен де көзге түсті. Оның қоржынындағы 13 жобаның екеуінің түркітануға тікелей, қалғанының жанама қатысы бар. Тікелей қатысты жобалары: халықаралық Түркі академиясында орындалған «Түркологиялық ақпараттық кеңістік: электрондық библиографиялық көрсеткіштер жүйесі», ҚР БжҒМ (2012-2014); «Мәдениеттер тоғысындағы қазіргі түркі тілдерінің сөзжасамы: өзара ықпалдастық және даму үдерісі» (2015-2017) тақырыбындағы іргелі жобалардың бірінің орындаушысы, бірінің жетекшісі ретінде зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Қазақстандық ғалымдарға Scopus, Thomson Reuters базаларына енетін халықаралық рецензияланатын журналдарға мақала жариялау туралы талап қойылғанда, алғашқы мақалаларында Т. Ермекова серіктес авторлармен бірге түркология мәселелерін көтерді. Сондай халықаралық рецензияланатын журналда жарық көрген мақаласының бірі «Орта ғасырлардағы түркі өркениетінің дамуындағы тарихи-лингвистикалық фактордың рөлі» деп аталады. Онда ғалым «әйгілі британ тарихшысы Арнольд Тойнби көрсеткен 12 өркениет тізбесінде неге түркі өркениеті жоқ? Өркениет өлшемі қандай болу керек?» деген сұрақтар қоя отырып, «өркениеттің басты өлшемдерінің бірі – жазу, жазба мұралар» деген тұжырымға сәйкес, ескі түркі дәуіріндегі көне түркі жазба ескерткіштерінен бастап, орта ғасырдағы жазба мұралар, орта ғасырлардағы қыпшақ тілінің халықаралық мәртебесі сияқты тарихи факторларды алға тарта отырып, өркениеттер тізбесінде түркілер өркениеті өзінің лайықты орнын алуы керек деген тұжырым жасайды.
«Дауысты дыбыстар үйлесімі – түркі тілдерінің негізгі фонетикалық ережесі (International Journal of Environmental and Science Education)» атты зерттеу мақаласында түрік тілдеріндегі маңызды фонетикалық ереже ретінде дауыстардың үйлесімділігі (сингармонизм) жан-жақты талданады. Мұнда түркі тілдеріндегі сингармонизмнің соңғы өзгерістері лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлармен байланыстырыла талданады. Қазақ, түрік және өзбек тілдеріндегі дауыстарды салыстыру арқылы нақты фактілер негізінде фонемалардың жалпы және жеке ерекшеліктері айқындалған. Дауыстылар үйлесімінің белгілері айқындалып, соған сәйкес классификациясы ұсынылады. Ғалымның түркологияға байланысты отандық басылымдарда жарық көрген мақалалары, симпозиумдар мен халықаралық конференцияларда сөйлеген сөздері, сондай-ақ өзге университет студенттеріне оқыған дәрістері де түркологияның өзекті мәселелеріне арналған.
Екінші, академиялық сала бойынша айтар болсақ, жалпы университеттегі кафедралар – білім беру, ғылыми-зерттеу және инновациялық дамудың басты орталығы және негізгі драйвері екені белгілі. Ұзақ жылдар бойына кафедра басқарған кезде Т. Ермекова білім бағдарламаларының мазмұнын жаңғыртып, магистратура, докторантура бойынша жаңа білім бағдарламаларын ашып, университеттегі 3 сатылы білім беру жүйесіне бірден өткен университеттегі алғашқы кафедралардың бірі болды. Магистратура мен докторантура бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім бағдарламаларының Мемлекеттік стандартының авторлар құрамында болды. Ұстазы түркітанушы профессор Әбжан Құрышжан айтқан: «Өзі зерттеу нысаны етіп алған тақырыбының тарихына, түркологиядағы тамырына бойламаған адамнан жақсы маман шығуына күмәнданам» деген қағидалы сөзіне сүйене отырып, университеттерге арналған бағдарламаларға түркітануға қатысты пәндер енгізіп, өзі автор болған мектеп оқулықтарына да түркі дүниесінің рухани құндылықтарын енгізе білді.
Сондай-ақ өзі дәріс берген «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Түркі тілдерінің даму үдерісі», тағы басқа пәндері бойынша оқу құралдары мен силлабустарын дайындаған. Елімізде және Қырғызстан, Әзербайжан, Қытай, Түркия, Израиль, Франция, Сингапур, Англия сияқты шетелдерде өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға, семинарларға қатысып, мазмұнды баяндама жасаумен бірге өзі де кәсіби шыңдалудан өтті.
Академиялық ұтқырлық бағарламасы аясында Түркия, Қытай, Қырғыз Республикасы, АҚШ, Венгрия мемлекеттерінен түрколог ғалымдар шақырып, студент, магистрант, докторанттарға олардың дәрісін тыңдатса, сол елдермен білімгерлер алмасу жұмысы да сәтті жүзеге асырылды.
Үшінші, қоғамдық-ұйымдастырушылық сала бойынша атқарған қызметі туралы да ауыз толтырып айтуға әбден болады.
Бүгінде Қыздар университеті әлемнің 60-қа жуық университетімен тығыз ғылыми-академиялық байланыс орнатқан десек, бұл жұмыста да профессор Ермекованың үлесі бар. Университет сайтындағы материалдарда көрсетілгендей, бұл ынтымақтастықтың мәні: «Келісімдер студенттер мен оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді оқыту, жетекші ғалымдардың қонақ дәрістерін, сонымен қатар шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы бойынша PhD докторанттары мен магистранттарын шақыру, бірлескен ғылыми-зерттеулерді жүргізу, докторанттар үшін ғылыми тағылымдамалар және тағы басқа мәселелерін қарастырады», – дегенге саяды. Аталған университеттердің ішінде, әсіресе бір университетпен ерекше бауырластық, тығыз байланыс бар екенін түгел түркі жұрты біледі десек артық болмас. Ол – Түркияның Нигде Омер Халисдемир университеті. Ұстаздар мен білімгерлердің академиялық ұтқырлығы, шетелдік тағылымдама, бірлескен жобалар және жыл сайын түркі мемлекеттерін аралай, дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын халықаралық симпозиум. Ал осы байланыстың басы-қасында профессор Тыныштық Нұрдәулетқызы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Филология факультетінің шетел тілі мамандығы студенттеріне тегін (Түркия елшілігі қаржыландыратын) сабақ үйретіп жүрген Енвер Қапаған мырзаға барып: «Кафедрамыздың шетелмен байланысын орнатуымыз керек еді, қай университеттен келген едіңіз?» деген сұрақ сол кездегі екі университет басшылары Динар Нөкетаева мен Аднан Гөрер бейдің қосжақты меморандумына ұласып, күні бүгінге дейін сәтті жалғасын тауып келеді. Сол жылы кафедра профессорлары Жарқынбике Сүлейменова мен Гүлмира Абдирасилова Нигде университетіне аттанып, қызмет етіп, бұл байланыстың тереңдей түсуіне ықпал етті. Бұл байланыс халықаралық симпозиумға ұласып, жалғасын тауып келеді. Сол кезден бастап үзілмей келе жатқан қағиданың бірі – симпозиумға жауапты университет «Түбі бір түркіміз» фестивалін өткізеді. Профессор Ермекова басқаратын қазіргі қазақ тілі білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының ұстаздар қауымы мұрындық болған фестивальдың қазіргі кезде форматы сәл өзгергенімен, мазмұны сақталып келе жатқанын айтқанымыз абзал. Бұл фестиваль әншейін ән-күй, би бағдарламасы емес, бұл сол университеттің келген қонаққа құрметі, түбі бір түркі бабаларымызға тағзым, шын мәнінде, түркі бірлігін айшықты насихаттап, рухты көтеріп, санаға сілкініс жасайтын сәтті компоненті.
Профессордың ғылымды ұйымдастырудағы тағы бір нәтижелі еңбегі – Филология білім бағдарламасы бойынша ашылған Диссертациялық кеңес төрағасы ретінде кеңестің шетелдік мүшесі, докторанттарға шетелдік кеңесші тағайындау ісіне де белсенділігін айтуға болады.
Университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуды студенттің сапалы білім алуының құрамдас бөлігі деп санайтын Т. Ермекова өзі кафедра, факультет басшысы болған уақытта түркітануға, қазақ тіл білімі мен руханиятқа еңбегі сіңген тұлғаларға (А.Байтұрсынұлы, С. Исаев, Ә.Құрышжанұлы, Ә. Аблақов, Р. Сыздық, Ш. Беркімбаева) арналған атаулы кабинеттердің ашылуына да өз үлесін қосты.
Қорыта айтқанда, профессор Ермекованың 40 жылға жуық орта мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі аралықта отандық білім беру саласына, түркітану, оның ішінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданысына, қазақ лингвистикасының дәстүрлі бағыттарына да, жаңа бағыттарына да қалам тартып, тіл білімінің теориялық және қолданбалы мәселелерін қатар зерделеп, ұлттық ғылымның өрісін кеңейтудегі еңбегі зор. Оның зерттеулері ұлттық тілтанымның теориялық негіздерін нығайтып қана қоймай, цифрлық дәуірдегі қазақ тілінің дамуына, жаңа технологиялармен ықпалдасуына және халықаралық ғылыми қауымдастықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артуына маңызды үлес қосып келе жатқанын айрықша айтқымыз келеді.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы
Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик
